Ізгі дін - бейбіт қоғамның кепілі

күйектің 21-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/ - Міне, Жаратқан нәсіп етіп, отыз күн оразаның да үш күн айтына жеттік. Барша мұсылман қауымына «Ораза айты мүбарак болсын!» дей отырып, ізгі дініміз туралы бірер ойымызды ортаға салсақ.

Соңғы кездері көрші елдерде ұлтаралық қақтығыс күшейіп, адамның жанын түршіктіретін қылмыстық әрекеттер жасалғанын естіп, біліп жатырмыз. Мәліметтерге қарағанда, сол қылмыстық оқиғаны ұйымдастырушылар өз топтарын көбейту үшін ислам дінін бетке ұстап, бейбіт мұсылман жұртын жетегіне ертуге тырысқан. Мұндай адасушылық жүрегі қарайған жекелеген адамдардың айрықша сөгуге тұрарлық ісі, оның ислам дініне түк қатысы жоқ десек те, ол хақ дінімізге күйе жағуға тырысатындар үшін тағы бір желеу болғаны анық.   Ал ислам әлемін лаңкесшінің кейпінде көрсетуге тырысу немесе сол науқанды ұйымдастырушыларға осындай дайын мысал тауып беру Аллаһ Тағаланың ізгілік пен мейірімділік, әділеттілік жолындағы темірдей қатаң заңдарынан құралған дініміз исламға деген қате түсініктен туып жатыр.  Бұған қай мұсылманның жүрегі ауырмайды. Өйткені, Ислам діні ешқашан өзге бейбіт халыққа қару көтеруге, бейкүнә жұртқа қастандық жасауға шақырмайды. Ислам діні - адамды жақсылыққа шақыратын, жанұя ұйымы мен қоғамды сақтап, әлеуметтік әділеттілікті көздейтін дін.  Демек, терроризмнің де  Исламға еш қатысы жоқ! Оқымаған адам білмейді осындай асыл дініміздің  сырын білмей, сыртынан тон пішіп жүрген басқа дін өкілдеріне Құран аяттарын оқыту мүмкіндігіміз болар ма екен? Ал дініміздің бетіне шіркеу келтіріп, жат қылықтар істеп жүрген аты мұсылман, заты өзгеше бауырларымызға не дейміз?

Дініміз еш уақытта адам құқықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, күнә  жасауға, лаң салуға, бейбітшілікті бұзуға жол бермеген. Біз қасиетті Құран аяттарының мына бір жолдарына үңіліп көрейік. 5/8: «Ей, иман етушілер! Аллаһ үшін әділетті тік ұстап, әділдікпен куәлік берушілерден болыңдар! Бір жамағатқа (қауымға) деген өшпендіктерің сендерді әділетсіздікке итермесін! Әділ болыңдар, өйткені, ол Аллаһтан қорқатындарға жарасымдырақ!»
Міне, хақ дін исламның бұлжымас заңы, үстем парқы, ерекше қасиеті, универсалдық адамгершілігі. Аллаһ Тағала өзінің жаратқан пенделерінің ішінде мұсылмандарды әлемдегі әділеттіліктің куәгерлері еткен. Ұлық Раббымыз барлық адамзаттың осы қағидаға сәйкес өмір сүруін қалайды. Ендеше Ислам діні бейбітшілікке нұқсан келтіреді  деп қалай айтуға болады.

«Таспен атқанды, аспен ат» дейтін қазақ мақалы осы ұлы дініміздің шариғаттарының баламасы болса керек. Қасиетті Құранда былай делінген: 60/8: «Сендермен дін бойынша соғыспаған және сендерді жұрттарыңнан қуып-шықпағандарға жақсылық жасап, әділетті болуларыңа Аллаһ шек қоймайды. Күдіксіз, Аллаһ әділетті болғандарды жақсы көреді. 60/9: Аллаһ, тек сендермен дін бойынша соғысқандарды және сендерді жұрттарыңнан қуып-шыққандарды және оларға болысқандарды дос тұтуларыңа шек қояды. Кім сондайларды дос тұтса, міне, солар залымдардың тап өзі!» - дейді. Демек мұсылмандар жоғарыдағы аятта көрсетілген зұлымдықтарды істемеуі тиіс. Дінімізді желеу етіп қоғам тыныштығын бүлдіргендер мұсылман болып есептелмейді. Оларды қолдау жат қылық.

Тарихқа қарайтын болсақ, ислам діні бірінші рет барлық адамзатты диалогқа шақырған бірегей дін. Дініміз адам баласын Аллаһ Тағалаға серік қоспау төңірегінде бейбітшілікке, бірлікке шақырған. Құлға құл болудың орнына бәріміз бірдей Жаратушыға ғана құл болайық, дейді Құран Кәрім. Пайғамбарымыз бір сөзінде «адамзаттың ең хайырлысы, адамдарға пайдалысы» деген. Ислам дініндегі ахирет сенімі бұл дүниеде жамандық һәм зұлымдық жасаудың алдын алатын ең үлкен күш. Ахиретте Жаратушының алдында жауап беретінін білетін адам бұл дүниеде қылмыс жасай ала ма? Ал қылмыстың ең үлкенінің бірі күнәсіз адамдарды қанау, олардың құқықтарын таптау, зұлымдық жасау емес пе? Сондықтан, Ислам дінінің басты мұраты ізгі адамдарды тәрбиелеу. Исламның барлық бұйрықтары да адамды этикалық дамуға, рухани байлыққа, ізгілікке, әділеттілікке, тазалыққа жетелейді. Әр адамның қасына бір-бір сақшыдан қою мүмкіндігі жоқ. Оның орнына әр адамның жүрегінде өз сақшысы болуы керек. Рухани жауапкершілік артатын Ислам дінінің керемет қағидаларын насихаттау - қоғам тыныштығының кепілі. Діни тәлім-тәрбие алған, Аллаһ Тағалаға иман етіп, ахирет күні жауап беретінін білетін адамдар қылмысқа бармайды. Исламда кішіпейілдікке үндей отырып, жамандыққа жақсылықпен жауап беруді бұйырады. Ислам шариғатының басты мақсаты - адам баласының құқығын, өмірін, отбасы мен  дүние-мүлкін қорғау болып табылады.
Адамзат баласының даму тарихы көрсеткендей, дін деген тек Жаратушыға деген сенім ғана емес, сонымен қатар, үлкен рухани тәрбиенің тетігі. Сондай-ақ бүгінгі күнгі түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулығының кепілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері асыл дініміз Ислам, халқымыздың жүрегіне нұр құйып, еліміздің рухани һәм әлеуметтік әлеуеті, мәдени мұралары, салт-санасы, әдет ғұрыптары кемелденіп, өсіп-өркендеп келеді. Асыл дініміз арқылы ертеңгі күнге, қазақ елінің болашағына көз жіберіп, ұлттық бірлігімізді ойлағанымыз абзал. Қазір адамзат материалдық жағынан емес, рухани жағынан жүдеп кеткен сияқты. Күллі әлемді үйдегі теледидар мен компьютерге сыйғызған адам баласы, жұдырықтай жүрегіне барлық адамзатты сүю, жақсы көру сезімін сыйғыза алмай келеді. Бұның бір ұшы дінсіздікте тұрғандай. Қасиетті дінімізді ұстанып, жүрегіне иман ұялатқан әрбір мұсылман баласы әділетті де мейірімді қоғам қалыптастыруға  ұмтылады.