18:40, 20 Мамыр 2009
Индустриялық жобалардың нәтижесiнде 2010 жылға қарай елордадағы өндiрiс көлемi екi есе арттырылмақ
Астана. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Елордада экономиканы әртараптандыру және өндiрiстік кәсiпорындардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында Индустриялық паркке инвестициялық жобаларды орналастыру одан әрi жалғаса береді.
Бүгiнде Индустриялық парктiң аумағында жалпы сомасы 120 млрд теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның төртеуi - «серпiндi» жоба. Жобалар сәтiмен iске асса, 2010 жылға қарай өндiрiс көлемi екi есе арттырылмақ. Атап айтқанда, гофрокартон, бетон, бетонға арналған қоспалар, құрғақ қоспалар, құрылыс шынысынан жасалған бұйымдар, сәулет-құрылыс бұйымдарын, жылдам құрылатын үйлер шығару, желiмдiк зат және лифт құралдарын, эскалаторлар мен металл құрылымдарын, автоматикалық жылдамдық өлшеу құралын, премиум-класты автомобиль шиналарын, поликристалл кремнийiн өндеу, локомотив құрастыру, жиһаз, спирт, алкогольсiз сусындар өндiрiсiн ұйымдастыру жоспарланады. Аталған шаралар Астананың өсiп-қалыптасу үстiнде екенiн көрсетедi. Онжылдық белеске шыққан елордада оңды iстер мен толымды жұмыс жасалды. Өткен жылғы әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштер жаман болған жоқ. Саусақ бүгiп санасақ, атқарылған iстiң қай-қайсысы да «ең басты» деуге тұрарлық. Дегенмен, қаланың керегесiн кеңейткен жаңа Есiл ауданының құрылуы өзгеше жаңалық болды. Жалпы аумағы 31,2 мың гектарды қамтитын жаңа ауданда ұйымдастыру шаралары толық шешiлдi. Қалада өнеркәсiп, шағын және орта кәсiпкерлiк, құрылыс, жер, жол және көлiк қатынасы, энергетика мен экология, әлеуметтiк саясат және тұрғындардың әл-ауқаты, бiлiм беру, денсаулық сақтау сынды маңызды салаларды ақсатып алмас үшін қарымды қолдау жасалды. Елорданың әкiмi Иманғали Тасмағамбетов 2008 жыл бойынша әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысын жасау барысында есептi кезеңнiң маңыздылығын атап айта келiп, қала экономикасына дағдарыс елеулi әсер еткенiн айтты. «Алайда, бiз қаланың әлеуметтiк-экономикалық даму балансын сақтауға қол жеткiздiк. Макроэкономикалық көрсеткiштер осының дәлелi», деді қала басшысы.
Сонымен, өткен жылы Астанада өнеркәсiптiк өнiм өндiру көлемi 84,1 пайызды құрады. Шығарылған өнiм көлемi, жұмыс және қызмет көрсету ? 270 млрд теңге, өткен жылға қарағанда 4,2 пайызға жоғарылады. Негiзгi капиталдағы инвестиция көлемiнiң аздап төмендеуiне қарамастан, бюджетке түскен салық түсiмiнiң көлемi 496 млрд теңгеге жеттi. Қаржыландырудың барлық көздерi есебiнен 1 миллион 250 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берiлдi. Нәтижесiнде өткен жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда 5,4 пайызға көтерiлдi.
Қала басшылығының дағдарысқа қарсы қабылданған шаралары мен әлеуметтiк-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға арналған Муниципалды бағдарлама ережелерi назар аударарлық. Бағдарламаның маңызды әрi басты бағыты - шағын және орта бизнеске қолдау көрсету. Оны несиелендiруге мемлекет қаржысынан 30 миллиардқа жуық қаржы қарастырылды. Осы және өзге де шаралардың нәтижесiнде үстiмiздегi жылы кәсiпкерлiк саланың шығаратын өнiмдерiнiң көлемi 313,2 млрд теңгеге өседi деп күтiлуде. Жалпы, аталған Бағдарлама нақты экономика секторындағы қаржы айналымын толықтыру және инвестициялық қуатты сақтап тұруға бағытталады. Құрылыс секторын тұрақтандыруға және үлескерлер мәселесiн шешуге, қала мекемелерiндегi қысқартулар мен жалақы қарызының өсуiне жол бермеуге жұмсалады. Сондай-ақ, бюджет шығындарын оңтайландырып, салық жинауды жоғарылату һәм инфляция деңгейiн ұстап тұру көзделген. Астана әкiмiнiң айтуынша, қиындықтарға қарамастан, әлеуметтiк саланы жылдан жылға мемлекеттiк қаржыландыру нақты өсiп келедi. 2009 жылы дамытуға арналған жинақталған шығын 28 млрд теңгенi құрайды, ол 2008 жылға қарағанда 14 пайызға жоғары.
Халықты әлеуметтiк қорғау және кедейшiлiктi төмендету жөнiнде бiрқатар оңды шаралар атқарылды. 2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жергiлiктi бюджеттен бөлiнетiн әлеуметтiк төлемдердiң жалпы сомасы 1 326 052,7 мың теңгенi құрады. «Жергiлiктi өкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 950 967,2 мың теңгеге әлеуметтiк көмек көрсетiлдi. Барлық әлеуметтiк көмек ақшалай төлем ретiнде берiлдi. Атап айтқанда, 18 жасқа дейiнгi балаларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақыға 15 829,4 мың теңге бөлiндi. Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек ? 36 183,2 мың теңге болды. Тұрғын үй жәрдемақы үшiн 48 748,3 мың теңге бөлiнсе, Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге және майданда қаза тапқан адамдардың жесiрлерiне тұрғын үйлерiн күтiп ұстауға 100 792,1 мың теңге берiлдi.Дегенмен, қалада шешуiн күткен мәселе шашетектен. Әсiресе, күн санап халқы өсiп келе жатқан қалада қазiргi күнi балабақшалар аса қажет. Осы күннiң өзiнде кезек күткен 25 мыңға тарта сәбидiң ересектерiне балабақшадан гөрi, мектеп жақын болып тұр. Әкiмдiктiң есебiнше, соңғы үш жылда осы мәселенi жеңiлдету үшiн 28 балабақша керек. Сонымен бiрге «100 мектеп» жобасы аясында әрқайсысы 1200 орындық 8 мектептiң қабырғасы көтерiлетiн болады. 2011 жылы жалпы бiлiм беруге арналған 27 мектеп құрылысы жоспарлануда. Өткен есептi жыл кезеңiнде 150 аула жаңартылып, 120 лифт ауыстырылды, 188 тұрғын үйдiң сырт келбетi және 97 жертөле жөнделдi. Рас, бұл iс-шаралар кез-келген елдiң, кез келген шаһарындағы күнделiктi әрi мiндеттi атқарылуға тиiстi жұмыстар. Дегенмен, Астананың жөнi бөлек. Бiр жағынан, қым-қуыт тiрлiктiң үдесiнен шығу үшiн, екiншiден, өзгелердiң он жылда атқаратын шаруасын бiр жылда еңсеру үшiн табандап емес, қарыштап жүрiп еңбектенуге тура келедi. Сонымен, осыдан он жыл бұрын қандай едiк, бүгiнгi таңда не бiтiрген екенбiз, салыстырып көрелiк... Тұрмыстың тұрғысынан қарасақ, он жыл бұрын заман да, қоғам да, адамдардың өз талғамы мен талабы да аздап қарапайым едi. Мәселен, он жыл бұрын үстел үстiнен тапжылмайтын ақ, қара телефон аппараттары арадай ызыңдап, қалта телефонына, яғни ұялы байланыс құралына айналып, еңбектеген баладан еңкейген қарияның қолына көшедi деп кiм ойлады? «Дөңгеленген дүние төрiмiзде» деп жүргенде домалақ жердiң тәмам халқын желiге байлаған қасқа құлындай етiп, интернетке телiп қойды. «Шет елде көшедегi темiр жәшiктен күн демей, түн демей, ақшаңды алып жүре бересiң»-дi құлақ естушi едi, құлақ естiген басымызға, одан қасымызға келiп, қалтасында электронды төлем кәртiшкесiнiң түр-түрi бар қазақ банкоматтарды «шекесiнен шертiп» жүретiн болды. Бабаларымыз қара тақтаны қолымен ұстап көрмесе де, балаларымыз интерактивтi тақтада қараны да, ханды да жаңылдыруды «iштен бiлiп» туып жатыр. Бұл, демек, сананың азаттығы! Осы он жылды қала қалай еңсерiптi, жекелеген мәлiметтерге қарайықшы:
Басты олжамыз - адамдарымыз. Iңгәлаған елорда санақшыларды есептен жаңылдыра бастады. Қалалық Статистика басқармасының наурыз айының басында шығарған есебiне қарағанда, елорда тұрғындары 648 311 адам болып едi, ендi алты жүз елу мыңға тартып қалдық. Он жыл бұрын бұл жердi 219 мың адам мекен ететiн. 1998 жылы бар болғаны 136 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы пайдалануға берiлiптi. Он жыл өткен соң оның от орнындай орнымыз ошақ орнындай өсiп, 1 миллион 250 мың шаршы метрге астық. Ендi, ол кезде аймақтық жалпы өнiм 44 миллиард теңгеден көбеймептi. 2008 жылы аттай 600 миллиард болған соң, құлашты кеңiнен сермеймiз ғой. Әу баста қаланың бюджетi 9,5 миллиард теңгеден он жылда өсiп, 270 миллиард болды. Кәсiпкерлiк салада 7 716 шағын бизнес өкiлдерi тiрлiк ететiн. Он жыл бұрын олардың саны 9 есе өсiп, 66 056 бiрлiкке көбейдi. 1998 жылы қалалықтардың орташа жалақысы 12 мың теңгеге бiрде жетiп, бiрде жетпейтiн. Ал кәзiр орташа айлық 80 мыңның шамасында. Жұмыссыздар 2,5 пайыз едi, ендi 0,6 пайызға түстi. Әлеуметтiк жәрдемақы 105 миллион теңге болса, бүгiн миллиард теңгеден асып түстi. Астана қаласы саяси-әкiмшiлiк орталығынан мәдени-рухани ордаға айналып келедi. Оның бiр көрiнiсi - 1998 жылы осы салада 605 адам еңбек етсе, 2008 жылы 1950 маман тiркелдi. Iргелi медицианлық ұйымдар саны 35 болатын. Былтыр олардың саны 50-ге көтерiлдi. Он жыл бұрынғы 37 мектептiң бiреуi ғана қазақша болатын. Бүгiнде 62 мектептiң 20-сы қазақ тiлiнде оқытады.
Осынау жетiстiктердiң нәтижесiндей, былтырғы Астана тойы халықаралық деңгейдегi елеулi оқиға болды. Дегенмен, Елбасы қала басшылығына әлеуметтiк жауапкершiлiктiң салмағы бұдан ауырлайтынын ескерттi. Елордалықтар қай жағынан алғанда да басқа өңiрлерге үлгi болуы, ең бастысы - қала қауiпсiз, әрi ыңғайлы мекен болуы керек. Сонымен қатар, астаналықтар да өздерi үшiн атқарылып жатқан шараларға дем берiп, тиiсiнше бұқаралақ қолдау жасауға тиiс. Әкiм ақпанда халық алдында мына мәселенi ашып айтты. Электр қуатын жеткiзу мен тасымалдау бағасының өсуiне байланысты, қосымша құн салығын қоса есептегенде, кВт/сағаты 5,95 теңге болады. Яғни, оның құны бар-жоғы 29 тиынға өстi деген сөз. Сондай-ақ, қолға алынған жекелеген шараларға сай, қатты отынның бағасы өстi. Тұрғындар екiншi тоқсаннан бастап жылуға шаршы метрiне 66 тиыннан 71 тиын, яғни 7 пайыз артық төлемек. Басқа тарифтарға биыл баға көтерiлмейдi. Айналып келгенде, бұл шаралар егер дағдарыс созылып кеткен жағдайда қалада әлеуметтiк-экономикалық ахуалды тиiсiнше сақтап тұруға бағытталып отыр.
Астана әзiрге дотацияда отырған аймақтың бiрi екенi бәрiмiздің қаперiмiзде. Демек, негiзгi екi мәселенi - қаланың кешендi дамуы мен коммуналдық шаруашылықты өркендету бағытын тең ұстау мiндетi тұр. Мәселен, 2008 жылғы қаланың бюджетiнде 14 миллиард теңге тұрғын үйдi дамытуға берiлдi. Ал 2009 жылғы республикалық бюджеттен Астанаға 79 349 440 мың теңге сомасында нақты трансферттер бөлу көзделген. Оның iшiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы наурыздың 6-сындағы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауына сай, Iс-шаралар жоспарына, яғни «Жол картасын» iске асыруға 7 138 007 мың теңге қарастырды. Оның iшiнде қала экономикасын тұрақтандыруға 5 040 191 мың теңге, инвестициялық жобаларды iске асыруға 66 714 869 мың теңге, денсаулық сақтауға, әлеуметтiк қорғауға арналған ағымдағы трансферттер үшiн 456 373 мың теңге бөлiндi.
Еуразия кiндiгiнде, Батыс пен Шығысты жалғап жатқан Астана қай жағынан алғанда да сәндi де салтанатты, мәндi де мәдениеттi қалаға айналуына толық негiз бар. Соған сәйкес жобалар және жоспарлар да жеткiлiктi.