Каир қаласында Тараздан шыққан көптеген ғалымдар өмір сүрген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ғылым ордасы» РМК кешенінде Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы, әдебиеттанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі жас ғалымдармен кездесіп, қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, көне қалалары, қазақ хандығының 550 жылдығы және қазақ даласынан шыққан ұлы ғұламалар жайлы өте қызықты әңгіме өткізген болатын. Бүгін аталмыш дәрістің қазақ жерінен шыққан ғалымдар жайлы тарихи деректерге толы бөлімінің жалғасын ұсынамыз.

Екінші ұстаз

Бүкіл ғылымның, шын ғылымның нағыз атасы кім? Әрине Әбу Насыр әл-Фараби. Мен бірде Токиоға дәріс оқуға бардым. 1994 жылы болса керек шамасы. Сонда бір кісімен әңгімелестім. Қазақстанды білмейді, бірақ әл-Фарабиді біледі. Сонда ол маған: Сіз Жаралланы білесіз бе? - деді. Мені бір жерден ұстағысы келді ма, білмеймін. Сосын, мен: Жаралла деп Азамақшаны айтып тұрсыз ба? - деп сұрадым. - Иә, иә, Азамақшаны айтып тұрмын, - деді. - Сіз оны қайдан білесіз? - дедім. Ол: Мен Мешхед университетін бітіріп едім, - дейді. Сөйтсем Ирантанушы екен. Жаралла деген өте атақты ғалым болған. Оны Әбілқасым Азамақша деп те атайды. Ол таң қалды. Мен оған бұл саланы көптен зерттеп жүргенімді айттым.

Әбу Насыр әл-Фарабиді неге ғылымдардың атасы дейді? Мысалы, мен филологпын. Сіз тарихшысыз, біреу химик, біреу физик. Солай емес пе? Ал ол кісі ғылымның барлық саласын меңгерген. Ол заманда ғылым әлі жіктеле қойған жоқ еді. Ал Әбу Насыр әл-Фараби сол кезде «Ихса әләулім» деген кітап жазған. «Ғылымды классификациялау, ғылымды жіктеу» деген мағынаны білдіреді. Ол тіпті, Еуропа әлі ұйқыда жатқан кезде, музыканың теориясын жазған кісі. Сонау оныншы ғасырда! Ол біздің қазақ даласынан шыққан ұлы ғұлама! Әбу Насыр әл-Фарабидің бізде 8-9 кітабы шықты. Мен таяуда Испаниядан әл-Фарабидің он трактатын тапдым. Бұзаудың терісіне жазылған. Соны маған СД дискіге жазып берді.

Екінші ғалым - Исхак әл-Фараби. Әбу Насыр әл-Фарабидің тұстасы. 961 жылы қайтыс болған. Тағы бір ғалым: әл-Жаухари әл-Фараби. Исхак әл-Фараби «Диуани әл азат» деген кітап жазған. Бейрутта 4 томдығы шыққан. Ол - лексикограф. Яғни тіл маманы болған. Бір қызығы оның Отырарға келіп қайтыс болғаны туралы дерек бар. Басқа әл-Фарабилер туралы мұндай дерек жоқ. Исмаил бен хаммад әл-Жаухари әл-Фараби 6 том еңбек жазған ғалым. Олар «Ассихақ» деп аталады. Ол шын, ақиқат, шынайы деген мағынаны білдіреді. Ол араб тілінің түсіндірме сөздігін жасаған. Сонда «Шын араб тілінің түсіндірме сөздігі» деген мағынаны білдіреді.

Тағы бір ғалым - Ғибатулла ибн Ахмед ибн Муалла ибн Махмұд әт-Түркістани ат-Тарази! 1272-1333 жылдар арасында өмір сүрген. Бұны мен қайдан таптым? 2002 жылы ғой деймін. Каирде жыл сайын халықаралық конференция болатын. Муфти болып жүрген кезімде жыл сайын барып жүрдім. Сонда біздің елшіміз, Асқар Мұсинов деген жігіт айтты. Ол кезде елші. «Аға, Қазақстан Муфтиінің келу құрметіне мен елшілікте қабылдау өткізейін деп едім. Көп кісілерді шақырамын. Бұның тағы бір себебі бар. Сізбен бір ғалымды таныстырамын. Өте қызық адам. Қалғанын айтпай-ақ қояйын», - деді. «Жарайды», - дедім. Кешке бардым. Бір уақытта бойы биік, беті жалпақ бір кісі келді. Қасында ұлы бар. Елші: Мына кісімен танысып қойыңыз, - деді. Мен «иә» деп, ол кісімен арабша таныстым. Ол кісі: - Қарағым, мен қазақша білемін ғой. Менің есімім Насрұлла ат-Тарази. Мен Тараз деген қаладанмын десе бола ма!? Мен: - Ә, солай ма аға, - деп, - мұнда неғып жүрсіз? - дедім. - Қарағым мен осында Каир университетінің профессорымын. Мен Тараз қаласынан 7 жасымды кеткен екенмін. 1922 жылы Таразда туыппын. Сонда 1929 жылы аласапыран кезде, әкемді қызылдар қамаған екен. Содан ол түрмеден қашып шығып, мені алып, түнде елден қашып шығыпты. Тіпті әйелін алып кетуге де мүмкіндігі болмаған ғой. Содан мен осында келген екенмін. Біз Ауғаныстанда, Пәкстанда тұрдық. Содан кейін ұзақ жылдан бері осы Каирде тұрып келеміз. Мына Каир университетінің түркі тілдеріндегі қолжазбаларының барлығы менің қолымнан өтеді. Менің қолымнан өтпеген қолжазба жоқ. Менен барлығы келіп сұрайды, - деді.

Сол кісі айтты маған қысқаша: - Қарағым, сен өзің ғылыммен айналысады екенсің, жай муфти емес екенсің, ғалым екенсің. Мынау Каир қаласында Тараздан шыққан көп ғалымдар тұрған. Осында Әл-Асхар университетінің қасында сұлтан Бейбарыс салдырған медресе бар. Сен барып соны көр. Сол медресе қазір де тұр. Оның директоры жаңағы мен айтқан Ғибатулла ибн Ахмед ибн Муалла ибн Махмұд ат-Түркістани ат-Тарази деген кісі болған. Неге ол директор болды? Өйткені, ол айтқан: Әй, жарандар Бейбарыс менің атам! Біздің жерімізден шыққан. Бұның директоры мен боламын», - деген ғой. Сөйтіп, өле-өлгенше сол медресенің директоры болған екен. Оны маған жаңағы Насрұлла атамыз айтты. Содан ол кісі: «Қарағым, саған бір өтініш айтайын. Қазір тәуелсіздік алдыңдар. Каирге кім келіп-кетпей жатыр! Қазақстаннан көп кісілер келеді. Бірақ қайсысына жолықсам да: «Ой, ата қатырамын. Сізді Қазақстанға өзім апарамын. Мұның ешқандай қиындығы жоқ», - деп уәдені үйіп төгеді. Содан «аумин аллаху акбар». Жоқ. Ал сен дін адамы екенсің. Өтірік айтпайтын шығарсың. Мені Таразыма бір апаршы! Бірақ, қарағым мен ғалым адаммын. Ғалым адам кедей болады. Менің ақшам жоқ. Апарсаң барлық салмақ өзіңе түседі. Жолақысы да, барлығы, - деді. - Мақұл ата! Мен келесі жылы осы конференцияға тағы да келемін, сол келгенімде сізді елге алып кетемін - деп уәде бердім. - Жақсы, - деп қуанып қалды. Келесі жылы бір демеушілер тауып, 2-3 мың доллар жинап, Каирге бардым. Асқар күтіп алды. - Асқар, міне ақша қалтада. Әлгі атамыз қайда? Визасын дайында! Мен Таразға алып кететін болдым, - дедім қуана. Сөйтсем, Асқардың ұнжырғысы түсіп кеткен. - Әй не болды? - Атамыз қайтыс болып кетті, - деді. Қандай өкінішті! Туған жерін көре алмай кетті жарықтық. Таяуда «Байтерек» деген журналда орыс тілінде сол кісі туралы үлкен мақалам шықты.

Мен сол Ғибатұлла атамыздың шығармасы жайлы «Хибатұлла ат-Тарази. Оның рухани мұрасы» деп аталатын еңбек жаздым. Оны орыс тілінде жазуымның бір себебі бар. Бұл атамыз Әбу Ханифа мазхабын насихаттаған кісі екен. Мен тәжіктерге, татарларға, башқұрт ағайындарға осы кісінің еңбектерін аударып жатырмын деп айттым. Олардың барлығы: - Жоқ, сіз қазақшаға аудармаңыз, оны қазақтан басқа ешкім оқымайды ғой. Ал ол бізге де ортақ кісі. Сондықтан мүмкіндігіңіз болса, орысшаға аударыңыз - деді. О, шынында да солай екен-ау деп, орысша аударып шығардық.

(жалғасы бар)