Бұл тапсырманы бүгін аталған министрліктің 2011 жылдағы негізгі нәтижелері мен 2012 жылғы міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов берді.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жүзеге асыру аясында Экономикалық даму және сауда министрлігіне жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Дегенмен, министрлік бұл жұмыстарда басты орган және де менің ойымша жұмыс органын құру қажет, уақыт өте шектеулі», - деді ол.
Сонымен қатар Қ.Келімбетов, Мемлекет басшысының индустриалық-инновациялық дамуда өңірлердің рөлін арттыруға тапсырма бергендігін айта келе: «Осыған орай, біздің көзқарасымызша, Экономикалық даму және сауда министрлігі ҮИИД, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Өңірлерді дамыту» сынды барлық мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіруші мемлекеттік органға айналуы керек», - деді.