Iздеген адамымыз - филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров. Екi жыл бұрын докторлық диссертациясын қорғаған бұл кiсiнi 2001 жылдың күзiнде институтқа директор болып келген Сейiт Асқарұлы Қасқабасов жаңадан ашылған Ежелгi әдебиет бөлiмiне меңгерушi етiп қойған екен. Университеттiң соңғы курсының екiншi жартысынан бастап осы институтқа жұмысқа тұрған курстастарымыз Төрәлi Қыдыр мен Гүлнар Құрманғали жаңа меңгерушi аталған бөлiмге тек жастарды қызметке тартып жатқанын, ғылыми зерттеулерге өзi үйретiп, жетекшi болатынын, өздерi сол кiсiнiң қарамағындағы кiшi ғылыми қызметкерлер екендiктерiн айтып, Мұхит екеумiздi қызықтырған едi. Досым екеумiздiң институтқа екпiндеп келiп, именiп кiргенiмiз сондықтан болатын, деп жазады М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филол.ғ.к., доцент. Ақжiгiт Әлібекұлы «Алматы ақшамы» басылымында жарық көрген мақаласында.
Бiздi жылы қарсы алған Бауыржан аға өзiмiз туралы аз-кем сұрап бiлдi де, институттың тарихынан, сол кездегi жағдайынан қысқаша мағлұмат бердi. Сөйттi де, жалақының мардымсыз екенiн жеткiздi (бар болғаны жетi-ақ мың теңге!).
Бiрақ... Бiрақ, ағамыз бiздi ғылымның болашағына сендiрдi, институтта қызмет еткен атақты адамдармен қызықтырды, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов сынды академиктермен қатар жүресiңдер, өнеге аласыңдар деп қуантты, әдебиет пен өнердiң майталмандарынан дәрiс тыңдайсыңдар деп дәмелендiрдi, ғылыми жолда жүрiп, кандидаттық диссертация қорғасақ, «дүние де өзi, мал да өзi» екенiн дәлелдi де дәйектi мысалдармен түсiндiрдi.
Бiз ағамыздың айтқанына сендiк. Ғылым жолына түстiк. Ағамыз да бiздi ғылыми бағытта тәрбиелеуге шындап кiрiстi. Төрәлi, Мұхит үшеумiз Бауыржан ағаның алғашқы аспиранттары болдық әрi қайсымыз болсақ та жетекшiмiздiң сенiмiн ақтауға тырыстық.
Бауыржан аға бiзге өзiнiң ұстаздары, ғылымдағы ағалары мен қатарлары туралы айтудан жалықпайды. Оларды бiзге үлгi қылады. Әсiресе, әңгiме Зейнолла Қабдолов туралы болғанда, тiптi, өзгеше.
Бiз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң шығыстану факультетiнiң түлектерi болғандықтан Зейнолла Қабдоловты сырттай көрiп, еңбектерiн оқығанымыз болмаса, тiкелей дәрiстерiн тыңдаған емеспiз. Дегенмен, филология факультетiнiң ұзын коридорынан көргенде қолын ұстап, амандасып қалуға тырысып-ақ бақтық. Ол кiсiнiң iрi тұлғасы менмұндалап алыстан көрiнетiн және адамның назарын бiрден аударатын. Мына бiр эпизод көз алдымнан кеткен емес.
ҚазҰУ ректоратына қарсы орналасқан Студенттер сарайының сақалды құрылысы аяқталып, ашылуына ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өзi келiп, студенттерге дәрiс оқитын болды. Сарай лық толы. Тәртiп бойынша оқытушылар мен студенттер ертерек келiп, белгiленген орындарға отырып жатыр. Шығыстанушы студенттерге соңғы екi-үш қатар бұйырыпты. Мен есiкке таяу бос орындардың бiрiне жайғастым.
Салтанатты жиын басталды. Ректор кiрiспе сөзiн сөйлеп тұр. Президиумда Президент отыр. Сарай жым-жырт тыныштық. Бiр уақытта қасымдағы есiк ақырын ашылып, iшке зор тұлғалы Зейнолла Қабдолов кiрдi. Есiк аузындағы күзетшi жiгiт академиктiң алдын кес-кестеп, алдыға қарай жiбермеуге тырысты. Қабдолов өзiн таныстырып, жиынға арнайы шақырылғанын айтып, шақыру қағазды көрсетсе де күзетшi жiгiт түсiнер емес. Түсiнбесiн бiлдi ме, академик бiр кезде:
- Қарағым, мен ана төрде отырған үлкен кiсiге бата берген адаммын. Бар, бастығыңды шақыр, - дедi ашуланса да сабырлық сақтаған күйi. Бiрақ зiлдi айтты, даусы әмiрлi шықты.
Орысша шүлдiрлеген күзетшi жiгiт дистанциялық рация арқылы бiреулерге академик Қабдолов келiп тұрғанын хабарлады. Бес минутқа жетер-жетпес уақытта Алматы қаласының сол кездегi әкiмi В.Храпуновтың өзi келiп, академиктiң бетiнен сүйiп, алдыңғы қатарға алып кеттi. Академиктiң алдынан үлкен қаланың әкiмi арнайы шығып, жалпалақтай жөнелгенiне таңдана бiз отырдық, Қабдоловтың қайсарлығына қайран қалып күзетшi тұрды.
Жаңадан институтқа қызметке тұрып, атын естiп, кiтаптарын ғана оқыған ғалымдарды көргенде, олар туралы жетекшiмiздiң қызықты әңгiмелерiн естiгенде пәтерақы мен шайлығымызға жетпейтiн айлығымыз туралы ұмытып та кетемiз. З.Ахметов, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, Ә.Нарымбетов, Б.Құндақбайұлы, Ж.Ысмағұлов сынды ғалымдар қатысқан институттың Ғылыми кеңесi қызықты өтетiн. Ол кiсiлер әдебиет пен өнердiң талқылауға түскен өзектi мәселелерiнде өз ой-тұжырымдарын бiлдiрiп, бiз көрмеген белгiлi адамдар туралы естелiктер айтып отыратын. Айына бiр рет қана болатын кеңестен бiр жылдық сабақ алуға болшы едi. Осындай кеңестердiң бiрiне З.Қабдолов қатысса, тiптi кереметө Оның шешендiгiне, сөз саптасына қайран қалып, әдебиеттiң арғыбергi тарихынан сыр шерткенде Ғылыми кеңестiң қалай аяқталғанын да сезбей қаласың.
Бiр күнi институтқа Зейнолла Қабдолов келе қалды. Наурыз айы болатын, бiрақ күн ызғарлы. Үстiне қара пальто киген. Академик директор Сейiт Қасқабасовтың кабинетiнде жарты сағаттай отырған соң, әдебиет теориясы бөлiмiне бас сұқты. Бөлiм қызметкерлерi Наурыз мерекесiне дастархан жайған болатын. Үлкен кiсiлердiң бәрi төрге жайғасты. Мен көршi бөлiм болғандықтан қонақтарды күтуге көмектесiп жүрген едiм. Елдiң бәрi Қабдоловтың әңгiмесiн тыңдап отыр. Ағаларға қымыз, шұбат құйып мен өзiмше мәз-мейрам. Қабдоловтың кесесiне шұбат құйып жатыр едiм, академик маған қарап:
- Қарағым, атың кiм? - деп сұрағаны.
- Ақжiгiт, аға, Ақжiгiт Әлiбекұлы, - деп аты-жөнiмдi толық айттым.
- Онда Ақа десем бола ма?
Құдай-ау, сөз өнерiнiң шеберi, бар қазақты аузына қаратқан академик «Ақа десем бола ма?» деп сұрап тұрғанда қалай «жоқ» деп жауап бересiң.
- Болады, аға, болады, - дедiм сасқалақтап, бiрақ қуанып тұрмын.
- Онда, Ақа, «ақаңнан» бар ма?
Осы сөздi атыма ұйқастырып, жұртты күлдiру үшiн әдейi айтса да мен шынымен қысылдым. Бiткен жерiм осы шығар деп ойладым. Дастарханға көз саламын, ол жоқ. Жан-жағыма қараймын, ешкiм ләм-мим демейдi.
- Неге алдырмағансыңдар? - дедi Жұмағали ағамыз ыңырана.
Қызмет менiкi болғанымен, дастарханның иесi мен емес. Жаңағы сасқалақтағаным түк емес екен, тығырыққа тiрелдiм. Маңдайдан тер бұрқ ете түстi. Не iстеймiн дегендей осы бөлiмнiң меңгерушiсi Айгүл Iсiмақоваға қарап едiм, ол кiсi түсiндi-ау деймiн:
- Зеке, бұл Наурызға арналған дастархан, оның үстiне Зәки Ахметовтiң бұрынғы бөлiмi ғой, сол кiсiге де құран бағыштайық деген едiк, - деп менi құтқара сөйледi.
- Ә, онда дұрыс екен, - деп академик Қабдолов әңгiменi басқа арнаға бұрып жiбердi.
Жетекшiмiз Бауыржан аға З.Қабдоловтың шәкiртi болғанын мақтанышпен айтып отырады. Ол кiсiнiң М.Әуезовпен кездесуiн, шәкiртi болғанын, Ш.Айтматовпен достық қарымқатынасын, әдебиетшiлiгiн, ұстаздығын еске алғанда ұстазымыздың ұстазы Қабдолов болғанына бiз мәз боламыз. Мен оны әрдайым мақтанышпен айтып та жүрдiм.
Бiр күнi әдебиетшi бiраз жiгiттер әдебиет туралы, зерттеп жүрген тақырыптарымыз жайлы сөйлесiп тұрдық. Әңгiме ауаны ғылыми жетекшiлерiмiзге ауысты. Әркiм өз жетекшiсiн мақтап жатыр. Мен де қалысар емеспiн. Сөз арасында жетекшiмiз әрбiр аспирантының мақаласына дейiн қарап, жариялану барысын қадағалап отыратынын, қандай еңбектердi оқу керектiгiн ескертетiнiн, қайда жүрсе де шәкiрттерiн ұмытпай, конференцияларға шақырып, баяндамалар жасататынын, ғылыми ортада бiздi дардай ғып таныстыратынын айттым. Шамасы, мен көп мақтап жiбердiм-ау деймiн, жiгiттердiң бiрi:
- Әрине, сен қорғамағанда кiм қорғайды? Сенiң жетекшiң Омаров қой, - дегенi.
Түпкi ойын түсiне қойдым. Ол кезде Бауыржан аға Мәдениет министрлiгiне қарасты Тiл комитетiн басқаратын. Сонымен қатар, ағамыз үлкенге iзеттi, кiшiге қамқор, қатарларымен сыпайы кiсi. Сондықтан кез-келген адамға сөзi өтедi. Ал, құрдасымның жетекшiсi үлкен ғалым, бiрақ шәкiртiмен жұмыс жасамайтын едi. Әлгi сөзден кейiн бiрден оның iшкi ойын мансұқтау мақсатында:
- Бiз тек Омаровтың ғана емес, сонымен бiрге Әуезовтiң «шөбере», Қабдоловтың «немере» аспиранттарымыз, - деп жауап бердiм. Мұндағы ойым - мақтану емес, керiсiнше, бiзде Әуезовтен басталған, Қабдоловпен жалғасқан, Омаров қалпын бұзбай жеткiзген ғылыми әрi ағалық дәстүр жалғастығы барын ескерту едi. Құрдасым оны бiрден түсiндi.
Бұл сөзiм кейiн қатарластарымның, әдебиетшiлердiң арасына тез тарап, Омаровтың аспиранттары бiрнеше мәрте қайталап жүрдi. Әрине, сөз жоқ, сiлтеме маған жасалады.
Академик Зейнолла Қабдолов туралы сөз болса, менiң ойыма осы сәттер оралады. Бiз Қабдоловтан дәрiс алмадық, бiрақ, студенттiк, кандидаттық, докторлық жұмыстарда оның тiкелей шәкiртi болған адамнан ғылыми жұмысты жазуды үйренгендiктен, «Бiз Қабдоловтың «немере» аспиранттарымыз» деп ауыз толтыра мақтануға құқығымыз бар.