Индустриялық-инновациялық бағыт - Қазақстанның даму моделінің негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дамыған елдер инновацияны дамытуды ертеректе бастап кеткен. Соның бірі ретінде бүгінде әлемдік экономикада көш бастап келе жатқан АҚШ-ты атап өтуге болады.

Қазақстанның да басымды мақсаттарының ең негізгісі - инновациялық жағдайды дамыту арқылы әлемдік экономикалық жүйеге Қазақстанның интеграциялануының нәтижелі жүйесін құру. Негізінен индустриялы-инновациялық бағыт дағдарыстан кейінгі Қазақстанның даму моделінің негізі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа кезең - жаңа экономика» атты мақаласында: «Жаңа экономика кең тұрғыда - бұл жоғары технологиялар, ғылымды көп қажет ететін, барлық салалар мен сегменттерде инновациялармен каныққан экономика. Экономикадан интеллектуалдық ресурстарға, ғылымды көп қажет ететін және ақпараттық технологияларға негізделген осынау сапалық басқа құбылысқа көшу әлемдік шаруашылықтың барынша маңызды үрдістерінің біріне айналды», - деген сөздері еліміздің бүгінгі күнінің даму бағытын сипаттайды.

Ақпараттық технологиялардың үздіксіз даму ғасырында, оларға ауысу және мемлекет пайдасына қолдану жан-жақты қолға алынып жатқан үрдіс екені мәлім. Өз кезегінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2011 жылы болашақта цифрлық ақпараттық технологиялар дәуірі келетінін болжап айтқан болатын. Соған сәйкес оны жан-жақты қамтып, қорғау - мемлекет еншісінде. Себебі Қазақстанның цифрлық экономикаға ауысуы сапалы ақпараттық өнімді талап етеді. Бұл дегеніміз бірнеше ақпарат жүйесін қамтитын электрондық есептеуіш машиналарын, интегралдық микросызба топологияларын, ашылмаған ақпарат, оның ішінде өндіріс құпияларын мемлекет тарапынан жоғарғы деңгейде құқықтық қорғау. Сол себепті бұл жүйелер зияткерлік меншік   құралының объектілеріне айналып отыр. Бұл бағыт бойынша зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы толыққанды жетілдіру жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекеттің бұл бағыттағы нақты міндеті - барынша зияткерлік шығармашылықты көтермелеу,  сондай-ақ тиімді авторлық құқықтарды қорғау арқылы және қосарлас қалыптасуы мен Қазақстанға жаңа инвестициялардың ағымын тарту.

Кез келген азаматтың зияткерлік меншік обьектісі Конституцияға сай заңмен қорғалады. Біздің елімізде Қазақстан азаматтарымен қатар шетел азаматтарының  да зияткерлік меншік құқығы халықаралық келісім шарттарға сәйкес  заң алдында тепе-тең дәрежеде қорғалуда. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының зияткерлік саладағы жетістіктері халықаралық ұйымдарға мүше мемлекеттердің барлығында да бірдей қорғалады. Азаматтардың зияткерлік меншігін қорғау арқылы мемлекет олардың шығармашылық өрістің дамуын, сол арқылы ел экономикасының дамуына кепіл болып отыр. Мемлекеттік органдар қазіргі күнде зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатыр.

Өз құқықтары бұзылған құқық иелері сотқа немесе әділет органдарының аумақтық органдарына немесе арнайы құрылған мүліктік құқықты реттейтін және қорғайтын қоғамдық ұйымдарға жүгінуіне болады. Осылайша, зияткерлік меншік саласындағы қазақстандық заң оның қорғалу құқығының тиісті деңгейде қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады, себебі заман талабына және қажеттілігіне орай зияткерлік меншіктің жаңа объектілері, оларды пайдаланудың жаңа тәсілдері пайда болуда. Осы салада заңның жетілдірілуі- шексіз үдеріс. Зияткерлік меншіктің қорғанысы әлемде елдің ахуалын анықтайтын маңызды факторларының бірі болып табылады. 

Қазақстан Республикасы әлемдік дамыған отыз мемлекет қатарына қосылу үшін Президентіміз жылда жоспарланатын жолдауында болашақ даму процесстерін болжап, оны алдын ала көрсетіп, ғылым мен ақпараттық технологиялардың дамуына шексіз мүмкіндіктерге жол ашуда.

Алматы қаласы Әділет департаментінің жетекші маманы Маликов К.Х