Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан 22 палестиналық қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әуе күштерінің Газа секторындағы үйлер мен көліктерге жасаған соққысынан 22 палестиналық қаза тапты, деп хабарлайды ANEWZ.
Азаматтық қорғаныстың хабарлауынша, 10 қазаннан бері атысты тоқтату келісімін бұзған бірнеше шабуылда қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар да бар.
Газа Азаматтық қорғанысының өкілі Махмуд Бассаль зардап шеккендер арасында әйелдер, балалар мен қарттардың бар екенін және кейбір шабуылдардан бүкіл ғимараттардың қирағанын айтты.
— Израильдің ұшқышсыз ұшағы Газа қаласының батысындағы Аббас қиылысы маңында азаматтық көлікке соғуы салдарынан 5 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды, — деді Бассаль.
Дәл осы қалада Аль-Лаббабиди көшесіндегі үйге жасалған әуе шабуылында 4 палестиналық мерт болды. Тағы екеуі Дейр-эль-Балахтың батысындағы Билал бин Рабах мешітінің жанында, үшеуі Нусейрат босқындар лагеріндегі Аль-Авда ауруханасының жанындағы үйге жасалған әуе шабуылынан қаза тапты. Тұрғын үйге жасалған әуе шабуылынан кейін Нусейраттағы лагерьде де 7 палестиналық көз жұмды.
Сондай-ақ Израиль күштері Газа секторының Эль-Бурейдж аймағында және солтүстігіндегі Джабалияда оқ жаудырып, үш палестиналықты жаралады, деп хабарлады дәрігерлер. Израиль армиясы сары сызықты кесіп өткен қарулы адамды «жойдым» деп мәлімдеді.
Таң атқанда Израиль күштері шығыстағы Рафах, Хан Юнис, Эль-Бурейджа, Дейр-эль-Балах аудандары мен Газаның шығысындағы аудандарға, соның ішінде Туффа мен Шуджаиюға қосымша соққы берді.
Куәгерлердің айтуынша, әскерлер Израиль бақылауындағы аудандарда бомба орнатылған көліктерді жарып, тұрғын үйлерге шабуыл жасаған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газа секторындағы операциялары 70 000-ға жуық адамды мерт қылды. Олардың дені әйелдер мен балалар. Сонымен қатар 170 800-ден астам адам жараланды. Оған қоса, анклавтың үлкен бөлігін қирандыға айналдырды. 10 қазанда жарияланған атысты тоқтату келісімі кең ауқымды шабуылдарды уақытша тоқтатты. Бірақ соңғы шабуылдар сары сызықта және оның айналасындағы шайқастардың қайта жанданғанын көрсетеді.
Айта кетейік, Израиль Ливанның оңтүстігі мен шығысында «Хезболла» базаларына соққы жасады.