Индустрияландыру бағдарламасы: екінші бесжылдық белестері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Қазақстанды өсу мен өркендеудің дара даңғылына баcтап, сара соқпағына салып келеді. Экономиканы әртараптандыруды, әлем нарығындағы қазақстандық үлесті көбейтуді, сонымен қатар еліміздегі шағын және орта бизнестің мүмкіндігін мультипликациялауды көздеген бағдарлама бүгінде шикізат экспортының әлеуетін арттыруға да басымдық беруде.

Айта кетерлігі,  2010-2014 жылдарды қамтыған бірінші бесжылдық сәтті аяқталып, 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның екінші кезеңінде негiзгi  басымдық  индустрияландыру жобаларына бағытталған. Осы ретте, мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасының жаңа экономикалық жағдайдағы маңызын ерекше атап көрсеткен еді. «Индустрияландыру - жаңа экономикалық ахуалдағы біздің жұмысымыздың басты бағытының бірі. Осыдан 6 жыл бұрын еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бастаған болатынбыз. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптің өңдеу секторында мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген өнімнің 500-ге жуық мүлде жаңа түрлері шығарыла бастады. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлем елдерін шарпыған жаһандық дағдарыс жағдайында  ұлттық экономикадан сыртқы факторлардың теріс салдарын әртараптандыруды талап етеді. Сондықтан,  индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бастапқы кезеңі елдің ішкі өндірісі мен қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрінетін әлемдік экономикадағы түйткілдердің көбеюі кезеңімен сәйкес келді және соған орай бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл өзгерістердің басым бағыты экспортқа негізделетін салаларды күшейтуге қатысты. «Баршамыз көріп отырғандай, ел экономикасы тауарларымызға деген сұраныс пен бағаның төмендеуі арқылы көрініс тапқан зор сыртқы қысымды сезінуде. Елдегі экономикалық белсенділік көп жағдайда ауқымды мемлекеттік инвестициялар арқылы қолдау тауып отыр. Сондықтан қазіргі кезде экономика өсімінің жаңа көздерін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, алдағы жылдары Үкіметтің күш-қуатын экспортқа бағытталған басым салаларға шоғырландыру керек. Мысалы, олар өнеркәсіп саласында, азық-түлік өнімдері өндірісі, металлургия, машина жасау, агрохимия және мұнай химиясы өндірісі болуы тиіс. Қызмет көрсету саласында көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік-техникалық қызметтер және туризмге назар аудару керек. 2025 жылы шикізаттық емес экспортты 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыруға қол жеткізу қажет, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, ел экономикасында ауыл шаруашылығы саласы жетекші орын алуы себепті екінші бесжылдықта бұл саланы дамыту мәселесі де басты назарда болмақ. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын осы саладағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы ілгерілетуге болады деген ұсыныс айтты.

«Халыққа, жастарға, әсіресе ауылда өз ісін бастауға мүмкіндік беру керек. Бастапқы капитал алуды жеңілдетіп, шағын несие беру аясын ұлғайтқан дұрыс. Агроөнеркәсіп  кешеніне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде ол негізінен халықтың жеке үй шаруашылығынан тұрады. Өндіріс көлемі аз болғандықтан, олардың сақтауға, өңдеуге және өнімді өткізуге мүмкіндіктері жоқ. Олардың өнімдерін өңдеу және өткізуді қамтамасыз ету үшін осындай шаруашылықтардың басын біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперациясын жеделдетіп дамыту қажет», - деді Н. Назарбаев.  

Қорыта айтқанда, елімізде жүргізіліп жатқан бұл реформа қазіргі экономикалық ахуалда мемлекеттің дамуы үшін сапалы әрі қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді. Сол себепті екінші бесжылдықта ел болашағы үшін маңызды жобалар жүзеге асырылып,  алдағы уақытқа қойылған міндеттер мен жоспарлар орындалуы тиіс.