12:03, 25 Сәуір 2009
Қала басшылығы мен кәсіпорын жетекшілері өнеркәсіпті өркендету жайын қарастырды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қаласының билік өкілдері мен кәсіпорындары, шағын және орта бизнес өкілдерінің «Достар» мәдениет үйінде өткен кездесуінде қала өндірісінің мүмкіндігі және өнім көлемін арттыруға қолбайлау болып отырған жәйттер, баға саясатын ретке келтіру жайы қарастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Бақыт Сапаровтың мәлімдеуінше, жылдың алғашқы тоқсанында өнім көлемі өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға артып бес миллиард теңге төңірегінде қалыптасқан. Ал келер үш айда ол сегіз миллиард теңгеге жетуі қажеттігі атап көрсетілді. Осы уақытта 38 шағын бизнес құрылым әлеуметтік салаға миллион теңгеге қамқорлық көрсеткен. 4 мың соғыс ардагері мен Чернобыль апатында зардап шеккендерге бюджеттен 23 миллион теңге бөлінген. Өз кезегінде кәсіпорын, шағын бизнес жетекшілері жергілікті өнімге деген қамқорлық, жер телімдерін бөлу, жаңа жұмыс орындарын ашудағы кедергілер, жөнсіз тексерулер, салық төлемдерінің шамадан тыс көптігі, тендрге қатысушылардың жергілікті өкілдерін қолдау сынды сауалдарын ортаға салып, оны жүзеге асырудың жолдарын қарастырды. Қала басшысының хабарлауынша жыл ішінде 35 пәтерлі бір үй пайдалануға беріліп, осындай және бір 45 пәтерлі екі үй салынуда. Жыл соңына дейін тағы да екі 35 және 45 пәтерлі үйлердің құрылысы басталатын болады. Кәсіпкерлер мен өндіріс жетекшілерінің бұл істен қалыс қалмауына өтінішін білдірген қала басшысы, баға саясатына жауапкершілікпен қарауға ұсыныс жасады.