Ирактағы соғыс АҚШ-қа қымбатқа түсті - Джозеф Байден

АСТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат - Ирактағы соғыс АҚШ-қа қымбатқа түсті. АҚШ вице-президенті Джозеф Байден осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Соғыс бізге тым ауыр тиді. Бұл жерде тек адам қазалары туралы сөз болып отырған жоқ», - деді Дж.Байден CNN телекомпаниясына берген сұхбатында. Оның айтуынша, соғыс о бастан дұрыс жүргізілмеген. Бірақ, ең бастысы, Ирактағы соғысты ашқан АҚШ Ауғанстанды назардан шығарып алды, ал осыны пайдаланған тәлібтер елдегі өз жағдайларын нығайтып отыр, деп санайды әкімшілік басшысының орынбасары. «Біз әлем елдерінің қолдауынан айрылдық. Және оны қайтару үшін көп күш-жігер жұмсалды», деп жалғастырады ойын Байден мырза.

Қалай болғанда да, бүгінде Ирактағы жағдай тұрақтанып келеді, - дейді сеніммен АҚШ вице-президенті. «Біз жаздың аяғына дейін 90 мың жауынгерді елге қайтара аламыз. Иракта сайлау табысты өтіп, оған сүнниттер де, шииттер де, күрдтер мен басқа да аз ұлттың өкілдері белсенді атсалысады деп болжай аламын», - дейді Дж.Байден.