Қала күнін мерекелеуге бюджеттен бөлінген 120 миллион теңге мен демеушілік инвестициялар тартылуда - Астана әкімі

АНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биыл Астана күнін мерекелеуді ұйымдастыру шараларына демеушілік қаражаттардан бөлек, қала бюджетінен 120 миллион теңге бөлінді.

 Бұл туралы бүгін елорданың туған күнін атап өтуге арналған баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімінің атап көрсеткеніндей, былтыр Астананың 10 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың саны 112 болса, биыл олардың саны небәрі 36-ны құрап отыр. Осыған сәйкес ұйымдастыруға жұмсалатын шығындар да сәйкесінше аз болады. Дегенмен, қала күнін мейлінше әдемі және әсерлі етіп өткізуге өзіндік үлесімді қосамын деуші бизнесмендер көптеп табылуда.

«Мұнай компанияларынан бастап банктік құрылымдарға дейін демеушілер өте көп. Олардың ішінен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен мерекені ұйымдастыру есепшотына 300 миллион теңге аударған «Қазақмыс» компаниясын ерекше атап өтуге болады. Ақшалай көмек көрсете алмағандар, қызметтері мен шығарып отырған өнім-тауарларын ұсынуда», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Астананың 10 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға республикалық және қалалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Барлық шығынды «Бәйтерек» қоры көтерген болатын.