Ирак премьері елорданың қауіпсіздік күштерінің басшысын қызметінен алып тастады

АСТАНА.  Желтоқсанның  10-ы.  ҚазАқпарат -  Бағдадтың  қауіпсіздік күштерінің   қолбасшысы,  Ирак елордасында  орын  алған  бірнеше     лаңкестік  оқиғаның салдарынан,    сәрсенбі күні     қызметінен   алып тасталынды.    Ел Премьер-министрінің  кеңсесінен   хабарлағандай,

үкімет басшысы Нури  әл-Мәлики     генерал-лейтенант Абуд Гамбарды    орнынан  босату  туралы өкім  берді.  Оның  орнына осы  қызметке    генерал-лейтенант Ахмед Хашем аль-Увейда тағайындалды,  деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Сейсенбі күні  Бағдадта   болған бес  жарылыста 130-ға жуық  адам   көз жұмып,   500-дей адам жараланды.    Мина қойылған  көліктер  бірқатар  министрліктер мен  ведомстволардың  жанында  жарылғанын  ҚазАқпарат бұдан  бұрын хабарлаған  болатын. Экстремистердің  бұл    қанды  әрекеті  Бағдадта   тамыз айынан бері    орын алып  отырған   үшінші үлкен   шабуылы.  Бұған дейінгі  екі    лаңкестік әрекет  қазанның  25-і мен  тамыздың 19-ында орын  алып, 250-ден астам  адамның өмірін қиған болатын.

Гамбар -  Саддам Хусейн армиясының  бұрынғы  генералы,  ол     бұл  қызметіне 2007 жылдың  қаңтар  айында  тағайындалған болатын.    Генерал  кезінде, 1991 жылы,  Куәйтті  азат  ету  жөніндегі  антисаддамдық «Шөлдегі   боран»   операциясы кезінде   жаяу әскерге  қолбасшылық  еткен.  Сол кезде   тұтқынға  түсіп,  кейіннен Әмірліктен  Ирак әскері  қуылғаннан кейін,  босатылған.   Гамбар   2003 жылы американ  әскері Иракқа  кірмес  бұрын,  отставкаға  шыққан.