Ішкі істер министрлігі жазаға тартылуы тиіс жасөспірімдердің жасын көтеруді ұсынып отыр

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұрлық жасап, адам тонаған және ақша бопсалаған жасөспірімдерге деген қылмыстық жауапкершілікті ізгілендіріп, аталмыш қылмыстар үшін жазаға тартылатындардың жасын 14-тен 16-ға дейін көтеру керек.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаларды жетілдіру» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында Ішкі істер вице-министрі Александр Кулинич мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, аталғандар кәмелетке толмағандар арасындағы ең көп тараған қылмыс түрлері. Осы әрекеттер бойынша елде жылына 3 мыңға жуық адам қылмыстық жауапқа тартылады. Қолданыстағы заңдар бойынша аталмыш қылмыстар бойынша жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылған. «Кәмелетке толмағандардың арасындағы жағдайға байланысты жүргізілген зерттеулер 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың жылдан жылға кеміп бара жатқандығын көрсетіп отыр. Нақтырақ айтқанда 2009 жылы 14-15 жас аралығындағылар тарапынан 779 қылмыс жасалса, 16 -17 жастағылар 2 мыңнан астам қылмыс жасаған», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық жауапқа тарту шараларын ізгілендіру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған игі қадам болмақ. «Екіншіден біз жасөспірімді ауыр қылмыс жасаған кездің өзінде жауапкершіліктен құтқара аламыз. Әрине егер екі жақ бір-бірімен келісіп, келтірілген зиян өтеліп жатса. Ол үшін қылмыстық кодекстің 66-шы бабына жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыс бойынша, егер адам өліп немесе адамға ауыр дене жарақаты салынбаса қылмыстық жауапкершіліктен босату жөніндегі толықтырулар енгізу қажет», деді А.Кулинич.

Ол келтірген мәліметтері бойынша, сот - тергеу тәжірибесіне жүргізілген арнайы талдау жұмыстары алғаш рет ауыр қылмыс жасаған жасөспірімнің бас бостандығынан айырылатындығын көрсетті. «Мысалы өте ірі көлемде біреудің мүлкін ұрлаған немесе біреуді тонаған жасөспірім 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал біздің заңға енгізгелі отырған өзгерістеріміз бойынша ауыр қылмыс жасаған жасөспірімнің бас бостандығынан айырмай-ақ тәртіпке салуға болады. Ал түрмеге түскен жасөспрім ондағы зиянды қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп, жас баланың құқықтық сана сезімі өзгереді. Бұдан кейін ол жасөспірімді қайта тәртіпке салу мүмкін емес», деді министрдің орынбасары.