Иранның МАГАТЭ басшысының баяндамасына көңілі қалды

АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат - МАГАТЭ бас директоры Юкия Аманоның Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жақында жасаған баяндамасына Иран Ислам Республикасының көңілі қалып отыр. Бұл туралы Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Рамин Мехманпараст ИРНА агенттігіне берген сұхбатында мәлім етті,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«МАГАТЭ өз абыройын саясиландырудан және белгілі бір мемлекеттердің пәрменін орындаудан сақтап қала алады деп үміттенген едік. Агенттік, Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық қызметін құқықтық тұрғыдан қарастырғаны жөн», - деп атап көрсетті өз сөзінде Иран дипломаты.

Ал Иран Парламентінің спикері Әли Лариджани өз кезегінде, МАГАТЭ баяндамасында жасалған түйіндерді «Агенттікке абырой әпермейтін жалған мәліметтер» деп атады. «Кейбір батыс елдері МАГАТЭ-нің жаңа басшысының айтқандарының негізінде, әлемдік қоғамдастықты Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасына қатысты теріс пікірге итермелеуде. Бірақ та, бұл әрекеттер Иранды таңдаған жолынан қайтара алмайды», деп мәлім етті Лариджани.

МАГАТЭ-нің жаңа бас хатшысы Юкия Амано өткен бейсенбі күні Иранның ядролық бағдарламасы бойынша алғашқы баяндамасын жасаған болатын. Ол құжаттың мазмұны «Иранның МАГАТЭ-мен жете ынтымақтаспауының салдарынан, агенттік Иранның барлық ядролық материалының бейбіт мақсатта екенін растай алмайды» дегенге саяды.