***
Өкінішке қарай, Әнуар өмірден өте ерте аяқ астынан, ойламаған жерден кетті. Оның қазасы маған ауыр тиді. Жалпы, өмірде дос таңдау өте қиын. Жақсы қарым-қатынаста жүрген жігіттер, достар бар, әрине. Бірақ мен үшін Әнуар мен Ақселеудің орны ерекше еді. Осы екі досымның өмірден озуы екі баламның қазасынан кем батқан жоқ. Бұл «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Хас шебер» деген тақырыппен берілген атақты актер Әнуар Молдабеков туралы мақалада Асанәлі Әшімовтың айтқаны.
«Жан досым, замандасым, экран мен театр сахнасында бірге өскен әріптесім Әнуар туралы менің айтатыным көп. Менен бір жас кіші болса да ол мені Асанәлі деп айтқан емес, Асеке дейтін. Екеуміз Бекежен мен Шеге, Тәңірберген мен Еламан, Жантық пен Қодар болып күрделі рөлдерді ойнадық»,- дейді А. Әшімов өнердегі досы жайында.
Ал Нүкетай Мышбаева: «Мен көп спектакльдерде Әнуармен сахналық серіктес болып, бірге рөл ойнадым. «Қан мен тер» спектаклінде ол Тәңірбергенді, мен Ақбаланы сомдадық. «Досымның үйленуінде» ол менің «жігітім» болды. Әнуармен бірге рөл орындағанда спектакльге бір жерден жаңылып кетпейік деп, үлкен дайындықпен келетінбіз. Ол сахнаға шыға бергенде-ақ бүкіл көрерменді жаулап алатын. Жаулап алады дейтінім, трагедиялық кейіпкерді сомдағанда бүкіл көрерменді жылататын, сонымен бірге, қасындағы бізді де жылататын. Ал комедияны ойнағанда көрерменді рахаттандырып күлдірумен қатар, шығарма идеясының астарында не жатқанын түгел ашып, ерекше бір шабытпен шырқау биікке көтеретін. Жас кезімізде бір-біріміздің қандай актер екенімізді біле қоймаған да кезіміз болған шығар. Бірақ қазір менің көзқарасымда, Әнуардай актер туылған жоқ, мұны мен батыл түрде айта аламын», - деп ағынан жарылады.
Сонымен қатар, мақалада Тұңғышбай Жаманқұловтың да атақты актер туралы түйген ойы, көрген-білгені жан-жақты берілген.
Соңғы кездері әлем жұрты «жер өртегіш» Әбіләзовтің тұрып жатқан мекенінің қайда екенін дөп басып біле алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Жақында қашқын олигархтың жүрген-тұрған жерлерін зерттеуге Германияның Sueddeutsche Zeitung газеті мен Австрияның News журналының тілшілері де кірісіп кетіпті. Неміс тілді екі басылымның журналистері сонда өте бір қызықты тұжырымға тоқталыпты. Әуелі олар Әбіләзовтің әйелі мен қызын ұстап, елге қайтаруға байланысты оқиғаларға тоқталып өтеді. «Италия билігі қазақ олигархы Мұхтар Әбіләзовтің отбасы мүшелерін өз еліне қайтарды, - делінген онда. - Италиян арнаулы қызмет органдары өкілдеріне олигархтың өзін ұстап алудың реті келмеді. Арнайы операциядан кейін Әбіләзов Facebook-тағы парақшасына: «Қазақстан үкіметі террорлық тәсілдерді қолдана отырып, менің отбасымды кепілдікке алды», деп қана жазып қоя салыпты». Бірақ бұл мәлімдеменің соншалықты сандырақ екенін жақсы ұғынған шетел журналистері оған қатысты ешқандай түсінік бере қоймапты. Расында бұл операцияны Италия билігі жасап, қашқын олигархтың жалған паспортпен жүрген жақындарын өз еліне қайтарып жатса, оған «Қазақстан үкіметінің» қандай қатысы бар? - деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Суға кеткен тал қармайды» атты мақаласында.
«Мұның атын қазақ «суға кеткен тал қармайды» дейді. Солайша іліктен тілік іздеп, «жаптым - жала, жақтым - күйе» қағидатына құлаш ұрып отырған Мұхтар мырзаның мұндай күйге қалай жеткенін де шетелдік басылымдар өз хал-қадерлерінше зерттеп, оқырмандарының назарына ұсынып келеді. Осының бәрі алаяқтың шын бет-бейнесінің қандай екенін жат жұрттағы жамағатқа нақтылай білдіре түсуге көмектеседі», - деп толықтырады мақала авторы.
«...Әбіләзов БТА Банктің басшысы болды. Жаңа басшылық тұсында банк бірден үлкен көлемде кредиттер ала бастады. Олардың басым бөлігі Roual Bank of Scotland және NSBC секілді банктерден алынды. Екі жылдың ішінде банк қарыздары 2005 жылғы 680 млрд. теңгеден (4,2 млрд. еуро) 2007 жылғы 2,4 трлн. теңгеге (14,4 млрд. еуро) дейін жетті. Ал әлемдік қаржы дағдарысы басталған бойда БТА Банктің нарықтағы қайта қаржыландыру проблемасы басталды. Мұнда бірқатар тексерулер жүргізген Қазақстан салықшылары банктің ақша қаражатының айтарлықтай бөлігінің Сейшель және Британия Виргиниясы аралдарындағы жасанды фирмалардың шоттарына аударылып кеткенін анықтады», - деп жазады бұл туралы жоғарыдағы неміс тілді басылымдар.
«Жалпы, жер бетінде туырлықты тіліп, керегені керген ұры мен қарыны бауырына басып, қолтығына тығатын ешқандай қоғам да, қауым да жоқ. Олар сондықтан барлық ендіктер мен бойлықтардан өздеріне жайлы жер, байырқалы баспана таба алмайды. Бұған бүгінгі күндері Пиренейден қашып, Францияға барғаны туралы дақпырты жетіп жатқан Әбіләзовтің басынан кешіп жатқан оқиғалары да нақты дәлел. Оның мұнда да ұзақ тұра алуы нәгүмән. Тек бұл дәулетте дәурен сүрулері дәккі көрмеуі заң жүзінде қағаздастырылған «көгілдір керімдердің» ортасына барып сая таппаса...», - деп қорытындылайды автор.
«Лилия Бутенко басқаратын «МиниЮрта» өндірістік компаниясы Павлодар облысының Павлодар ауылында орналасқан. Үш-төрт жылдың ішінде қазақ киіз үйін құрып, жинауды, оның жасалуының қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Басқалар шағын және орта бизнестің басқа түрлерімен айналысып табыс тауып жатқанда, Бутенколар қолға алған іске таңдана қарайсың. Халқымыздың түрлі ою-өрнекке толы дүниелерінен жасалған басқа да бұйымдары көздің жауын алады. Өзіміз кішігірім бір көрме залын аралағандай әсерге бөлендік», - деп жазады аталмыш басылым тілшісі «Лилияның киіз үйлері» атты мақаласында.
«Иә, біздің кәсіпкерлігімізге бәрі де таңдана әрі қызыға қарайды. Бұған таңданатындай да ештеңе жоқ. Өйткені, біз Қазақ елінде тұрамыз. Ауылымыз да, көршілеріміз де, жора-жолдастарымыз да - бәрі қазақтар. Қандай той-мерекелер болсын қазақтар алдымен киіз үй құрады ғой. Біз тойларға жиі барамыз. Бірде көршіміз баласы үйленетін болып, үлкен киіз үй құрды. Тамаша, іші-сырты түгел көз сүйсіндіреді. Сол жерде отырып мен ойға кеттім. Сөйтіп, қиялымнан балаларға арналған шағын киіз жасау арманы туды. Қазір, міне, өзіңіз көріп тұрғандай, кішкентай киіз үйлерді жасау шындыққа айналды, менің қолымнан да киіз үй жасау келді, хобби, сүйікті ісіме айналды. Көршім құрған іші-сырты таңғаларлық киіз үйді қазір мен де құрып жасай аламын,- дейді бізбен әңгімесінде Л.Бутенко» - деп жазады автор.
***
Осыдан тура 35 жыл бұрын Ұлыбританияда экстракорпоральды әдіс, яғни жатырдан тыс ұрықтандыру (ЖТҰ) арқылы дүниеге алғашқы сәби келген еді. Бүгінде бұл әдіспен туылғандар саны әлем бойынша - 4 млн. астам адам болса, Қазақстанда жасанды ұрықтандыру арқылы 5 мыңнан аса бала дүние есігін ашқан. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ислам діні жасанды ұрықтандыруды қолдай ма?» деген мақаласында көрсетілген.
Бұл әдісті ең көп қолданатын мемлекет - Израиль. Бұл елде жылына 1 млн. адамға шаққанда 3400 ЖТҰ тәсілі қолданылады. Адам ұрпағын өрбіту мәселесіне 25 жылын арнаған «Экомед» емханасының жетекшісі, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың айтуынша, көптеген отбасылар үшін бала сүюдегі ең соңғы әрі жалғыз амалы - жасанды ұрықтандыру әдісі болып отыр. Қазақстанда әрбір бесінші отбасы немесе 300-350 мың шаңырақ бедеулік пен белсіздікке душар болған. Бұл дертті емдеуде елімізде медицинаның ең соңғы жетістіктері қолданылады.
Мақалада ислам діні мұндай тәсілдердің қолданылуын қаншалықты қолдайды? Тыйым салынатын тұстар бар ма? Мұндай тәсілмен туған сәбилердің денсаулығы қандай? деген сияқты сан алуан сұрақтарға жан-жақты жауап іздейді.
Бұл сұрақтарға Астана қаласы Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев, Президент жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, «Экомед» емханасының жетекшісі Салтанат Байқошқарова сынды түрлі мамандық иелері өз ойларымен бөліседі.
Бүгінде халық пен билікті байланыстырушы, сіңірі созылған мәселелердің шешімін табуға атсалысып, халықтың жанайқайын жеткізіп, тың жаңалықтармен сусындатып жүрген қалам иелерінің еңбегі бір төбе десек, артық айтқандық болмас. Алайда осындай қызмет жолында мәселені зерттеп, тергеп жүріп таяқтың бір ұшы журналистердің өздеріне тиіп жататын кездері де аз емес. Бұл туралы «Айқын» газетінің «Журналист болу қауіпті ме?» деген мақаласында айтылады.
Газеттің жазуынша, жақында Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында күзетшілерден таяқ жеген журналистің жайы алаңдатты. «Жас Қанат» концерті өту кезінде сарайдан өрт шықты деген тосын оқиға үстіне «Литер», «Панорама», «24 kz» телеарнасы, «Vласть.kz» интернет-газетінің журналистері уақыт оздырмай жетіп барады. Алайда оқиғаның анық-қанығына қол жеткіземін деген «Литер» газетінің тілшісі Тамара Вааль күзетшілерден таяқ жейді. Сарай әкімшілігінен өртке қатысты мәлімет алуды көздеген журналистер ашық тұрған есіктің бірінен кіре бергенде күзетшілер жолын бөгеген. Бірінші болып кіріп келе жатқан «Литер» тілшісіне олар қол жұмсап, тепкіге алған.
«Негізі, мұндай жағдайға журналистер бірінші рет килігіп отырған жоқ. Былтырғы жылы Астана маңында Ұларбек Байтайлақ деген тілшіні 4 жігіт тонап, өлесі етіп оңдырмай сабап кеткен. Журналистің айтуынша, қатты затпен басынан ұрып, тепкілеген. Соңынан барып папкадағы құжаттарымен қоса ұялы телефонын, ақша-сын алып кеткен. Тағы да сол жылы Астанада спорт журналисі Максим Карташовты үйінің жанына жете бергенде беймәлім 3 адам соққыға жыққан. Тілші жан дауысымен айқайлап жібергенде жаңағылар тұра қашыпты. Тілші мұны өзінің мамандығымен байланыстырады. Өйткені «Хоккей Казахстана» журналын шығарып жүрген ол, қазақстандық хоккейге қатысты жемқорлық туралы, сын мақалалар жазғандығын мәлімдеген. Сондай-ақ оған екі жыл бұрын да базбіреулер әлімжеттік көрсеткен. Мамандығына беріле жұмыс істеп, шынды шын деп, әділдікке төрден орын береміз деп жүріп журналистер кейде осындай келеңсіз жайттарға жиі тап болып жатады», - деп жазады мақала авторы.