17:56, 21 Мамыр 2009
Интернет жүйесіндегі қазақстандық сегменттің қарқынды дамуы тиісті құқықтық қадағалауды қажет етеді ? Б.Маханбетәжиев
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы тек республиканың пікірталас алаңдарында ғана емес,
одан тысқары аумақтарда қызу талқылануда. Ұсынылып отырған өзгертулердің жай-жапсары мен басты мақсаты жайында ҚазАқпарат тілшілеріне берген сұхбатта ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің жауапты хатшысы Батыр Маханбетәжиев айтып берді. - Батыр Әпенұлы, мамырдың 13-і күні Мәжіліс екінші оқылымда ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге қатысты түзетулер жобасын мақұлдаған болатын. Бүгінде интернет кеңістікті құқықтық реттеу қаншалықты маңызды? - Заң жобасы интернет кеңістікті қадағалауға негізделмегенін түсінген маңызды. Ол тек интернет-ресурстарға ҚР заңдарының қолданылуын таратады. Оның негізгі мақсаты ? қоғамдық қатынастың аталмыш саласындағы азаматтары мен заңды тұлғалардың бостандығы мен конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Заң жобасын пысықтау кезінде әлемдік тәжірибеге, интернет жүйесі сегментін қадағалау бойынша 27 ел қолданып отырған халықаралық стандарттарға талдау жүргізілді. Заңнамаға сай барлық веб-сайттар 8 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріліп келді. Бұған дейінгі веб-сайттар таныстыру парақшалары ғана болып келді, ал қазір онда блог, чат, форум, интернет-дүкендер мен көптеген тағы басқалар орналасқан. Ақпарат және байланыс агенттігі қазнеттің техникалық тұсына жауапты орган ретінде, қазіргі веб-сайттар бұрынғы берілген анықтамаларға сәйкес келмейтіндіктен, бұл саланы тар ұғымға сыйдырып отырған ескі терминді интернет-ресурс терминіне ауыстыруды ұсынып отыр. Бұл Қазақстанда әлемдік ғаламтор қызметін қолданушылар санының арту үрдісімен де байланысты. Статистикаға сүйенсек, екі жыл бұрын олардың саны Қазақстан халқының жалпы санының 2,7 пайызын құраса, 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 14 пайыздың үстіне шықты. Интернетке қосылуға келісімшарттарға отырғандардың саны 1,2 миллионды құрап отыр. Және бұл тек абоненттер ғана екенін ескеріңіз. Бұл адамдардың отбасындағы интернетті қолданатын әр мүшесіне көбейте беріңіз. Оның үстіне, біз мұнда интернетті ұялы телефондар арқылы пайдаланатындардың санын есепке алып отырғанымыз жоқ. Ал ресми емес мәліметтерге сай, олардың саны 2,8 миллионнан асып жығылады. Осы тұста, қазақстандық интернеттің дамуымен қатар, виртуалды кеңістік арқылы жасалатын қылмыстардың саны да артып отырғанын тілге тиек еткен жөн. Үстіміздегі жылдың тек бірінші тоқсанының өзінде азаматтардың ар-ұжданы мен абыройын, авторлық құқығын қорғауға қатысты 37 қылмыстық істің өндірісі аяқталды. Ал 2008 жылы осы іспетті процесстердің жыл бойғы саны 10-ның ар-жақ бер-жағы ғана болды. Қазнеттің виртуалдық кеңістігінде тәртіп орнататын кез жетті. Мысал ретінде өздерінің іс-әрекеттерімен электрондық поштаны қолданушыларға айтарлықтай қолайсыздық тудырып отырған ? спамерлерді атап өту жеткілікті. Оларды ауыздықтау мүмкін емес, өйткені бізде заң жоқ. Бұл, интернет жүйесінде құқықтық реттеудің болмауы салдарынан туындап жатқан жағдайлардың бір ғана көрінісі. - Заң шеңберінде жұмыс істегісі келмеген интернет ресурстармен қалай күрес жүргізбексіздер? - Жүйеде Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін заңсыз ақпарат пайда болған жағдайда құзырлы мемлекеттік органдар аталмыш факті туралы біздің Агенттікті хабардар етеді. Бұдан кейінгі бірінші қадам - аталмыш ресурстың иесімен байланысқа шығып, оны сол ақпаратты алып тастауға шақырамыз. Егер өтінішіміз қанағаттандырылмаса, іске провайдер араласады. Провайдердің қауһары жетпеген жағдайда, құзырлы орган қосылады. «Ақпараттандыру туралы» Заңда: «Сот ақпараттық-коммуникациялық жүйелер арқылы таратылған ақпаратты, қолданыстағы заң мен басқа да заңнамалық актілердің талаптарына қайшы келеді деген шешім шығарған жағдайда, құзырлы мемлекеттік орган, байланыс операторы, интернет ресурстардың иелері Қазақстан Республикасының аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерінің шығарылымын тоқтатуға немесе уақытша тоқтатуға міндетті», делінген. Яғни мұнда, бүтін БАҚ-тың жұмысын тоқтату емес, нақты ақпараттық өнімнің таралуына тосқауыл қою қажеттігі туралы айтылғанына назар аударыңыз. Бұл жерде сот домендік және оны қайталаушы атаудың қолданысына үш айға дейін тыйым салуға құқылы. Бұқаралық ақпарат құралы үш айлық «жазадан» кейін де заңға кереғар келетін өнімдерді таратуды жалғастыратын болса, сот аталмыш интернет-ресурстың өнімдерінің таралуын тоқтатып, домендік және оны қайталаушы атауды қолдануға бір жылдық мерзімге тыйым салады. Дегенмен, бір жылдан кейін сайт иесі домендік атауды қайта тіркеуге өтініш бере алады. - Интернет кеңістікті құқықтық қадағалау тек «KZ» аумағындағы домендерге ғана тарала ма? - Жоқ. Біз заңсыз ақпараттардың шетелдік сайттарда да таралу ықтималдығын ескеріп отырмыз. Конституцияға қарсы ақпараттар орналастырылған жағдайда, әрине, сайттың иесін табу шаралары қолға алынады. Өкінішке қарай, бұл талпынысымыз көп жағдайда сәтсіз аяқталады. Егер сот заңға қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік интернет-ресурстың өнімін заңсыз деп таныса, бұл сайттың Қазақстан Республикасының аумағында таралуына тыйым салу, болмаса оны уақытша тоқтату туралы шешім қабылданады. Бұдан кейін құзырлы органдар сот шешімін орындауға кіріседі. - Интернет туралы заңды енгізу қажеттілігі қазнеттің қарқынды дамуымен байланысты. Оның қазіргі жағдайы туралы айтып берсеңіз? - Бүгінде ресми тіркелген домендік атаулардың саны 20-30 мыңға жетіп отыр. Ал соның ішіндегі нақты жұмыс істейтін сайттардың саны небәрі 5-6 мың. Бұл ретте, мемлекет интернетті дамытуға қатысты пәрменді шараларды қолға алып отырғандығын тілге тиек еткен жөн. Мәселен, ҚР Үкіметтінің 2008 жылғы сәуірдің 17-сіндегі қаулысымен Қазнетті қалыптастыру және дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған концепциясы бекітілді. Қазнет сөзсіз қарқын алу үстінде, болашақта біздің нарық үшін әлі күрес жүретін болады. Ғаламторды қолданушылардың санында табыс табу мүмкіндігі пайда болады. Мұнда ең бастысы ? жеке қазақстандық контентті дамыту. Өкінішке қарай, сапалы сайттар санының баяу өсуі әлі сақталып отыр. Бүгінгі күні қазнеттегі танымал ресурстардың саны оннан сәл асып шектеледі және олардың бағыттары негізінен саяси. Бірақ көңіл көтеретін, қызметтер мен тауарлар ұсынатын интернет-ресурстар кенжелеп келеді. Яғни әлемдік ғаламтор бизнес ретінде қарастырылып отырған жоқ. Бүгінде біз интернетті қолданушылардың 14 пайыздық көрсеткішіне (жалпы халық санының) халықтың әлемдік ғаламторға деген жалпы қызығушылығынан жетіп отырмыз. Ал екінші толқында, тұрақты қолданушыларға айналып үлгерген халық (олардың саны 40-50 пайызды құрайтын болады деп күтілуде) жаңалық порталдарымен ғана шектеліп қоймайды. Оларда интернеттің бизнеске қатысты басқа да мүмкіндіктеріне сұраныс пайда болады. Мысалға, шетелде үй тұрмысына немесе кеңсеге қажетті заттарға компьютерден алыстамай-ақ тапсырыс беруге болады. Қалаған затыңызды жеткізіп қана қоймай, оны өте тиімді бағаға орнатып та береді. - Әңгімеңізге рахмет!