Интернет-дүкенде жұмыс істеген: Петропавлдық әйелден 300 грамм есірткі табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жедел іздестіру іс-шарасы барысында 36 жастағы әйел ұсталды. Ол есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық прокуратураның үйлестіруімен болған жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 36 жастағы Петропавл тұрғыны қолға түсті. Әйел интернет-дүкендердің бірінде жұмыс істеп, синтетикалық есірткіні буып-түюмен және таратумен айналысқан деген күдікке ілінді.

Ұсталғанның тұрғылықты жерін тінту кезінде 2 полимерлі ыдыс және сатуға дайындалған ішінде түйіршікті заты бар 109 полимерлік түйіншек, электронды таразы, «зиплок» пакеттері және есірткі сатушылардың басқа да құрал-жабдықтары тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың ішінде салмағы 155 грамнан асатын α-PVP синтетикалық есірткісі және салмағы 129 грамға жуық мефедрон болған. Бұдан басқа тәркіленген заттың арасында 50 грамм гашиш болды.

«Ұсталған әйел қазіргі уақытта қамауда отыр. Аталған факті ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі - «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Баптың санкциясына сәйкес, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында айналысқаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.