Депутаттың айтуынша, Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес соңғы үш жылда Қазақстаннан сыртқа шыққандардың саны 27 млн. 200 мың адамды құраған. Ал осы кезеңде Қазақстанға келген резидент еместердің саны 18 млн. 600 мың адамды құрады. Яғни, шыққан азаматтардың саны 9 млн. адамға көп.
«Ішкі туризмнің көрсеткіштері тіпті мүшкіл жағдайда. 2011-2013 жылдардың қорытындысы бойынша барлығы 9 млн. 700 мың адам ішкі туризмнің қызметтерін пайдаланған. Бұл үш жылдық кезең көрсеткіші, тек бір - 2013 жылғы сыртқа шыққандардың санынан 400 мыңға аз. Яғни, отандық туристік саланың қазіргі жағдайы біздің елімізге шетел туристерін тартуды айтпағанның өзінде, тіпті қазақстандық тұтынушының сыртқы нарыққа бағдарланғанын анық көрсетіп отыр. Туристік қызмет құрылымында 60 пайыздан астамын сыртқа шығу туризмі алып отыр және тек 6 пайызы ғана кіру туризмінің үлесіне тиеді. Яғни, осы салада оң балансты қалыптастыру үшін, бірінші кезекте, бізге туристік қызметтердің отандық сатып алушылары үшін күресу керек. Бұл тұрғыда тәжірибеміз бар», - деп атап өтті Сейітсұлтан Әйімбетов.
Депутаттың айтуынша, туризм саласындағы түпкі мақсат - сырттан келетін және ішкі туризм көлемін ұлғайту есебінен тұрғындарды жұмыспен, мемлекет пен халық кірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құру. Осыған байланысты, С. Әйімбетов туристік саланың тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарды атады. «Біріншіден, визалық режимді, көші-қонды және шетелдіктерді тіркеуді оңайлату. Екіншіден,құқықтық тәртіпке, денсаулық сақтауға және сантитарлық-гигиеналық жағдайлардың жай-күйіне бақылауды күшейту. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және инвестициялық преференциялар беру тетіктерін жетілдіру, өңірлік деңгейде жеке туризм басқармаларын құру шаралары да маңызды. Туризм саласындағы саясаттың іске асырылуына бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін бекіту жөнінде шаралар қабылдауы қажет», - деді депутат С. Әйімбетов.