«Бізде ең пайдалы қазбалардың 98 пайызын өндіру бойынша келісімшарт жасалып қойған. Иә, оларда өндіру жақсы жүріп жатыр, салық түсуде. Бірақ бұл қаншалықты ұзаққа созылады? Яғни, бізге минералды-шикізаттық базаны толықтыру қажет. Бүкіл әлемде мемлекеттің өзі минералды-шикізаттық базаны толықтырмайды. Бұл өте қымбатқа түседі әрі тәуекелі де жоғары сала. Қазіргі уақытта инвесторлар геологиялық барлау жасауға аса ынталы емес», - деді ол.
Мәселен, оның айтуынша, Инвестициялар және даму министрлігі 100 учаскені аукционға шығарып, бастапқыда тек 10-ы ғана өз иелерін тапқан.
«Бүгінгі күні 2017 жылғы жағдайға сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша 10-нан астам конкурс өткізіліп, қоры бекітілген барлық дерлік кен орындары өздерімен келісімшарт жасаушыларды тапты», - деді вице-министр.
Сондықтан да Тимур Тоқтабаевтың пікірінше, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы ырықтандыру қажеттілігі туындап отыр.
Бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қазақстанда барлауға жұмсалатын инвестиция көлемі 1 шаршы метрге шаққанда небәрі 7 долларды құрайтындығын, ал бұл көрсеткіш Австралияда 168, Канадада 203 долларға тең екендігін айтқан болатын .
«Қазақстан 1 шаршы метрді зерттеуге арналған шығындар көлемі бойынша көшбасшы елдерден 20 және одан да көп есе артта қалып отыр. Бізге шұғыл арада дәл осы геологиялық барлауға инвестиция тарту қажет. Жер қойнауы саласындағы заңнаманы әлемнің үздік тәжірибесіне сәйкестендірмей бұл мақсатқа қол жеткізе алмаймыз», - деді ол.