Ислам конференциясы ұйымына басшылық ету Қазақстан беделін көтере түсетін болады - Л.Шағатай, БҚО

ОРАЛ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында тәуелсіздік алғаннан бері нендей табыстарға жеткенімізді саралап қана қоймай, алдағы мақсат-міндеттерімізді нақты көрсетіп берді.

«Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Шағатайдың мәлімдегеніндей, Елбасы ел дамуына серпін берген негізгі іргелі төрт бағытқа ерекше тоқталды. Бірінші - еркіндік. Расында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап елдің саяси-экономикалық еркіндігі нақты жүзеге асты. Әрине, экономикалық еркіндік саяси жаңғыртудан үстем болды. Елбасы «алдымен экономика» саясатын ешуақытта жасырған емес. Бұл өз жемісін берді, әлі де береді. Елбасы тоқталған екінші мәселе - бірлік. Қазақстан басқа елдерге қарағанда бірлікті сақтады. Бұл халықтар бірлігімен қоса елдегі саяси күштердің бірлігін де көрсетеді. Соның арқасында елімізде ТМД аясында ең табысты нарықтық реформалар жүзеге асты. Үшінші мәселе - елдің гүлденуі. Егер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық параметрлерін алып қарасақ, жаңару үдерісіне әркім таңданатын еді. Төртіншіден - тұрақтылық. Бұл тұрақтылықсыз Қазақстан ешқандай өзгеріс жасап, жаңғыра алмас еді. Сондықтан да бұған әркім қуануы, мақтануы керек.

Елбасы сондай-ақ Қазақстанның шетелдердегі өз қандастарын жинап жатқан әлем елдерінің бірі екенін айтты. Шетелдерден 800 мыңнан астам қандасымыз Қазақстанға оралды және қазақтардың саны 1,5 миллионға артты. Елбасы атап өткеніндей, қол жеткізген тағы бір жетістігіміз - жаңа елордамыз - Астананың бой көтеруі.

Республика үшін биылғы жыл да мерейлі болмақ. Абыроймен атқаруға тиісті істеріміз қаншама. Оның бірі қазір Астана мен Алматыда үлкен серпінмен өтіп жатқан Азия ойындары болса, одан кейінгісі Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету Қазақстанның Азия елдерінің алдындағы беделін айқындап бермек. «Биылғы жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына жетекшілік етеді. Біз Батыс пен Ислам әлемінің үнқатысуын нығайту бастамасын көтердік. Ислам конференциясы ұйымына төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс»,- деді Елбасы. Сонымен қатар, мемлекет басшысы биылғы жазда Астанада ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті өтетінін айтты. «ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз», - деген Президент бұл тұрғыдағы жұмыстар Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болып табылатынын қадап айтты.

«Біз, жастар, Елбасыға сенеміз және біздің үлкен белестерді бағындыруымызға оның жол бастай беретіні анық. Елбасы Жолдауы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсарғандығының дәлелі бола алады. Еліміз тыныш, алпауыт мемлекеттердің алдында айбыны асқақ болсын десек, ел саясатын қолдаудан қалыс қалмайық!», - деді Л.Шағатай.