Израиль мен АҚШ-тың арасында саяси жанжал туындауда

АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат - Құрама Штаттар Шығыс Иерусалим аумағында тағы 1,6 мың жаңа тұрғын үйдің құрылысын мақұлдау туралы Израильдің шешімін «қорлау» деп атады. АҚШ Президенті Барак Обаманың кеңесшісі Дэвид Аксельрод баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады,

деп хабарлайды Associated Press.

Оған қоса Дэвид Аксельродтың айтуынша, Израиль тарапының бұл әрекеті «аймақта бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған АҚШ-тың күш-жігерін жоқ етіп отыр».

Осыдан бірнеше күн бұрын Израиль өкіметі Иерусалимнің шығыс бөлігінде 1,6 мың жаңа үй салу жоспарын мақұлдаған болатын. Және бұл хабар АҚШ вице-президенті Джозеф Байденнің Израильге сапары кезінде пайда болды. Иерусалимнен жеткен жаңалықтар Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған саясатымен танымал Вашингтонның үзілді-кесілді сынына ұшырады. Палестина басшысы Махмұд Аббас та «қазіргідей жағдайда» Израильмен тікелей емес келіссөз жүргізбейтінін мәлім етті.

Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимде еврей қоныстарының салынуы Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеудің басты кедергісі болып табылады. Палестиналықтар бұл аумақтарды өздерінікі деп санайды және Израильден барлық елдімекендерін көшіріп әкетуді талап етуде. Өткен жылдың қыркүйек айында Израиль құрылыстарды 10 айға тоқтатуға келіскен болатын.