«Сайлауға қатысты екі мәселеге назар аударғым келеді. Бірінші - сайлаудың бұқаралығы, көпшіліктің белсенділігі. Халық бір мақсатпен келіп жатты. Келе алмайтын қарт кісілерге кішкене жәшіктер дайындағанымен, олар шамасы келгенше барып дауыс беруге ұмтылды. Бұл Қазақ халқының ішкі рухының мықтылығын да білдіретін шығар, осы жағынан ерекшеленді. Сосын сайлау мереке іспеттес. Сайлау учаскелерінде ән-жырлар айтылды, көңіл көтерілді. Екінші маңызды мәселе - сайлау учаскелеріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтары. Тізімде жоқ азаматтар бірден анықтама алып, дауыс беруге қатыса алады. Бұл Қазақстандағы сайлаудың басқаларға қарағанда және бір ерекшелігі. Егер тізімде жоқ болса, онда кейбір сайлаушылар қолды бір сілтеп кете беретін еді, Қазақстанда ХҚКО арқасында ондай дауыстар жоғалған жоқ», - деді Александр Цинкер.
Сонымен қатар, сарапшы сайлаукды жетілдіруге қатысты екі ұсынысын да алға тартты. Біріншісі - сайлау парақшаларын нөмірлеу. «Мәселен, көптеген елдерде бұның бәрі нөмірленген, түбіртек секілді жыртып алып, нөмірімен дауыс бере береді. Осыны енгізсек, сайлау комиссиясының мүшесі әлгіндей бюллетеньдерге қол қойып әуре болмайтын еді», - деді А. Цинкер.
Сарапшы көтерген екінші мәселе - келешекте саяси партиялар үшін Парламентке өту межесін 5 пайызға дейін төмендету.
«Сайлауда 7 пайызды еңсеру жүйесі қиындау. Жаңа партия сахнаға шығып, ол бірден 7 пайызды еңсеруі күрделі мәселе. Ал 5 пайыз болса оңайырақ болатын еді. Бұл ретте мен «Ауыл» партиясының өтуін күткен болар едім. Қазақстандықтардың біраз бөлігі ауылда емес пе?» - деді сарапшы.