Израиль әскері Газа секторының оңтүстігінде ұзындығы 7 км болатын туннель тапты

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Газа секторының оңтүстігінен радикалдардың ұзындығы 7 км болатын туннелін тапты, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

- Бұл газа секторында табылған ең ұзын және күрделі туннельдердің бірі. Ұзындығы 7 км, тереңдігі 25 метрге жетеді. Туннельдің ішінде басқару пункттерін қоса алғанда 80 бункер бар. Оларды террористік ХАМАС қозғалысының жоғары қолбасшылығы қару сақтау, ұзақ уақытқа тұрақтау, Израиль әскеріне қарсы террористік шабуылдарды жоспарлауға пайдаланған,-делінген ЦАХАЛ-дың баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.

Израиль әскерінің мәліметтеріне қарағанда, аталған туннелді ХАМАС-тың жоғары қолбасшыларының бірі, «Рафах» бригадасының командирі Мұхаммед Шабан пайдаланған.

Баспасөз қызметі туннельдің Мысыр шекарасына жақын маңдағы Филадельфия дәлізіне жақын жерден, халық тығыз орналасқан ауданнан қазылғанын хабарлады. Жерасты жолы БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек және жұмыс жөніндегі агенттігі (БАПОР) кешені, мешіт, аурухана, мектеп пен балабақшаларды қоса алғанда көптеген азаматтық нысандардың астымен өтеді, деп қосты ведомство өкілдері.

Әскердің ақпараты бойынша, туннельде бірнеше жыл бойы 2014 жылы «Құламайтын жартас» операциясы кезінде Газада қаза тапқан және радикалдар ұрлап кеткен Израиль сарбазы Хадар Голдиннің қалдықтары жатқан.

Сарбаздың денесі салынған табыт Газа секторынан Израильге 9 қараша күні АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында қайтарылған.

Айта кетейік, Human Rights Watch ұйымы Израильді әскери қылмыстар, этникалық тазарту және адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыптап отыр.