Бұл туралы Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шадияр Айтқалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, биылғы төрт айда Орал қаласының қоғамдық орындарында жасалған қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 573-ке артыпты. Соның ішінде көшедегі қылмыс былтырғы 163-тен 501-ге жеткен, яғни 338-ге көбейген. Мұндағы мәселенің түп-төркіні полицияға келіп түскен барлық хабарлама-арыздың толық тіркелуінде. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жөнінен Орал алдыңғы қатарда (республикада 4-орында) келеді. Оның үстіне, ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі де былтырғы жылмен салыстырғанда азайған.
Сараптамаға қарағанда, Орал қаласының қылмыс деңгейі Павлодар, Көкшетау, Қызылжар және Қызылорда қалаларымен деңгейлес.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының мәліметтеріне қарағанда, облыс орталығында ұрлық оқиғасы жиілеп тұр. Мысалы, кафелер мен түнгі клубтарда жасалған ұрлық былтырғымен салыстырғанда 217%-ға (34-тен 108-ге) көбейген. Базарлардағы ұрлық 218% (16-дан 51-ге), оқу орындарында - 880% (5-тен 49-ға), қоғамдық көлікте - 1187% (8-ден 103-ке) өскен. Көліктерден зат ұрлану оқиғасы 200%-ға өсіп, былтырғы 45 фактіден 135-ке жетіпті. Бұл ұрлықтардың ашылуы әзірге 23,7% ғана.
Сондай-ақ облыс орталығында тонаушылық пен бұзақылық оқиғалары да 24 және 8%-ға өскен. Қылмыстық статистикаға қарасақ, қарақшылық шабуыл мен тонаушылықты жасайтындардың 60%-ы 14 пен 28 жас аралығындағылар екен.
Түнгі қала тыныштығын «Үкі» атты 10 автопатруль дамыл таппай, күзетеді. 79 учаскелік полиция инспекторы мен олардың 22 көмекшісі және бар. 19 учаскелік полиция пункті облыс орталығы мен оның айналасындағы Деркөл, Желаев, Круглоозерный, Серебряков кенттеріне де қызмет көрсетеді.
Полиция қызметкерлері күн сайын 273 бағыт бойынша жаяу, 27 бағыт бойынша автокөлікпен патрульдік бақылау жасайды. Полиция қызметкерлеріне күн сайын 170-190 жауынгер әскери бөлімдерден келіп көмектеседі.
Облыс орталығының халық жиі шоғырланатын орындарына 71 бейнебақылау камерасы орнатылған. Полковник мырза осы қондырғылардың көмегімен жыл басынан бері
9 қылмыс ашылып, 1404 әкімшілік құқықбұзушылық анықталғанын айтады.
Жайық жағасындағы шаһардың тыныштығы шайқалмау үшін жалпы саны 1801 адам, соның ішінде 48 «Сақшы» бөлімшесі (238 адам), 6 студенттік отряд (139 адам), 40 консьерж және құрамында 1384 адам кіретін 150 қоғамдық полиция құрылымдары күні-түні жұмыс істейді. Осылардың ішінде 16 азамат қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі және қылмысты ашуға көмектескені үшін ақшалай сыйлыққа ие болды.
Орал қаласында әрбір учаскелік полиция инспекторына 3 мыңнан аса тұрғын келеді. Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 23 маусымдағы №455 бұйрығы бойынша, бір учаскелік инспекторға шаққанда қала тұрғындары 1 мың адамнан, ауылда - 150-200 ауладан аспауы тиіс. Оның үстіне қылмыс тіркеу заңдылығына өзгеріс енгелі учаскелік инспекторлардың жұмысы еселеп артты. Олардың әрқайсысы өз учаскелеріндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тұрғындармен, азаматтармен сөйлесіп, жұмыстанатын да осы инспекторлар.
Соңғы уақытта учаскелік полиция инспекторларына тағы бір жүктеме жасалды. Олар енді өз аудандарындағы тазалықты қадағалайды. Қоғамдық орындарда тәртіп бұзып, қаланың тазалығына бейжай қараған азаматарға ескерту жасап, шара қолданады. Мәселен, таяуда Абай полиция бөліміне қарасты №3 УПП учаскелік полиция инспекторлары орталық саябаққа, Арбат алаңына, М.Мәметова алаңына, Абай алаңына рейд жасап, қала тазалығын қадағалады.
2011 жылы Орал қалалық ІІБ бойынша 551 полиция қызметкері өз міндеттерін адал атқарғаны үшін марапатталды. Өткен жылы облыстағы су тасқыны кезінде төтенше жағдай қызметіне белсене қатысқаны үшін де Орал қалалық ІІБ полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрі В.Божконың бұйрығымен марапатталған.
«Жақында Қазақстан полициясының құрылғанына 20 жыл толады. Полицияның оң имиджін қалыптастыру жұмысы күнделікті жүреді. Біздің қызметкерлер де осы қоғамнан шыққан, осы қоғамда қалыптасқан адамдар ғой. Полиция қоғамдық тәртіп сақталуы үшін тұрғындарға көмектессе, қоғам тарапынан полицияға да қолдау керек. Полицияның жұмысы өте ауыр, әлеуметтік жағынан қамтылуы да ойдағыдай емес. Мысалы, менің осы қызметте отырғаныма бес жыл болды, осы кезеңде қалалық ІІБ қызметкерлеріне
үш-ақ пәтер берілген екен Күні бүгін 12 полиция қызметкері баспанаға мұқтаждардың кезегінде тұр. Дегенмен қаланың тыныштығын күні-түні қорғап келе жатқан тәртіп сақшылары өз міндетін сергек атқаруда», - деп қорытты ойын полковник Шадияр Айтқалиев.