АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін VI Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысатын WKF каратэден Қазақстан құрамасы анықталды.
Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 68 келіден жоғары салмақта ел намысын Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева қорғайды.
Бапкерлік құрам сондай-ақ Дайяна Даренская (-68 кг), Никита Тарнакин (-84 кг) және Жоламан Биғабылға (-60 кг) сенім артып отыр.
Ұлттық құраманың бас бапкері – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов. Аға жаттықтырушылар – Ринат Сағындықов пен Ринат Мерғалиев.
– Ұлттық құраманың тізімінде өзгерістер болуы мүмкін, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын каратэші Софья Берульцеваның Мәскеу турнирінің үш дүркін чемпионы атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық балуандардың Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында бақ сынайтыны хабарланды.
Аталған жарыс 7 қарашада басталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).