Jibek Joly / Silk Way арнасындағы жаңа премьералар: құрлықтарды тоғыстырған жобалар
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly / Silk Way Алматыдан Сеулге, Ереваннан Ұлан-Батырға дейінгі көрермен назарын бір арнаға тоғыстыра алатын, жарқын жобаларға толы жаңа телевизиялық маусымын ұсынады.
Көптен күткен премьералардың бірі — «Silk Way Star».
Халықаралық музыкалық жоба алғаш рет жыл оқиғасына айналып отыр.
Ұлы Жібек жолының бойындағы 12 мемлекеттің, Әзербайжаннан бастап, Оңтүстік Кореяға дейінгі аралықтағы ел таланттарын бір сахнада біріктірген шоу тартымды сайыс тапсырмалары, кросс-мәдени дуэттер, ондаған тілде шырқалатын әуезді әндер мен гала-концерттен тұрады.
Дәл осы жоба қорытындысында өнер әлеміндегі мультимәдени форматтағы алғашқы жұлдыздың есімі елге танылады.
«Silk Way Star» — бұл шекарасыз музыка әлемі.
Әлемдік аудитория премьераны 20-қыркүйекте тамашалайды.
Халықаралық байқауға Қазақстан атынан отандық эстрада жұлдызы, композитор, әйгілі Ninety One тобының мүшесі Батырхан Маликов (Alem) қатысады.
Жоба алаңына әр ел мәдениетінің ең таңдаулы әртістері шығып, күллі әлемге музыканың құдыреті мен таланттарын паш етеді.
Сонымен қатар жаңа маусымда реалити-шоулар, сараптамалық салмақты бағдарламалар мен еңбек адамдары жайлы бірегей жобалар ұсынылады.
«Ең мықты» — жұмысшы мамандықтар жылы аясында түсірілген реалити-шоу. 20 қатысушы да қарапайым еңбек адамдары: құрылысшылар, дәнекерлеушілер, механиктер — тосын, төтенше, қиын сынақтардан өтіп, күш-жігердің, мінездің және тапқырлықтың нағыз ерлік екенін дәлелдейді. Бұл — еңбекке деген құрметті дәріптейтін шоу.
«Кеш емес» — сан түрлі тағдырды бастан кешірген нәзік жандылар жайлы бағдарлама. Олар сахнаға шығып, аяқсыз қалған армандарын жүзеге асырады. Әрбірінің өнері — әйел затының жігері, таланты мен сұлулығын танытады.
«Life of a diplomat» жобасында халықаралық аудитория алғаш рет қазақстандық дипломатиялық қызметтің қыр-сырымен танысады. Бұл — үлкен саясат шымылдығы артындағы «құпиялармен» танысуға жол ашатын сирек мүмкіндік.
«Ең арзан той» — несиеге жүгінбестен, артық шығынсыз салтанатты той жасаудың тиімді жолы көрсетілетін реалити-шоу. Жобадағы оқиғалар көрерменге етене таныс әрі шынайы.
Жаңа телевизиялық маусымда қоғамдық-саяси тақырыптағы маңызды жобалар жалғасын табады.
«Бүгін.Live» — Jibek Joly студиясында сарапшылар, кейіпкерлер мен куәгерлер тікелей эфирде бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін ортаға салып, көпті толғандырған өткір тақырыптарды талқылайды.
«Большая дипломатия» — елдегі және әлемдегі өзекті оқиғалар туралы ашық талқы. Отандық және шетелдік сарапшылар, саясаттанушылар Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымының ел қауіпсіздігінен бастап, экономикасы мен әлеуетіне, қоғамдық өлшеміне әсерін ашық талқылайды.
«Правда в деталях» — Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдауға арналған журналистік зерттеу. Бағдарламада кейінгі жылдардағы ең резонансты қылмыстық істер: ірі есірткі зертханаларының әшкереленуі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу, сыбайлас жемқорлық деректері баяндалады.
«Жаһан жайы» — халықаралық оқиғалар қазақстандық көзқарас тұрғысынан қарастырылатын бағдарлама. Жоба ұлттық құндылықтарға, мәдениетке және еліміздің жаһандық контекстегі стратегиялық ұстанымына басымдық береді.
Жаңа маусымдағы Jibek Joly / Silk Way — бұл әлемді шынайы сезінетін, шын сөйлейтін және баршаны біріктіретін телеарна. Мұнда ойдан құрастырылған кейіпкерлер жоқ — тек шынайы адамдар, риясыз сезімдер мен маңызды мазмұн бар!