– Биылғы ақпанда Мемлекет басшысы инфляцияны төмендетудің нақты тетігін әзірлеуді тапсырды. Қазір Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы бағытта кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспарды дайындап жатыр. Негізгі мақсат – 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіріп, кейін орта мерзімде көзделген көрсеткішке дейін біртіндеп төмендету. Бұл алгоритм қолданыстағы құжаттарға, ең алдымен 2026–2028 жылдары макроэкономиканы тұрақтандырудың бірлескен бағдарламасына енгізіледі. Алгоритм мына идеяға құрылған: қазіргі баға қысымының құрылымын ескеріп, инфляцияны тежеудің барлық мүмкіндігін пайдалану, - деді Ұлттық банктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомствоның атап өтуінше, қысқа мерзімде инфляцияны тек тікелей емес, жанама әсер арқылы да үдететін негізгі факторлар бар. Олар – реттелетін коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай бағасы. Сондықтан 2026 жылғы жедел шаралар осы бағыттарды бақылауға негізделеді. Ал Ұлттық банк инфляцияны баяулататын ақша-кредит саясатын жүргізеді.
– Үкімет қабылдап жатқан шараларға тоқталсақ, тариф саясаты бойынша бірінші тоқсанның аяғына дейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий жарияланды. Одан кейін тарифтер біртіндеп өседі, бірақ бақылауда болады және олардың инфляцияға әсері шектеледі. 2027–2028 жылдары тарифтерді «инфляция + 3–5%» қағидаты бойынша неғұрлым болжауға келетін тәсілмен индекстеуге көшу жоспарланып отыр. Үкімет жанаржағармай бойынша да осындай біртіндеп іске асырылатын және бақылаудағы тәсілді қолданып отыр. Мораторий аяқталғаннан кейін дизель мен бензин бағасы біртіндеп көтеріледі. Бұл шешімдердің инфляцияға әсері барынша шектеледі. Бұған қоса отын қорына бақылау күшейтіліп, шекарадағы қадағалау мен мұнай өнімдерін сыртқа шығаруды шектеу шаралары енгізіліп жатыр. Бұл ішкі нарықта қосымша қысым тудырмау үшін қажет, - делінген жауапта.
Қаржы реттеушісінің мәліметінше, Үкімет жұмысының тағы бір маңызды бағыты – азық-түлік инфляциясы. Халыққа ең қатты сезілетіні де осы. Бұл жерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бүкіл тізбегі қамтылған. Мұндай тауарлар тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Өндірушілер мен тасымалдаушыларға тариф жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорлары мен форвардтық сатып алу қолданылады, яғни негізгі мақсат – тек дүкен сөресіндегі бағаны ұстап тұру емес, шығынды азайтып, ұсынысты арттыру және маусымдық ауытқуларды жұмсарту.
– Бюджет тәртібін күшейту – Үкіметтің тағы бір маңызды тетігі. Алгоритмде фискалдық ынталандыруды бекітілген шектен асырмау керек екені нақты белгіленген. 2026 жылы республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5%-ына дейін, ал мұнайға тәуелсіз тапшылық 4,9%-ға дейін қысқаруға тиіс. Бұл ақша-кредит саясатының әсерін әлсіретіп алмау үшін қажет, яғни, инфляцияның тұрақты түрде төмендеуі барлық экономикалық саясаттың үйлесімді жұмысының нәтижесі болмақ, - деді еліміздің орталық банкі.
Ведомствоның атап өтуінше, Ұлттық банктің қолға алған негізгі бағыты – қалыпты қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу. Базалық ставкадан бөлек, сәуір мен қыркүйекте міндетті резерв талаптарын көтеру бойынша екінші және үшінші кезеңді өткізу жоспарланған. Бұл нарықтан шамамен 4 трлн теңге өтімділікті алып тастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар валюта нарығында алтын сатып алу бойынша «айналау» операциялары жалғасуда. Бұған қоса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп халықтың шамадан тыс қарыз жүктемесін шектеу мен кредиттеудің жылдам өсіп, «қызып кетіп жатқан» сегменттерін басу шаралары іске асырылып жатыр.
– Қабылданып жатқан шаралар нәтиже бере бастады: 2025 жылғы қыркүйекте 12,9% болған инфляция 2026 жылғы наурыз қорытындысы бойынша 11,0%-ға дейін төмендеді. Жалпы, бұл алгоритм қолданыстағы тетіктерді алмастырмайды, керісінше, оларды күшейтіп, инфляцияны тұрақты түрде төмендетудің нақты траекториясын айқындайды. Сонымен қатар міндетіміз 2026 жылғы қарқынды жұмыстармен бітпейді. Инфляцияны 2027–2028 жылдары одан әрі төмендету үшін орта мерзімдегі және құрылымдық факторлар шешуші рөл атқарады. Әсіресе квазимемлекеттік қолдау көлемі маңызды. Экономиканы қолдау сұранысты емес, өндіріс пен ұсынысты арттыратын жобаларға бағытталуға тиіс. Сондықтан жобаларды іріктеудің ашық критерийлері, даму институттарының қаржылық тұрақтылығы, қолдау көлемінің экономиканың мүмкіндігімен сәйкестігі және нарықтық тең қаржыландыруды барынша қолдану маңызды, - деді Ұлттық банктен.
Бұған дейін Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары инфляцияның баяулауына ықпал еткенін жазған едік.