«Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Министрлер Кабинеті жұмысының алдағы негізгі басымдығы ретінде экономиканы әртараптандыру мәселесін атап өтті. Бұл ретте индустриялық-инновациялық дамудың жаңа бесжылдыққа арналған бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Онда өнеркәсіптің басым салалары айқындалып отыр. Жалпы, экономиканы әртараптандыру аса өзекті мәселе, өйткені өкінішке қарай Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығы өнеркәсіп пен экспорт құрылымындағы негізгі макроэкономикалық міндеттерді шеше алмады. Бағдарламаның нысаналы индикаторларының басым бөлігіне қол жеткізілмейін деп отыр», - деді Л. Мұзапарова.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаның макроэкономикалық нысаналы индикаторларының орындалмауындағы басты себептің бірі - қазақстандық өнеркәсіптік өндірістің сыртқы экономикалық конъюнктураға барынша тәуелділігінде. Соның ішінде мұнай мен металл нарығындағы сыртқы бағаларға барынша тәуелділік байқалады.
Бұл ретте институт сарапшысы «нысаналы көрсеткіштердің өзгеруіне Үкіметтің күш-жігеріне қарағанда әлемдік конъюнктурадағы өзгерістер көбірек үлес қосып жатқанын» алға тартады.
«Осыған байланысты 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші бесжылдық бағдарламасында нысаналы индикаторлар құрамы, өнеркәсіпті дамытудың басымдықтары, оларға мемлекеттік қолдаулар бастан-аяқ қайта қаралды. Бағдарламаның адресаты да нақты Қазақстанның өнеркәсіптік секторын жақсартуға әсер ете алатын инновациялық салаларға, ірі ауқымды экспортқа бағытталған кәсіпорындарға негізделіп, барынша ықшамдалып жинақталды», - дейді Л. Мұзапарова.
Бұл ретте институт өкілі әңгіме мұнай мен газ, тау-кен өнеркәсібі саласы жөнінде болып отырғанын алға тартады. «Президент атап өткеніндей, дәл осы салаларда жаңа кен орындарын барлаудың ауқымды жұмыстарын жүргізудің, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғыртудың маңызы зор», - деді институт директорының орынбасары.