Қала күніне орай өткізілген байқауда «үздік аула сыпырушы» атанған оралдық азаматтың ұл-қызы Вашингтонда тұрады

ОРАЛ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласындағы «Алмаз» жеке пәтер иелері кооперативінде аула сыпырушы болып жұмыс жасайтын Нұрболат Қарағойшиев биыл қала күніне орай өткізілген байқауда «үздік аула сыпырушы» атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған Н.Қарағойшиев әуелі №4 кәсіптік мектепте дәріс берсе, кейін №12 кәсіптік мектепте балаларды ағаш шеберлігіне баулыған. 1996 жылы құрылыс саласына ауысып, жұмысшы болған ол биылдан бастап аула сыпыруға көшкен. Бірден өз кәсібінің үздігі атанып, қала әкімдігінің жүлде-марапатына ие болды.

Қарапайым аула сыпырушының ұл-қызы Гүлмира мен Әділбек қазіргі кезде Вашингтон қаласында тұрады. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Банк, қаржы саласы бойынша білім алған Гүлмира бүгінгі таңда Бүкіләлемдік банкте қызмет атқарады. Білікті маман болғандықтан, аттай қалап алған Бүкіләлемдік банк оның оқуы үшін жұмсалған қаржыны Қазақстанға толығымен өтеген. Ал Әділбек «Компьютерлік-инженерлік технология» мамандығы бойынша білімін магистратурада жалғастыруда. Жүректі тыңдайтын кардиологиялық аппарат ойлап тауып, сол бойынша Америкада патент те алған.

Н.Қарағойшиев білім-білігін шетелде жетілдіріп жүрген ұл-қызының елге ораларына сенімді.