Қадырбек РАМАЗАН, медицина ғылымының докторы, профессор: Жүрек аурулары жасарып барады....

ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар саны едәуір ұлғайып келеді. Оның ішінде Қазақстанда да бұл ауру кеңінен етек алып отырғаны да рас. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан Республикасындағы жүрек-қан тамыры ауруларының салдарынан болатын өлім көрсеткіші Еуропа елдеріне қарағанда 2 есеге артқан.

Мәселен, Еуропаның дамыған елдерінде 100 мың халыққа шаққандағы есеп бойынша 448 адамнан келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 867,9 адамды құрайды екен. Ал Германия, Ұлыбритания секілді елдерде кардиологиялық қызметке баса мән берудің арқасында соңғы уақыттары жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіші төмендеп отыр. Әлемдегі жағдайды ескере келе, ҚазАқпарат тілшісі осы саланың маманы Қадырбек Рамазанмен әңгімелескен еді.

- Профессор мырза, бүгінгі күні әлем елдері жүрек ауруларының кеңінен өршіп отырғанына алаңдаулы. Білікті маман ре­тін­де осы ауру түрі бойынша әлемдегі қалыптасқан жағ­дайды қалай бағалар едіңіз?

- Расында да, соңғы жылдары қан ай­на­лымы жүйесі аурулары, оның ішінде жү­рек қан-тамырлары ауруы әлемдік дең­гей­дегі эпидемия сипатына еніп келеді десек артық айтқандық болмас. Бүгінгі күні өлім-жітім бойынша жүргізілетін есепте жү­рек-қан тамырлары аурулары алғашқы са­тыға шықты. Мәселен, Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылы жүрек-қан тамырлары ауруы әлем бойынша 17,5 млн. адамның өліміне тікелей себепші болыпты. Бұл - бар­лық өлім жағдайының 30 пайызы деген сөз. Негізінен, бұл ауру түрлерінің өршуі да­му үстіндегі һәм дамыған елдерде өте шап­шаң қарқын алып отырғаны байқалады. Яғни бұны көпшілік ғалымдар өркениет пен ірі қалалар ауруы, қызу қарбалас, қым-қуыт өмір ырғағымен жүріп, еңбек пен дем­алыс нормаларын сақтауды кейінгі орын­ға ысырып отыратын өмір салтымен байланысқан ауру деп санайды. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымының тағы бір зерт­теулеріне қарағанда, 2020 жылға қа­рай даму жолындағы мемлекеттердегі халықтың жұқпалы емес ауру түрлерінен қай­­тыс болатындар көрсеткіші 70-80 пайыз­ға жететіні болжанады. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Ал соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруы 1-орынға шығаты­ны­на және назар аударылады. Егер кез кел­ген азаматтың санасына осы аурудың салдарын түсіндіре алсақ, онда осындай жұқпалы емес бола тұра, жұртшылықтың арасында кеңінен етек алған эпидемияның алдын алар едік. Ал бүгінгі деректер ке­рі­сінше өсу үстінде екендігін, оның мем­ле­кет үшін экономикалық салдарын әркім же­те түсінген ләзім.

- Ал Қазақстандағы жүрек ауруларына қатысты жағдай туралы не айтасыз?

- Қазақстанның денсаулық сақ­тау жүйесіндегі жүрек-қан тамырлары аурула­рының деңгейі аса алаңдатарлық жағ­дайда. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан, жо­ғары қан қысымы секілді аурудан о дү­ниелік болатындар саны да жыл сайын артып барады. Қазір еліміздегі аурудың басымы жоғары қан қысымынан болып табылады. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге көз жүгіртсек, соңғы 20 жылда Қазақстандағы жүрек-қан та­мырлары аурулары 10 есеге, ал осының сал­да­рынан туындайтын өлім 2 есеге артқан. Яғни, елімізде салыстырмалы түрде алғанда жүрек-қан тамырлары сырқаты өршіп тұр. Газеттерде жа­рияланған және бір деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың бес айының ішінде 65,5 мың адам қайтыс болса, соның 43 пайызын жүрек-қан тамырлары ауру­лары құрап отыр. Бұл Қазақстандағы жағ­дай­дың тым мүшкіл екенін тағы айғақтайды. Тағы алаңдайтын мәселе, бұндай аурулар бұ­рынғы тәжірибеде тек ересек адамдарға тән болса, қазір науқастар қатары жасарып барады. Мәселен, менің кардиология саласында жұмыс істегеніме 20 жылдан асыпты. Осы 20 жылдық кезеңде, шынымен де, жүрегі ауыратын науқастардың жасарып бара жатқанын байқаймыз. Бұрындары жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болушы еді. Бірен-саран жастардың ауруын негізінен тікелей жүрекке байланыстырып қарамайтын едік. Қазіргі тәжірибемде жас­тардың осы ауруға шалдығуы таңғал­дыр­майтын болды. Оның ішінде де бұрын жүрек-қан тамырларының қатаюы, жүректің өліеттенуі тек ересек адамдарда болып, тіпті бұл дерт алдымен жүректің шаншуы арқылы байқалатын. Ал қазіргі жастар көп жағдайда бірден инфаркт алып, ауруханаға түседі немесе инфарктыдан кейін ауруханаға жетпеген күйі бірден о дүниеге өтіп кет­кен­дері де кездесіп жатыр. Яғни, бұрынғы кезде­рі жүрек аурулары клини­калық бай­қа­лып, тұрақты стено­кардия, тұрақсыз сте­но­кар­дия деп бөлінуші еді. Қазір жап-жас жігіттердің өзі бірден инфаркт болып жатыр. Бұл - еліміздің медицина сала­сын­дағы ең үлкен күрделі мәселе.

Жүрек ауруларымен қоса, жастайынан қан қысымы ауруына шалдығатын адамдар саны да көбейіп отыр. Міне, соның сал­да­ры­нан азаматтардың негізгі ағза жүйесіндегі қан тамырларының ішкі кілегей пердесі зақымданып артерияның қой­мал­жың­да­нып, қатаюын арттырып отырады. Сөйтіп, жү­рек бұлшық етінің өліеттенуін, жүрек шан­шуын, ми қан тамырлары тосылуын туды­рып, бүйрек артериясының тарылуы арқылы жоғары қан қысымы ауруы пайда болып жатыр.

- Келеңсіз көрсеткіштердің елі­мізде белең алып, жүрек ауруының жұрт арасында өршуін немен түсін­діресіз?

- Меніңше, бұл аурудың өршіуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Оның ішінде, тұтастай елдің дамуы бағытында орын алған өзгерістер де адамның жанына да, тәніне де өзгерістер енгізері хақ. Мәселен, кеңестік империя құлағалы халық көптеген ауыспалы кезеңдерді бастан өткерді. Содан бергі уақытта жаңашыл дүниелер топ-тобымен өмірге еніп жатыр. Осының бәрі адам ағзасына, оның ішінде жүрекке қатты әсер етеді. Стресті жағдайлар қазір қоғамда жиі орын алады. Екінші жағынан тұрмысы жақсара бастаған әрі өтпелі кезеңді бастан өткерген халық көбінесе өзінің тұрмыс салтын бұзып, өзгертіп алады. Сондықтан да, жүрек ауруларының өршуін бір жағынан ғылым жолымен ілесіп келіп, жұртшылықтың кең «тұтынуына» сіңіп бара­ды десе болады. Өйткені бүгінгі күні заман дамуына сай көптеген тұрмыстық мәселелер авто­мат­ты басқаруға ұласып, адамның «өмірін же­ңілдетіп» жатқан жайы бар. Яғни, кейбіреулер тұрмысы жақсарған сайын қимыл-қоз­ға­лыс­ты шектеп келеді. Жұртшы­лық арасында маңдайының терін сылып, дене еңбегін барынша сарпып, содан рахаттанып күн кешетіндер қатары күн сайын азайып бара жатыр. Оза дамыған елдердің өзі осыған үлкен мән беріп, бұқараның бұ­лайша берекетсіз өмір сүруіне жол бермей қыруар қаражат жұмсап, жұрттың жаппай спортқа жүгінуіне жағдай жасап жатқаны сондықтан. Ал бізде қазір ауқатты жұрттың басым бө­лі­гі дене еңбегімен айналысудан қалды. Үнемі көлікпен жүреді, қызметінде күні бойы отырыс, үйінде бәрі автоматты бас­қа­рылады, одан қалса, үй жұмысына да араласпай, күтуші жалдайды. Спортқа кей­бі­рінің уақыты болмаса, бірсыпырасының зауқы жоқ. Ал орташа табыстылардың күн­кө­ріс салты қым-қуыт. Әйтсе де, олардың басым бөлігінің жұмысы да күндіз-түні оты­рыс­та өтеді. Демалыс күндерін, бос уақы­тын, негізінен, қосымша табысқа жұм­са­ған­ды пайдалы санайды. Сол екі ара­да­ғы­лар­дың да, ауқаты одан төменгілердің де көңіл күйі шаршаңқы, басыңқы. Осындай жолмен жіктей отырсақ, жүрек ауруының өршу салдарын көруге болатын еді.

- Бұдан басқа да факторлар бар шығар? Соларға тоқталсаңыз?

- Әрине, бұдан да басқа факторлар жеткілікті. Соның бірі қазақ халқы негізінен қуат­ты, нәрлі тағамдарды тұтынады. Қазір қай үйге барсаңыз да, алдыңыздан бір табақ ет шығады. Етсіз, құр шөп-шаламмен, жеңіл-желпі тамақтанғанды қазақ еш жаратпайды. Еттен бөлек пайдаланатын тағам­да­ры­мыз­дың бәрі құнарлы. Оның ішінде май да, ай­ран да, нан да құнары жағынан, сіңім­ділігі жағынан адамнан көп қимылды талап ететіні және белгілі. Әрине, бұдан «ет жемеу керек» деген қорытынды шығарып та жарытпаймыз. Ең бастысы, жеген тағамы­ның құнарын бойынан дене еңбегі, қимыл-қозғалыс арқылы шығара білу. Әйтпесе біз түскі аста да, кешкі мәзірде де етті тамақты қорек қылып, оның дұрыс қо­ры­тылмай тұтастай бойға таралуына жағдай туғызамыз. Екін­ш­і жағынан адамның көңіл күйіне эко­логия, қоршаған ортаның жағдайы да қат­ты әсер ететіні анық. Бұл да жүрекке артық салмақ.

- Жүрек ауруының алдын алу үшін не істеу керек?

- Егер жүйелі түрде аурудың алдын алу ша­раларын ғылыми ұштастырып, жүзеге асыра білсек, қан тамырлары ауруларынан болатын қауіп-қатерді едәуір азайтуға немесе алдын алуға болатын еді. Зерттеулерге сүйенсек, ми қан тамырлары ауру­ларын 40-50 пайыз, жүрек тәж арте­рия­сы қатаюын - 15-20 пайыз, бүйрек қыз­метінің әлсіреуін 50-60 пайызға дейін төмендетуге болады. Сонымен қатар жо­ғары қан қысымын жүйелі түрде емдегенде, бұны тұрақты күйге тежеуге болатыны да ай­қын. Бұдан бөлек, жоғары қан қысымы ау­руларының 5-10 пайызының белгілі бір себептері бар симптоматикалық ар­те­риал­ды гипертензия болса, оны да емдеп жа­зу­ға болады.

Осы тұрғыда жүрек дертіне шалдықпас үшін тоғыз түрлі факторлардан арылуды алға тартуға болады. Біріншіден, құрсақ салып семірмеу, яғни дене салмағын қа­лып­ты ұстау керек. Екіншіден, темекі мен арақтан бас тарту. Темекі - жүрек-қан тамы­ры ауруының пайда болуын 3-4 есеге арттыратын фактор. Яғни жүрек кеселіне - көбіне-көп темекі себеп. Темекінің түтіні өкпеден шығып, шайыры қан тамырының эластикасын жояды. Сөйтіп, тамыр бітеледі. Есесіне шылымқор азамат жүрек ауруын тауып алады. Сондай-ақ темекі өкпе-рак ауруларының тууына себепші болады. Үшіншіден - ас тұзын шектен артық тұтынбау. Төртіншіден - үнемі дене шынықтырумен шұғылданып тұру. Мұнда әр аптада кем дегенде бес рет әрекеттеніп жүру және әрбір жүрістің жарты сағаттан артық болуын қадағалау қажет. Адам күніне шамамен 3 шақырымнан ар­тық жол жүргені абзал. Дегенмен, әрбір адам өзінің нақтылы шамасы мен жағ­дайы­на сай қимыл жасау керек. Бесінші - қандағы май құрамын тұ­рақ­ты ұстау қажет. Алтыншы - қан қы­сы­мын да тұрақты ұстау керек. Жетінші - үйлесімді азықтану. Жоғары қуатты азық­тарға қарағанда көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек тұтынған абзалырақ. Се­гізінші - көңіл-күйді кең ұстап, рухани, эко­но­ми­калық, отбасылық күйзелістен ары­луға тырысып, демалыс уақытына көңіл бөліп, кең пейілді, сабырлы болу қажет. Тоғызыншы - дәрігерге уақытында барып, кеңес алып тұру. Әдетте біздің азаматтар көбінесе ауырмайтын жол іздегеннен гөрі, ауырып барып ем іздеп жататыны рас. Бұл дұрыс емес. Ал ауырмаудың жолын іздеу - бір науқастың ғана емес, әрбір азаматтың һәм тұтастай мемлекет пен оның органдарының және бүкіл қоғамның жұмысы. Соған орай, жалпы халықтың медициналық танымын жетілдіріп, бұқаралық спортқа жұртты кеңінен тарта білу керек. Сонда барып, адам саулығы жақсарады. Жүректің жұмысы да қалпында болады. Ең бастысы әрбір азамат аурудың алдын алуы өз қолында екенін жете түсінгені ләзім. Ал мемлекеттік билік соған барынша жағдай жасаса болғаны.

- Әңгімеңізге рахмет!