ИСАЕВ ОРАЗ ЖАНҰЗАҚҰЛЫ

Исаев Ораз Жанұзақұлы (1899-1938) - қоғам және мемлекет қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Бұрынғы Орал облысының Ілбішін уезіне қарасты Қарасу болысында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) дүниеге келген.

Қарасудағы 6-жылдық орыс-қазақ мектебінде оқып, хат таныған. Қоғамдық қызмет жолын 1916 жылы ауыл әкімшілігінде хатшы болып бастайды. 1917 жылы Шалқар болысында земство басқармасының хатшысы және уездік милиция хатшысы болып істеген.

1919-1920 жылдары Ілбішін және Жымпиты уездерінде құқық қорғау органдарында милиция хатшысы, ерекше тапсырма бөлімінің жауынгері, губерниялық төтенше комиссиясының, біріккен мемлекеттік саяси басқармасының уәкілі, губерниялық қылмысты істерді іздестіру органы бастығының орынбасары болған. 1921 жылы большевиктер партиясы қатарына өтеді. Орал губерниясында комсомол, кәсіподақ ұйымдарын құруға атсалысқан. 1924-1925 жылдары - Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақ Орталық атқару комитетінің хатшысы. 1925-1929 жылдары - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің екінші хатшысы. 1929 жылғы сәуірден 1938 жылдың маусымына дейін Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

КСРО Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің және Орталық атқару комитеті төралқасының мүшесі, өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.

Осы аралықтарда, яғни 1926 жылғы жаз айларында «Еңбекші қазақ» газетіне де басшылық жасады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Темірбек Қожакеев «Егемен Қазақстанның» 1994 жылғы 17 желтоқсанда шыққан санындағы «Газеттің алғашқы керуенбасылары» атты мақаласында былай деп жазады: «1926 жылғы шілденің 13-і мен тамыздың 30-ы аралығында газет редакторы Ораз Исаев болды. Бұл тұста ол Қазақ өлкелік комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқаратын. Кейін он жылдай Халық комиссарлар кеңесіне төрағалық еткен іскер де беделді қызметкер болған».

Ораз Исаев 1938 жылы жалған жаламен тұтқындалып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. 1956 жылы толығымен ақталған.

1935 жылы Ленин орденімен марапатталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том.