***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Энергия тапшылығы азаяды» деген мақала берілген. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алға қойылған бірқатар тапсырмаларды тарқатып айтқан Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаментінің директоры Бауыржан Сәрсенов аталған саладағы жобалармен таныстырды. «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде бірыңғай электр энергетика жүйесін дамыту тақырыбы талқыланған жиында еліміздің энергетикалық саласын, оның ішінде, электр және көлік инфрақұрылымдарын дамыту біздің экономиканың басым бағыттарының бірі болып табылатындығы сөз болды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қарашасындағы «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деп атап өткен болатын, дей келе Б.Сәрсенов осы міндеттерді іске асыру мақсатында келесі реттегі жоғары вольтты электр желілері салынатындығын алға тартты. Олардың бірі 500 кВ болатын жоғары вольтты «Екібастұз - Семей - Өскемен», ал екіншісі «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» электр желілері болмақ. Аталған желілерді салу екі кезеңнен тұратындығына тоқталған Б.Сәрсенов алғашқы кезеңге 500 кВ-тық «Екібастұз - Семей - Өскемен» электр желісін салу жататындығын айтты. Оны іске асыру мерзімі 2011-2017 жылдар аралығы болып табылатындығын тілге тиек еткен ол, жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін «KEGOC» АҚ нысандарды салуда толыққанды тапсыру қарастырылған келісімшарттарға қол қойғандығын түсіндірді. Ал екінші кезеңді жоспар бойынша іске асыру мерзімі 2012-2018 жылдар аралығы болып отырған 500 кВ-тық «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» жоғары вольтты электр желісін салу, деді департамент директоры.
Бас басылымда «Қан тапсырған жанды қаһарман деуге болады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Еліміздің денсаулық сақтау және білім беру саласының жұмысын жандандырып, серпін берген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында ашылған қан орталығы бүгінде жылына 15 мың литр қан дайындауға мүмкіндігі бар. Орталық дүниежүзілік стандартқа сәйкес жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған. Өткен жылы бұл орталықта 16773 адам қан тапсырса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл сан 4964-ге жетіпті. Яғни, қан тапсырушылар саны артып келеді деген сөз.
Ғалымдардың жүргізген зерттеулері қан тапсыру адам денсаулығына зиянсыз екенін дәлелдеген. Тіпті, қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфаркт, ишемиялық аурулармен он есе сирек ауыратыны анықталған. Бірақ бұл жұмыс әр адамның өз еркі, санасына байланысты ғой. Мысалға, Америка халқы қан тапсыруды өзінің азаматтық парызы санайды. Бұл арқылы өзінің жақынын, тіптен мүлдем танымайтын адамдардың өмірін сақтап қалуға болатынын жақсы түсінеді.
*** « Жоқ-жітікке жәрдемдесу, қайырымдылық жасау халқымыздың қанында бар. Қазақтар ертеде күрделі, көлемді жұмыстарды, мысалы, үй тұрғызу, қора-қопсы салу, егіншілік дамыған өңірлерде арық қазу, тазалау секілді ізгілікті істерді «асар», «үме» арқылы ерікті әрі тегін атқарған. Бұл сала енді жаңа заманда дамудың жаңа сатысына көтерілуге тиіс. Көшбасшы партияның бастамасымен, Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Волонтерлық қызмет туралы» заң қабылданбақ. Кеше Астанада «Нұр Отанның» Қоғамдық саясат институты мен партия фракциясының өкілдері «SarapTime» пікірталас клубының алаңында осы заң жобасын эксперттік талқыға салды»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Еріктілердің еселі еңбегі елге қажет» атты мақаласында. Жалпы, еріктілер туралы заң жобасы Қазақстандағы волонтерлық ұйымдардың жауапкершілігін арттырады, мысалы, олар өз еріктілерін медициналық сақтандыруға міндеттенеді.
Жоба қабылданғаннан кейін көптеген жаңалықтар өмірге жолдама алмақ. Мысалы, елімізде еріктілердің электронды картасы пайда болады. Ал волонтерлық қызмет жастардың мансаптық өсуінің бір «лифтіне» айналуы мүмкін. Бұған қоса, осы қайырымды істегі көпжылдық еңбегі үшін еріктілерге медальдар беріле бастайды.
Осы басылымда «Қаһарман қыздың есімі әуежайға қашан беріледі?» деген мақала жарияланды. «Айқын» газеті 2012 жылы ақпан айында «Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілсе...» деген тақырыпта «Эйрбас-320» әуе кемесінің капитаны Тоты Әміровамен жедел сұхбат жариялаған болатын.
«Осы сұхбатта Ұлы Отан соғысы жылдарында әйелдерден құрылған әскери ұшқыш полкінде ұшқыш-штурман болған қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанованың есімін батыр қыздың туған жері - Атырау қаласындағы халықаралық әуежайға беру жөнінде мәселе көтерілген-ді. Бүгіндері бұл ұсыныс елімізде жаппай қолдауға ие болды»,-деп жазады мақала авторы.
«Айқын» газетінде көтерілген мәселені қолдаған сол кездегі Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов пен сенаторлар Светлана Жалмағамбетова, Ғарифолла Есім және Сәрсенбай Еңсегеновтер Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Арада бір ай мерзім өткен соң Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сенаторлар сауалына жауап берді: «Қазақтың даңқты ұшқыш қызы , Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы ұсыныс Мемлекеттік ономастика комиссиясының белгіленген тәртібіне сәйкес қаралатын болады. Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасы бойынша ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленіп, ҚР Парламентінің қарауына енгізілді», аталған заң жобасы қабылданған жағдайда, көтеріліп отырған мәселе заңнамаға сәйкес шешімін табады» делінген жауап хат, ақиқаты керек, Отаны үшін от кешіп, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық іс жасаған Хиуаз Доспанованың есімін мәңгілік есте қалдыру және келешек ұрпақты патриоттық бағытта тәрбие алуына ықпал ететін ұсынысты қолдағанын аңғартты.
***
«Казахстанская правда» газетінде «Тематические акценты АЭФ-2015» атты мақала басылды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «АЭФ 2015 - болашақтың инфрақұрылымы» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиевтің айтуынша, форумға шамамен 90 елден 3 мыңға жуық делегат келеді. Олардың ішінде 200-ге жуық вип-спикер, мәселен премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар болады», - деді Ә. Ерғалиев.
Форум аясында небәрі екі күннің ішінде, яғни 21-22 мамырда отызға жуық сессия өтеді. Олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналады. Айта кетейік, форумды ұйымдастыруға БҰҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, Дүниежүзілік банк сияқты іргелі ұйымдар атсалысып отыр.
***
«Экспресс-К» газетінде «Диагноз: мохнатые лапы» деген материал берілген. Сәуірде Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы өз қызметінен кетті. Оның жұмысынан босауына Егіндікөл аудандық ауруханасының бас дәрігері мен бас есепшісіне қатысты қылмыстық істің қозғалуы себеп болғаны айтылған. Тергеу нұсқасына қарағанда, олар аса ірі мөлшерде - 23 257 003 тенге көлемінде, мемлекет мүддесіне материалдық зардап келтірген деп айыпталуда.
Газеттің жазуынша, жақында аталған басқарманың қызметкерлерін тұтқындау шаралары жүргізілген. Белгілі болғандай, облыстық денсаулық сақтау мекемесінің лауазымды қызметкерлерінің 300 мың теңге көлемде пара алуы фактісі анықталды.