Инновациялық индустрияландыру трендке айналуы тиіс - СҚО әкімі

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат- Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында Президенттiң биылғы Жолдауын талқылауға арналған облыс активiнiң жиналысы өтті, деп хабарлайда облыс әкімдігінің сайты.

Жиында экономиканы дамытуда инновациялық индустрияландыру трендiн күшейту және үйлестiру тақырыбы қызу талқыланды.

«Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында облыста көптеген маңызды жобалар жүзеге асты. Индустрияландыру картасы аясында 41,5 млрд. теңгенiң 30 жобасы облыс экономикасына серпiн қосты. Осы жұмыстың арқасында өңiрге 100 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды», -дейді облыс әкiмi Самат Ескендiров.

Елбасы қойған басты мiндеттердiң бiрi Қазақстанның геологиялық барлау саласын әлемдiк нарыққа шығару болып табылады. Бүгінде облыста қалайы, цирконий және уранның үлкен қоры бар. Қазiргi таңда Ақжар, Уәлиханов, Тайынша аудандарында пайдалы қазбаларды шығарып, өңдейтiн кәсiпорындар сәттi жұмыс iстеуде. Соның негізінде бұл саладағы өңiрдiң 49 компаниясы 2013 жылы облыс бюджетiне 250 млн. теңгенiң салығын құйды.

Сондай-ақ алқалы отырыста индустриалды-инновациялық даму басқармасына аймақ басшысы Самат Ескендiров индустрияландыру-инновациялық дамудың екiншi бесжылдығы жобасын әзiрлеудi тапсырды.