ОРАЛ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР ішкі әскерлері Батыс құрамасының ақпарат-насихат тобы мен әскери оркестрі «Ішкі әскерлер нағыз ер адамдар үшін» шарасы аясында Орал мен Ақсай қалаларында, Бөрлі және Зеленов аудандарының елді мекендерінде болды.
Батыс құраманың баспасөз қызметінің бастығы, майор Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, шара мақсаты - Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру, ішкі әскерлердің беделін көтеру, азаматтардың оларға деген оң көзқарасын қалыптастыру. Аталмыш топ жетекшісі - Батыс құрама командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Қанат Беляков.
Шара аясында түрлі құрылымдар өкілдерімен, оқу орындары шәкірттерімен, әскерге шақырылатын жастағы жастар, тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ішкі әскер жауынгерлеріне қойылатын талап-міндеттер, бөлімдердің тыныс-тіршілігі жөнінде айтылды. Тұрғындарға арнап әскери оркестр концерт қойып, ішкі әскерлер туралы деректі фильм көрсетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).