Отбасылық шығынның 47-57%-ы азық-түлікке кетеді
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қазақстандық отбасылар тұтынушылық шығынының шамамен 47–57%-ын азық-түлікке жұмсаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, дамыған елдерде азық-түлікке кететін қаржының үлесі әдетте 10–15%-ды құрайды.
Экономист Расул Рысмамбетов инфляцияның бәсеңдеуі бағаның төмендеуін білдірмейді деген ой айтты.
– Инфляцияны тұрақтандыру бәрібір инфляция шеңберіндеміз дегенді білдіреді. Сондықтан бизнестің бағаны кем дегенде инфляция деңгейіне дейін көтеруі қалыпты жағдай. Бұдан бөлек, бағаның маусымдық сипаты да бар, қыс пен көктемде азық-түлік өнімі жиі қымбаттайды, – дейді сарапшы.
Қаржыгердің пікірінше, жұмыспен қамту және салық өзгерістері де қосымша әсер етіп, бизнестің еңбекақы төлеуге жұмсайтын шығынын арттырған көрінеді. Басқаша айтқанда, баға әлі өсіп жатыр, бірақ бұрынғыдай апталап «аспанға ұшып» жатқан жоқ.
Сонымен қатар елдегі инфляцияның құрылымдық сипатын есепке алу қажет.
– Өмір сүру құнына импортқа тәуелділік, еңбек өнімділігінің төмендігі және тарифтер әсер етеді, – деп есептейді Расул Рысмамбетов.
Қоғамда базалық қажеттілікке жұмсалатын шығын көбейсе, соғұрлым артық қаржы жинау қиын. Халықтың білім алуға, демалысқа, әл-ауқатын арттыратын іске қаражат салуы оңайға түспейді деген сөз.
Импорттың бағаға әсері
Қазақстан экономикасы сыртқы факторға байлаулы: азық-түлік, техника, киім-кешек, жабдықтар, өндіріске қажетті компоненттердің басым бөлігін шетелден сатып аламыз. Сондықтан теңге сәл әлсірей қалса, ішкі нарықтағы баға да бірден құбылады.
– Теңге бағамы төмендеген бойда импорт шамамен дәл сондай деңгейде қымбаттайды. Ал бұл инфляцияның жеделдеуіне алып келеді, – деп түсіндірді қаржыгер.
Мәселені билік те мойындап отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның азық-түлікке жатпайтын тұтыну себетінің 60%-ға жуығы импортқа, әсіресе Ресей мен Қытайға тәуелді. Мысалы, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болғандықтан, рубльдің нығаюы сырттан әкелінетін көптеген тауардың құнын арттыруда.
Отандық өнім неге қымбат?
Азық-түлік туралы сөз бола қалса, көптің көкейінде бір сұрақ туындайды: егер өнім ел ішінде өндірілсе, онда неге бағасы қымбаттайды? Сарапшылардың айтуынша, бұның себебі өзіндік құнға байланысты. Отандық кәсіпкерлер жалақы, жанармай, электр энергиясы, жалға алу, логистика және импорттық бөлшектердің шығынын төлейді, осыдан баға саясаты қалыптасады.
– Отандық тауарлар сөреге жеткенше қаншама жұмысшы еңбек етеді. Оларға жалақы керек. Егер кәсіпкер қызметкердің жалақысын көтергісі келсе, әрине, өнімнің бағасын өсіреді, – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Сонымен, еңбекақыға кететін кез келген төлем компаниялардың шығынын арттырады, ал бұл шығындар кейін ішінара тауарлар мен қызметтердің құнына ауысуы мүмкін. Дәл осы себепті жалақының өсуі үнемі әл-ауқаттың артуын білдірмейді.
Коммуналдық төлемдер тежеп тұр
Отбасылық бюджетке салмақ түсіретін тағы бір фактор – коммуналдық тарифтердің өсуі. Қазақстанда электр энергиясы, жылу, су және жанармай бағасын нарық реттейді. Сарапшылар инфрақұрылым мен коммуналдық секторға инвестиция тарту қажет деп отыр. Онсыз саладағы шығын халықтың есебінен өтеле бермек.
– Қазір коммуналдық қызметтерге төленетін қаржы отбасы бюджетінің қомақты бөлігін құрайды. Коммуналдық қызметтер нарықтық бағаға қарай бет алып барады, бұған дайындалу керек, – деп атап өтті Расул Рысмамбетов.
Маманның сөзінше, тарифтердің өсуі тек коммуналдық төлеммен шектелмейді. Электр энергиясы, жанармай және өзге де қызмет түрінің қымбаттауы бизнестің шығынын ұлғайтады. Кейін шығын тағы да тауар мен қызметтердің бағасына қосымша құн болып қосылады.
Статистикаға сенсек, азық-түлікке жұмсалатын шығынның артуы халықты үнемдеуге үйретуде. Қалаларда азық-түлікке жатпайтын шығындардың үлесі 26%-дан 22,2%-ға дейін қысқарған. Тұрғын үй жөндеу, тұрмыстық техника, телефон, автокөлікке арналған тауарлар секілді міндетті емес шығындар кейінгі орынға ысырылған.
Автокөлік тауарлары мен жанар-жағармайға жұмсалатын шығын – 30,2%-ға, телефондарға кететін қаржы – 19,1%-ға, тұрғын үй жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражат 19,3%-ға азайған.
Ауылда азық-түлік шығыны аз
Қала мен ауылдағы жағдай бірдей емес. Ауылда азық-түлікке кететін шығын салыстырмалы түрде аз. Сарапшылар мұны ауыл халқының өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуімен байланыстырады. Көптеген үйде қосалқы шаруашылық, мал басы және азық-түлік өндіруге мүмкіндік бар.
Дегенмен ауыл тұрғындары да қосымша шығыннан ада емес. Мысалы, елді мекенде сұйытылған газға жұмсалатын шығын 20,4%-ға артқан. Осы шығындардың орнын толтыру үшін ауыл халқы тұрмыстық техника, жөндеу жұмыстары мен үйге қажетті тауарлардан тартынып отыр.
Экономикалық өсім халық өміріне қалай әсер етеді?
Кейінгі жылдары Үкімет сауда үстемесі, делдалдар қызметі, жеткізу тізбегі секілді саланы бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері сауда заңнамасын бұзуға байланысты мыңдаған әкімшілік іс қозғалған.
Сарапшылардың пікірінше, логистикалық тізбектердің ашықтығын арттырып, делдалдардың жұмысын бақылау маңызды.
– Тауардың қозғалысын бақылау арқылы әкімшілік делдалдардың қай кезеңде араласатынын анықтауға болады, – дейді Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі мен азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы арасында белгілі бір уақыт алшақтығы болады.
– Егер ЖІӨ туралы айтсақ, ол бірнеше жыл қатарынан тұрақты түрде өсуі керек. Бір жылдың ішіндегі экономикалық өсім халықтың тұрмыс деңгейіне бірден әсер ете бермейді, – деп топшылады сарапшы.
Ескеретін жайт, біздегі экономикалық өсімнің елеулі бөлігі шикізат секторымен, экспортпен және ірі инфрақұрылымдық жобалармен байланысты. Алайда мұндай нәтиже халық табысына әрдайым тікелей әсер ете бермейді. Оған қоса инфляция жағдайында жалақының өсуі нарық бағасын «қуып жете алмай» жатады.
Алда не күтіп тұр?
Расул Рысмамбетовтің болжамынша, алдағы айларда инфляция жеделдеуі мүмкін, күзде біршама баяулайды.
Жалпы алғанда, қазір экономикалық үрдісті келте бағалау дұрыс емес. Инфляцияның баяулауының өзі макроэкономикалық жағдайдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді. Экономика жаңа жағдайға бейімделіп, ішкі өндіріс дамып, еңбек өнімділігі артып және инфрақұрылым жаңғыртылған сайын бағаға әсер ететін ішкі-сыртқы фактордың ықпалы әлсірей бермек.
Осылайша, үрдіс ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізін қалыптастырады. Кейін макроэкономикалық көрсеткіштер халықтың тұрмыс деңгейіне әсер ететін деңгейге көтеріледі.