Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасын әзірлеу техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2009 жылғы 11 желтоқсанындағы № 27-нші шешімімен қабылданған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне негізделген.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, заң жобасы аясында техникалық регламенттердің, стандарттар мен нормативті-техникалық құжаттардың бірегей қорын құру көзделеді.
«Бұндағы мақсат кәсіпкерлік субъектілеріне толық ақпараттар ұсыну болып табылады. Бүгінгі күні қолданыста көптеген құжаттар, салалық мемлекеттік органдар әзірлеген басқа да техникалық құжаттар баршылық. Соның салдарынан біздің кәсіпкерлер нақты ақпарат алуда көптеген қиындықтарға ұшырап отыр», - дейді Қ. Төлеушин.
Вице-министрдің айтуынша, осындай кедергілерді болдырмау мақсатында заңнама жүзінде бірқатар жаңалықтар қарастырылуда. Атап айтқанда, сауданы оңтайландыру, кәсіпорындарға қаржылық ауыртпашылықты төмендету шаралары көзделіп, өнімдерге қатысты ілеспе құжаттар санын азайту жоспарлануда. Бұдан бөлек, стандарттарды әзірлеу жұмыстарын ғылыми-зерттеу қызметіне жатқызу жөнінде мәселе көтеріліп отыр. Өйткені, ғылыми-зерттеу саласында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мамандардың пайымынша, аталған шара кәсіпкерлердің өз бетінше стандарттар әзірлеуіне және жалпы бизнестің жұмысын белсендіруге ынталандыратын болады.