Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырған емес

ТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Адам жанына рухани азық беретін, ішкі жан-дүниесін күш-қуат беретін құндылықтар бар. Соның бірі - дін.

Діннің қоғамдағы алатын рөлі де ерекше. Халықты бірлікке шақыратын да дін. Алайда, діни көзқарастардың сәйкес келмеуінен қақтығыстар да орын алатынын тарихтан көріп жүрміз. Әрбір мемлекет дінге қатысты мәселені заңмен реттейді. Біздің елімізде 1992 жылы заң қабылданды. Қоғамдағы бірқатар мәселелерді заңмен реттеу үшін жаңа заң жобасы дайындалғаны белгілі. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде жан-жақты талқылаудан өтіп, 21 қыркүйек күнгі жалпы отырыста мақұлданды.

Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Рамазан Сәрпеков заң жобасы мақұлданғаннан кейінгі өзінің қорытынды пікірін білдірді. Дінге, оның ішінде исламның құндылықтары туралы келелі ойларын ортаға салды.

- Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың болашағы жоқ.

Еліміз бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің үлгісі, барлық азаматтар, барлық халықтың терезесі тең, құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етілген. Мұны шетел мемлекеттерінің ғалымдары мойындап, жоғары бағалап отыр.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында дінаралық түсіністік мәселесіне баса назар аударылып, былай делінген: «Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдік діндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе діни фанатизм сезімі бізге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзіне жүрегіміздің ашықтығы - Қазақстандағы конфессиялараралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этностараралық, конфессиялараралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен бүкіл әлемге танымалмыз. Еліміздің өсіп келе жатқан бітімгершілік әлеуеті алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла беруі тиіс».

Дегенмен де, сан ғасырдан бері бейбітшіл бағытты ауытқусыз насихаттап келген асыл дінімізді соңғы жылдары лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұйымдармен байланыстыратын жанама жалған пікірлер пайда болып жүр. Негізінде, Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие қайнары.

Қазір Ислам дінінің ішіндегі тәуелсіздігімізге мойын ұсынбайтын, мемлекеттігімізге шүбә келтіретін, балақтарын тобықтан жоғары кесіп, қысқа шалбар киген, иектеріне бейберекет сақал өсірген уахабшылар тобы «ұзақ жылдар бойына саналары коммунистік идеямен уланғандар енді батыстың бұзақы догмаларымен бұзыла бастады» деп, өздерінің «мұсылманның өмір салты Құран қағидаларынан құрылу керек» деген әңгімелерін айтып жүр. Сөйтіп, уахабшылар қазақ халқы ұстанатын дәстүрлі ислам дініндегілірдің бәрін «кәпірлер» қатарына қосып, олармен күресуге шақырады. Өкінішке орай Ақтөбедегі 11 адамның өмірін қиған «Шұбарши оқиғасында» уахабшылардың ізі кезігеді. Шындығына келсек, діни экстремизмді қоздырушылар нағыз мұсылман емес. Бұлар - әдейі ислам дінін жат пиғылдылар қылып көрсету үшін әртүрлі амалға барушылардың ісі.

Діни экстремистер мен деструктивті топтар мүшелерінің шынайы исламмен қиыспайтын жері - олар ислам тыйым салған көптеген әрекеттерге барады. Мәселен, бейбіт адамдардың арасына барып, өздерін өзі жарып жіберу, өзімен қоса бейбіт тұрғындарды да өлімге ала кету осы топтарға тән болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүргеніміздей, кейбір елдерде бұл келеңсіз жағдайлар етек алып кеткен. Исламда өзін-өзі өлтіру - зор күнә. Сонда бұлар өзін-өзі өлтіріп күнәға бір батса, өзге бейбіт жұртшылықты қыру арқылы күнәға екі батуда. Ислам сөзін қазақшаға аударғанда «Бейбітшілік» деген ұғымды білдірсе, әлгі топтардың әрекеті бейбітшілікпен еш қиылыспайды.

Сонымен қатар 1992 жылы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңдағы еркіндікті өз пайдасына көздеген, сондай-ақ діни бірлестіктер саласында әлі жетіле қоймаған ұйымдастырудағы кемшіліктерді пайдаланған шетелдік қалталы миссионерлердің жұмысы да діни ахуалды шиеленістіруде кері ықпалын тигізуде. Заңнамамыздың әлсіз тұстарын басқа діни ағымдар мен секталар осылай пайдалануға күш сала берсе, қазақ жеріндегі айрандай ұйыған бірлік, ынтымағымыздың болашағы не болмақ? Олардың іс-әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоймасақ, артынан шешімін табу қиын түйіндерге кезігуіміз әбден мүмкін. Сондықтан қолданыстағы заңды жаңартып қатаң нормаларды енгізу өзінен-өзі сұранып тұрғанын көпшілік айтып отыр.

Елбасы сонау 2002 жылдың қазанында киелі Түркістан қаласында өткен Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында сөйлеген сөзінде діннің қоғамдағы алар орны мен ықпалы туралы тереңнен сыр толғады. «Ел бірлігі туралы сөз болғанда, біз, өз дініміз Исламға тоқталмай кете алмаймыз. Әрине, Исламның рухани әлемі өз алдына жеке әңгіме. Біз, бұл арада Исламның тарихи тұрғыда қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұртының қалыптасуына игі ықпал жасағанын тілге тиек етпекпіз. Діннің тұтастығы қашанда Елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны баршамызға белгілі. Бірнеше дін өкілдерінен тұратын халықтардың мұсылман, християн болып, ал бір дінді ұстанып отырып-ақ оның тармақ-тармағына бөлініп, өзара алакөз болған елдердің бастан кешіп отырған тауқыметтерін көріп те, біліп те отырмыз. Сондықтан қалыптасқан дінге өзгеріс енгізбек болып, өздерінше жаңашылық таппақшы болып жүргендерге отпен ойнауға болмайды деген ескерту жасағымыз келеді» - деп көпшіліктің ойын білдірген еді.

Қазіргі таңда ел ішінде «Ортамызға жат келетін діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдардан құтқару керек!» деген жан айқайлары аз емес. Бұған біз дініміздің құндылықтарын көздің қарашығындай сақтайтын, қорғайтын уақыт жетті деп қосылуымыз қажет. Діни ерекшелігіміздің жоғалуы қоғамға кері әсерін тигізеді. Себебі мемлекетіміздің негізі болып табылатын халықтың ата заманнан бері жинаған рухани байлығымызды, этно-мәдени бірлігімізді дәстүрлі емес діни ағымдар талан-таражға салуға жанталасуда. Ұлтты ұйыстыратын да, байланыстыратын да ортақ бір дін екені белгілі. Әр түрлі дінге бөлінген ұлт тұтас халық болып дамуы екі талай дүние.