Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты - Ұлттық банк төрағасы

АЛМАТЫ. 5 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеден одағы елдерімен тауар айналымы алғашқы тоқсанда 5,3 млрд. АҚШ долларын құрады.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Бас банкирдің айтуынша, маусымда ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты күйінде қалды. Бір айдың ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 доллар үшін 145,33-146,34 теңге ауқымында өзгерді. Маусымда теңге 0,3% әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы 1 доллар үшін 145,83 теңге болды. Қазақстан Қор биржасындағы биржалық операциялар көлемі қосымша сауда-саттықтағы мәмілелерді ескере отырып мамырмен салыстырғанда 21,7% ұлғайды. Биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 2,3%-ға артып, 3,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 13,4% өсті. «АҚШ доллары мен еуроға қатысты бағамда теңге ең тұрақты валюта болып отыр. 145.2-146.3 аралығындағы бағамға қазір 2 жылдан асты», - дейді Григорий Марченко. 2010 жылғы екінші жартыжылдықтан бастап қолма-қол шетел валютасының ішкі нарығында айырбастау пункттерінің шетел валютасын нетто-сатуының елеулі өсуі байқалды. 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта бұл үрдіс жалғасты. Егер 2010 жылғы қаңтар-мамыр ішінде айырбастау пункттері 2971,2 млн. АҚШ долларын сатса, 2011 жылдың осындай кезеңінде сома 1,5 есеге өсіп, 4525,8 млн. АҚШ долларын құрады.

АҚШ долларына деген сұраныстың кеңеюі басым түрде 2010 жылғы 1 шілдеден 2011 жылғы 1 шілдеге дейін жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін автомобильдерді әкелуіне жеңілдік баждарды енгізуге және Қазақстанға автомобильдер импорты көлемінің өсуіне байланысты. 1 шілдеден кейін әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік декларациядан өткізу Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болғандықтан, бұдан былайғы айларда халықтың шетел валютасына деген сұранысының төмендеуі күтілуде.