Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру: сауал мен жауап

АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат/- Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру төңірегінде көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ көп. Осыны ескеріп, ҚазАқпарат қайта қаржыландыру шарттарына байланысты азаматтарды толғандыратын, олар тарапынан жиі қойылатын маңызды сауалдарға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз қызметі әзірлеген тұшымды жауаптарды назарға тартады.

- Әлеуметтік статусы өзгерген адамдарға банк несие беру шартын да өзгертеді ме? Мәселен, мемлекеттік қызметкерліктен басқа қызметке ауыссам, банктің несие беру шарты қалай болмақ? - Жоқ, әлеуметтік статусы өзгерген адамдарға банк несие беру шартын өзгертпейді. Банк азаматтың қандай да бір категорияға жататынын тек әлеуметтік /жеңілдетілген/ несие алар кезде тексереді. Егер де қарыз алушы азамат Әлеуметтік несие алғаннан кейін, басқа жұмысқа ауысып кетсе, жұмысынан шығып қалса, яғни оның жаңа әлеуметтік статусы?жеңілдетілген несие алатын адамдарға сәйкес келмейтін болса, онда Банк бұл себепті пайдаланып, қайта қаржыландыру шарттарын өзгерте алмайды. - Кепілдік ретінде өзге адамның жылжымайтын мүлігін қойған азамат ипотекалық несиесін қайта қаржыландыра алады ма? - Тұрғын үй үшін банктен алған ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады. Тұрғын үй дегеніміз?жеке тұрғын үй (пәтер, жатақханадағы бөлме немесе жер үй). Қарыз алушының жекеменшік дүниесі немесе құрылысы әлі яқталмаған үйден үлескерлік келісім бойынша алған үлес. 2009 жылдың 14-сәуірінде Үкімет жиылысында «ҚР Үкіметінің 2008 жылдың 25-қарашасындағы № 1085 қаулысына және 2009 жылдың 17-ақпанындағы № 179 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Қаулы қабылданды. Бұл қаулыны қабылдау арқылы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бойынша біраз мәселелер шешілмек.Мәселен, өзгерістер енгізілгенге дейін қарыз алушы азамат ипотекалық несиесін қайта қаржыландыруға үміт арту үшін алған баспанасының қожайыны болуы тиіс еді, әрі кепілдікке сол дүние қойылуы қажет-тін. Ал өзгерістер енгізілгеннен кейін, «азаматқа сол несиеге алынған үй тиесілі болуы қажет» деген талап алынып тасталды. Ең бастысы? азаматтың қолында үйдің несиеге сатып алынғаны жайлы келісім болуы керек. Яғни, өзге адамның кепілдік қоюына жүгінген азаматтар да бұл бағдарламаға қатыса алады. - Егер де пәтердің жекеменшік құқығы зайыбымның атына тіркелсе, мен қарыз алушы ретінде банкке барып, қайта қаржыландыруға үміт арта аламын ба? - Иә. Мұндай жағдайда, егер пәтердің жекеменшік құқығы зайыбыңыздың атына тіркелсе, несиеңізді қайта қаржыландыру үшін банкке баруыңызға болады. Өйткені, 1998 жылдың 17-желтоқсанында қабылданған «Неке және отбасы туралы» Заңның 32-бабына, № 321-I тармағына сәйкес, некеде тұрған кезде бірлесіп жинаған мүлік отбасының бірлескен дүниесі болып есептелінеді. - Қайта қаржыландыру бағдарламасына «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы екінші дәрежелі банктерден алынған несиелер енеді ме? - «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы алынған несиені қайта қаржыландыруға еш тиым жоқ. Қор осы компаниядан өте жоғарғы ставкамен несие алған азаматтардың несиесін қайта қаржыландыруды ұсынады. Қазіргі күні банктер мен Қазақстан ипотекалық компаниясы арасында сондай қарыз алушы азаматтардың қайта қаржыландыру процесін жеңілдету үшін арнайы келісімдерге қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Алайда, 2005-2007 жылдар аралығында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында екінші дәрежелі банктерден несие алған азаматтардың қарызы қайта қаржыландырылмайды. Өйткені, олар мемлекеттен бұған дейін де қолдау көрген. Дегенмен, Қордың позициясы бойынша, «Қазақстан ипотекалық компаниясынан» 19,5 пайыздық өлшеммен несие алған адамдардың несиесін қайта қаржыландыру қажет. Негізгі қарызды қаржыландыру - Негізгі қарыз бен ипотекалық қарыз бойынша сыйақыны қаржыландыру қай кезде жүзеге асырылады? - Қарыз алушы азаматтың бастамасымен (қарызды төлеу кестесі өзгерген кезде, несиелік келісімді өзгерткен кезде және өзге де жағдайларда) клиенттің ең алғаш банкке барған кезде белгіленген сыйақысы және өзге де комиссиялық төлемдер негізгі қарызға қосылады (капиталдандырылады). Қарапайым тілмен айтар болсақ, банк қарызын төлеуді кешіктірген клиенттің жағдайын түсініп, ол банкке қайта қаржыландыру туралы өтініш берген күнге дейін қордаланып қалған комиссиялық төлемдер, өсім тағы басқа төлемдерді оның негізгі қарызына қоса алады. Сөйтіп, негізгі қарыздың сомасы көбейеді. Қарызды толықтырғанға (капитализация) дейін негізгі қарыздың өсетінін ескерген «Самұрық-Қазына» Қоры, егер де қайта қаржыландыру туралы өтініш түскенге дейін қарыз толықтырылған болса, банк мұндай ипотекалық несиені қайта қаржыландыра алады деп есептейді. - Жекешелендірілген жылжымайтын мүлікте үлесім болса, мен қайта қаржыландыруға өтініш білдіре аламын ба? - Үкімет қаулысымен өзгеріс енгізілгенге дейін жекешелендіру келісімдеріне сәйкес ортақ мүлікте үлесі бар немесе мұраға алған, сыйлыққа алған үлесі бар азаматтардың қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуына мүмкіндік берілмеген еді. Енді несиеге алған үйінен өзге қандай да бір үйде үлесі бар немесе тағы да үйі бар адамдар осы бағдарламаға қатыса алады. Өйткені, қандай да бір үйдегі үлеске ие болу ?жеке үйге ие болу деген сөз емес. Сондықтан, мұндай үлеске қатысы бар азаматтар несиелерін қайта қаржыландыра алады; Енгізілген тағы бір өзгеріс: егер азаматтың елдің өзге аймақтарында тұрғын үйі болса да, ол несиеге үй алған жерде жалғыз ғана баспанаға ие болса, ол несиесін қайта қаржыландыра алады. - Егер мен пәтерден бөлек, көлік қоятын паркинг алу үшін қарыз алған болсам, қайта қаржыландыруға үміт арта аламын ба? - Егер де ипотекалық несие тұрғын үй мен паркингке алынған болса, онда банк тұрғын үй мен қарыз алушының арнайы талаптарға сай екенін қарастыра отырып, паркингтің құнын алып тастап, тұрғын үй үшін алынған несиенің негізгі қарызын қаржыландыра алады. - Жалғыз үйінен өзге, коммерциялық мүлігі бар адамдардың қайта қаржыландыру кезінде қандай артықшылықтары бар? - Шарт бойынша, ондай клиенттің қайта қаржыландыруға құқығы бар. Ол тіпті ұтуы да мүмкін. Өйткені, кепілдікке қоятын артық мүлігі бар. Алайда, бұл бағдарлама бойынша бөлінген қаржы есептеулі болғандықтан, «Самұрық-Қазына» барлық өтініштерді қарап бітіргеннен кейін ғана, мұндай қарыз алушылар өтінішін қарастыруды сұрайды. - Өзімнің үйімнен бөлек, жер учаскем де бар. Қайта қаржыландыру кезінде бұл кедергі болмайды ма? - Тұрғын үй деген сөздің астарына гараж, бау-бақша, жер учаскелері кірмейді. Сондықтан, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру кезінде бұл жайттар кедергі бола алмайды. - Банкте мүлікті қайтадан бағамдауды талап етіп жатыр. Солай ету қажет пе? - Жоқ, қажет емес. Негізі қазір, банктердің несие төлеу қабілеті мен баспананы қайта бағамдауды талап етуіне қатысты арыз-шағымдарын қарыз алушы азаматтар банктердің үстінен Қорға түсіріп жатыр. Банк заңға сәйкес және өзінің несиелеу тәртібін белгілейтін нормативті құжаттарына сай жұмыс істеуі керек. Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің түсіндіруіне қарағанда, банк қарыз алушымен арада қосымша келісім түзеді, алайда, оның несие төлеу қабілеті мен кепілдікті бағамдауы үшін қосымша құжат сұрауға құқығы жоқ. Бұл шарттар банктің өзінде қайта қаржыландырылып жатқан және дәл сол банктен несие алған азаматтарға қатысты дүние; - Қайта қаржыландыруға құжаттар тапсырайын деген едім. Бірақ, банктер ақша таусылып қалды деп, құжаттарымды қабылдамай қойды. Шынымен де солай ма? - Егер де ақшалары таусылып қалса, банк қайта қаржыландырудан бас тарта алады. Алайда, бүгінгі күнге сай мәліметтер бойынша, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға қаржы бөлінген он банктің бір де бірі ол қаржыны толығымен игерген жоқ. Игерілген қаржы жайлы ақпаратты Қордың веб-сайтынан: www.samruk-kazyna.kz көре аласыздар.