Отырыс барысында құжаттардың қазақша нұсқасындағы кейбір кемшіліктер мәселесі сөз болды. Өз кезегінде Қайрат Мәми құжаттар бойынша қаншалықты жұмыс жасалса да, осындай қате жіберуге болмайтындығын, осы құжаттарды қараған судьялар көзге түсіп тұрған қатені жібермеуге ерекше мән беруі тиіс екенін қадап айтты.
«Осындай жағдайлар «әрқайсымыздың өзіміздің жұмысымыз бар» дегеннің және кейбіреулердің сот жүйесіне жаны ашымайтындығының тағы бір көрінісі. Газетке немесе телеарнаға шыққан кей әріптестеріміздің қазақ тілінің жалғыз қорғаушысы секілді кеудесін соғып кететіні бар, ал дәл іске келгенде «әрқайсың өздерің жөндеп ал» дегенге саяды. Сондықтан Жоғарғы Сот барлық сот жүйесіне үлгі болуымыз керек. Осы орайда нормативтік қаулыларды қабылдап жатқанда бұндай селқостыққа жол бермеу қажет», - деді Жоғарғы Соттың төрағасы.
Бұл тұрғыда Қ. Мәми аталған қаулының қазақша мәтіні бойынша қажет болса филолог мамандарды тарту жөнінде алқа төрағасына тиісті тапсырма берді.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста «Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау тәжірибесі туралы» нормативтік қаулының жобасы және «Азаматтардың тұрғы үйлерді жекешелендіру жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының жобасы талқыланды.