Кадр жағынан да, құрылғы жағынан да шетелдегі әріптестерімізден қалыс қалмаймыз - Ұлттық ғылыми медициналық орталық басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының еліміздің денсаулық сақтау ісін дамытуға ұдайы назар бөлуіне байланысты Астана бүгінде Орталық Азиядағы медициналық туризмнің жетекші орталығына айналып отыр. Соңғы 3 жылда елордадағы клиникаларда 30-дан аса мемлекеттің 5 мың азаматы ем алған.

Шетел туристерін не қызықтыратындығы, қандай медициналық қызметтер көбірек сұранысқа ие екені және расымен де қазақстандықтар шетел аспай-ақ таяу арада ең жоғары сапалы медициналық көмекке жүгіне алатындығы туралы біздің тілшіге берген сұхбатында «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқармасының төрағасы, Астана мәслихатының депутаты, профессор Абай Байгенжин бөліскен болатын.

- Абай Қабатайұлы, соңғы кездері біздің елімізде ең қиын ауру түрін емдеу дамыған елдер деңгейінде жүргізіледі деп көп айтылып жүр. Әсіресе бұл онкологиялық ауруларға қатысты. Бұл шынымен де мүмкін бе?

- Мұндай болашақ алыс емес деп ойлаймын. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде дәл қазіргі сәтте Қазақстандағы онкологиялық қызмет дамуының Жол картасын жасап жатыр. Біздің мамандарға әлемге танымал онкгологтар кеңес береді. Басты кеңесшілердің бірі біздің бұрыңғы әріптесіміз, Еуропалық онкологиялық ғылымдар академиясының басшысы, доктор Александр Эггермонт. Оның бақылауы бойынша, Қазақстандағы жағдай күрделі және бастысы қатерлі ісіктің асқынған түрінің пайыздық көрсеткішінің жоғарылығында. Еуропалықтар біздің отандастарымыздың соншалықты шыдамды болуына таңданыспен қарап жатады. Қатерлі белгілер анықталған күннің өзінде олар дәрігерлерге қаралуға асықпайды. Нәтижесінде ауру дегеніне жетіп, науқасқа араша болу қиынға және қымбатқа түсіп кетеді. Егер, мысалы омырау қатерлі ісігін бірінші кезеңінде емдеу 150 мың теңгеге шықса, төртінші кезеңінде 27 миллионды құрайды. Алайда онкологиялық науқастар саны артуда. Тіркеуде 160 мың адам тіркелген, бұл еліміздегі халықтың 1 пайызын құрайды.

- Онкологиялық қызметті дамытудың Жол картасын жасаушылар неге мән береді?

- Жол картасының негізін үш сала құрайды: ерте нақтылау, инфрақұрылымды құру және мамандар даярлау. Ұлттық ғылыми медициналық орталық аясында сүйек кемігін трансплантациялау бөлімі ашылып, лейкоз, апластикалық анемия, лимфома және басқа да аурулармен ауыратын науқастар ем алады деп жоспарлануда. Химиялық терапияны дайындау мен алуда, химиотерапиялық препараттарды даярлаудың орталықтандырылған жүйесін енгізуде науқастардың ауруын жеңілдететін бағдарламалар дайындалу үстінде. Қазақстандық мамандар Еуропаның жетекші көпсалалы онкология орталықтарында жылына 250 мың науқасты қабылдап, химиотерапияның 200 мың емдеу шарасы және 10 мың хирургиялық интервенция жасалатын Густав Русси институтында білімін жетілдіре алады. Менің ойымша, осындай клиникалардағы қысқа мерзімді курстардың өзі дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз үшін жақсы мектеп бола алады. Ең басты келісіміміз еуропалық ғалымдардың Қазақстанға келіп, біздің мамандармен білгенін бөлісетіндігі.

- Астанада Орталық Азиядағы медициналық туризм орталығы даңқы асқақтап тұр. Сіздің орталық Қазақстанға ем алуға келген шетел азаматтары үшін өте танымал. Көбіне қандай қызметтер сұранысқа ие?

- Шынымен де, біздің науқастарымыздың арасында АҚШ, Қытай, Кувейт, Біріккен Араб әмірлігі, Үндістан, Ресей және басқа елдердің азаматтары бар. Шетелдіктерді көбіне жасушалық технологиялар қызықтырады. Ем кезінде пайдаланылатын немесе оларды қолдану таяу арада жоспарда бар ауралардың тізімі күн санап артып келеді. Бұл тізімге дәрі-дәрмектік ем тиімді емес барлық аурулар енеді. Жиі кездесетін патологиялық аурулар метаболизмді синдром және 2-типтегі сусамыр.

Жалпы алғанда 2011-2014 жылдар аралығында Ұлттық ғылыми медициналық орталықта шетелдік 65 науқасқа медициналық көмек көрсетілген. Мұнымен шектеліп қалмасымыз анық. Бұл жерде емдеу ақысы маңызды рөл атқаратыны белгілі бұл олардың отанындағы бағадан анағұрлым төменірек. Мәселен, Қазақстанда бауырды алмастыру науқасқа 20 мың долларға түседі, ал Ресейде үш есеге қымбат. Және де кадр жағынан да, құрылғы жағынан да шетелдік әріптестерімізден қалыс қалып жатқан жоқпыз.

- Айтыңызшы, жаңа экономикалық саясатқа байланысты Орталық жұмысында айтарлықтай өзгерістер бола ма?

- Ұлттық ғылыми медициналық орталық әрі қарай да сол режімде жұмысын жалғастыра береді, яғни халыққа сапалы қызмет көрсетеді және қызмет сапасын бұрыңғыдан да жоғары, жаңа деңгейге көтеретін болады.

- Сұхбатыңызға ра хмет.