Исландиядағы Эйяфьятлайокудль жанартауы қайта «оталды»

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Исландиядағы біршама дамылдап қалған Эйяфьятлайокудль жанартауы қайта «оталды», деп хабарлады дүйсенбі күні кешке британдық метеорологтар.

«Демі толық дерлік басылды деген жанартау қайта от атқылай бастады, бұл жолы жанартау күлі 10-15 мың фунт биіктікке (3 мыңнан 4,5 мың метрге дейін) ұшуда», - делінген британдық метеоқызметтің сайтында жарияланған хабарда.

Бұған дейін хабарламаларында ғалымдар, жанартаудың демі басылып, оның күлі 200 метрдей биіктікке ғана атқылап жатқанын мәлім еткен болатын. Метеоқызмет жанартау күлінің 10,6 мың метр биіктікке жеткені туралы мәліметтерді әлі де нақтылай алған жоқ.

Болжам мәліметтері бойынша, жанартау күлінен түзілген бұлт сейсенбі күні Еуразияның солтүстігі мен Анлантиканың үстінен өтіп, әрі қарай батысқа жылжиды. 6 мың метрдей биіктікте орналасқан осындай бұлттардың бірі Канаданың шығыс жағалауымен Гренландияның оңтүстігі және Еуропа арқылы өтіп, Батыс Сібірге жетуі ықтимал.