Әлемдегі қару ұстауға қатысты ең қатаң заңдары бар Жапонияда былтыр елді мекендерде аюларды шұғыл атуға рұқсат берілген. Алайда жаңа ережелердің алғашқы айларында-ақ қауіпті аңды залалсыздандыру құқығы болғанымен, тығыз қоныстанған қалаларда оны жүзеге асырудың өте қиын екені анықталды.
Заңнамаға енгізілген түзетулер өткен жылдың қыркүйегінде күшіне еніп, тұрғын аудандарда аюларды шұғыл атуға алғаш рет мүмкіндік берді. Жапонияның қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, маусым айына дейін бұл шара 12 префектурада 72 рет қолданылған. Оның шамамен 80 пайызы қалалар мен кенттерде тіркелген.
Соған қарамастан, жергілікті билік тұрғындарға қауіп төнуі мүмкін болғандықтан қару қолданудан жиі бас тартуға мәжбүр. Халық тығыз орналасқан аудандарда оқтың жаңылып тиюі немесе рикошет беруі аюдың өзінен кем қауіп тудырмайды.
Маусым айының басында Фукусима қаласында аю 4 адамға шабуыл жасады. Зардап шеккендердің арасында Fukushima Steel Works металлургиялық зауытының қызметкерлері мен жергілікті тұрғыны болған.
Шабуылдан кейін қала мэрі Юки Баба алғаш рет шұғыл ату тетігін іске қосуды тапсырды. Алайда сол кезде аю тез тұтанатын материалдар сақталған өндірістік ғимаратқа кіріп кеткен. Мұндай жағдайда оқ ату аса қауіпті болғандықтан, жануарды тыныштандыратын дәрі егуге әрекет жасалғанымен нәтиже болмады. Келесі түні аю кәсіпорын аумағынан кетіп қалып, әлі күнге дейін табылған жоқ.
— Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ нәтижеге қол жеткізе алмағанымызға өкініш білдіреміз, — деді Юки Баба шұғыл баспасөз мәслихатында.
Фукусима билігі барлық әрекетті қоршаған орта министрлігінің ұсынымдарына сәйкес жүргізгенін, алайда бірқатар күтпеген жағдайларға тап болғанын мәлімдеді. Шенеуніктердің бірі болашақта тиімдірек шешімдер қабылдау үшін барлық іс-қимыл мұқият сарапталатынын айтты.
Осыған ұқсас жағдай шамамен 500 мың тұрғыны бар Уцуномия қаласында да болған. Бірнеше күн бойы тұрғындар қала орталығында аю көрінгенін хабарлаған. Кейін жануар тұрғын үйдің шатырлы бөлігінің астынан табылып, тығыз құрылыс салынған аумақта атыс қаруын қолдану мүмкін болмағандықтан, арнайы дәрімен ұйықтатылған.
Тағы бір өзекті мәселе — аңшылардың тапшылығы. Қолданыстағы ережелер бойынша аюларды атуға муниципалдық қызметкерлер немесе тиісті лицензиясы бар аңшылық қауымдастықтарының мүшелері ғана қатыса алады.
Жапония аңшылар қауымдастығының дерегіне сәйкес, 2024 жылы аңшылық қаруға лицензиясы бар адамдар саны шамамен 57 мың болды. Бұл көрсеткіш 30 жыл бұрынғы деңгейден 70 пайызға төмен.
Тояма префектурасы билігі аңшылық қару сатып алуды субсидиялап, жаңа аңшыларды даярлау курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Алайда мамандар тәжірибелі аю аңшысын дайындауға көп жыл қажет екенін ескертеді.
— Аю ату шеберлігін меңгеру үшін шамамен 10 жыл қажет. Сондықтан оқуды жаңа аяқтаған адамдарды бірден тарту мүмкін емес, — деді префектура өкілі.
Биыл Тохоку өңірінде «мемлекеттік аңшы» атты жаңа лауазым да енгізілді. Бұл — аңшылық лицензиясы бар муниципалдық қызметкер. Дегенмен жергілікті билік кадр тапшылығы мұндай мамандарды даярлауды қиындатып отырғанын мойындайды.
Өткен жылдың қазан айынан бері аюларды шұғыл ату оқиғалары ең көп тіркелген өңірлер — елдің солтүстігі. Көш басында 19 жағдаймен Ямагата префектурасы тұр. Одан кейін Ниигата префектурасы (14), Акита префектурасы және Тояма (7-ден), сондай-ақ Иватэ префектурасы мен Фукусима (5-тен) орналасқан. Тохоку аймағындағы 6 префектура енгізілген жаңа шараның барлық жағдайларының шамамен 60% құрайды.
Еске сала кетейік, Жапонияда 4 адамға шабуыл жасаған аю зауыттың терезесінен қашып кетті.