Қаламгер мен қаламақы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктен түскен Төрт кітаптан кейін қаншама кітаптар жарыққа шықты, қолға тиді, оқырман ықыласына бөленді. Соның ішінде көркем әдебиеттің алар орны ерекше, үлес салмағы басым екені баршамызға аян. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, оның ішінде де сапалысы бар, сапасызы бар. Осы орайда, бүгінгі кітап шығару және қаламақы мәселесі, жекеменшік баспалардан жарық көріп жатқан кітаптардың жай-күйі турасында жазушылармен аз-кем әңгіме өткізген едік.

Молдахмет ҚАНАЗ, жазушы

Сонда ғана өнер өркендейді...

Шығарманың көлеміне, сапасына, мән-мазмұнына қарай жақсы қаламақы төлену керек. Автотұраққа көлігіңді қойсаң ақша төлейсің! Қоғамдық көлікке кірсең тағы да ақша төлейсің. Ал машақаты мол, ең қиын мамандықтардың бірі - жазушылықтың күйі мынандай. Бұл қалай болғаны? Шығармашылықтың құнсызданып кетуі неге алып барып соғады? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Мақұл делік, қаламақы аз төленсін. Бірақ жазушы ақша табу керек қой. Өзін, отбасын қалай асырайды? Мүгедек немесе қартайған жазушылар бар. Олардың халі не болмақ? Бұның бәрі ойландыратын дүниелер! Әңгіменің бәрі мемлекеттің қамқорлығына тіреледі. Руханият - елдің арқауы. Ұлт азып-тозбау үшін әдебиет, мәдениетке көп көңіл бөлінуі керек. Тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл. Енді, бос әңгімеден нақты іске көшетін уақыт келді. Халықтың рухын оятатын, намысын жанитын, алдыға ұмтылдыратын әдебиет, мәдениет, өнер болғандықтан, осы іргелі салаларды мықтап қолға алмасақ, арты жақсылыққа апармайды. Күнде естіп жүрген айқай, ұраннан халық шаршады. Ондай «ураның» талайын көргенбіз. Жекеменшік баспалардан шығып жатқан сапасыз кітаптар әдебиетті бір қоқысқа айналдырады, талғамды бұзады. Себебі, ол табыстың көзі ғана. Қазір кім көрінген кітап шығарады. Мемлекеттік жоспарға көлденең көк атты килігеді де кетеді. Бұндай кері құбылыстың салдарынан әдебиет зиян шегіп жатыр. Ондай кітаптарды талқыға салып, сапасын тексеріп, жан-жақты бақылап жатқан ешкім жоқ. Шығарма бәсекеге қабілетті болу әдеби нормаға, шарттарына сай болу керек. Макулатура сөз өнерінің биік өлшемдеріне қалай жауап бермек? Қазір адам оқуға ұялатын кітаптар көбейді. Әр-әр жерден жинап, теріп, құрастырып өз кітабы ретінде бастырады. Олардың бәрін тексеріп жату мүмкін емес. Бұндай кері үрдіс революция қарсаңында Ресейде болған. Кейін бәрі ұмытылып, классиктер ғана қалды. Бірде Ақтөбеге барып бір кітапханаға кірсем, іші қаңырап бос тұр. «Бұл жерге не болды?», - деп кітапханашыдан сұрасам: «Совет дәуірінде жазылған кітаптардың бәрі іске алғысыз болып қалды. Бәрін төменге түсіріп тастадық... Ал жаңа кітаптар жоқтың қасы!», - деді. Біздің кезімізде Партия хатшысы идеологияға жауап беретін. Қол астындағылардан есеп алып отыратын. Ал қазір министрлік біресе тарайды, біресе қосылады, біресе атауы өзгереді. Министрліктің басына руханияттан хабары жоқ адамдар келіп жатыр. Бұдан кейін біз қалай оңамыз?.. Уақытша нәрселермен саясат айналысады, ал идеология мемлекеттің негізгі құрылымына жауап беріп, іргесінің қалануына жұмыс істеуі керек. Сонда ғана өнер өркендейді.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алаңдататын нәрсе өте көп

Соңғы кезде жазу­шы­лар­ға қаламақы тө­леу мәселесін ретке келтіру жөнінде жиі сөз болып жүр. Осыған орай, ең ал­ды­мен мына жағ­дай­ды қадап айтқымыз келеді. Дү­ниедегі ең қиын, ауыр еңбектердің бірі - қалам­гердің еңбегі. Соған орай әлемнің барлық елінде жазу­шының еңбегі барынша жоғары бағаланады. Кез келген кітапты шығарарда оның авторына лайықты қаламақы төлеу мәселесі бірінші кезекте ескеріледі. Бұл мәселені дұрыс шешуге қазір Қазақстанда да толық мүмкіндік бар. Мысалы, бүгінгі таңда елімізде кітап шығаруға әр жыл сайын бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл аз қаржы емес, жазушыға дұрыс қаламақы төлеуге де әбден жетеді. Және бұл жөнінде «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шы­ғару» атты арнайы бағдарлама да бар. Бірақ, өкініш­ке қарай, бұл бағдарламада әдебиеттің ең негізгі иесі - авторлардың мүддесі мүлдем дерлік дұрыс ескерілмеген. Қазіргі кезде кітап шығаруға бөлінген қаржының авторға берілетіні 10 пайызға да жетпейді. Ал сонда бөлінген қаржының қалған 90 пайызы қайда кетіп жатыр?! Егер осы мәселені нақты тексеріп, кітап шығаруға бөлінген қаржы­ның қайда, қалай жұмсалып жатқанын әр тиынына дейін есептеп, зерттеп көрсек талай кемшілік­тердің беті ашылар еді. Яғни шындықты ашып айтар болсақ, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» сияқты бағдарламалар жазушының жағдайын жақсартып, әдебиетті дамытудан гөрі, жекеменшік баспалардың мүддесін әлдеқайда көбірек ойлайды. Бұл ретте кінәнің біразы жазушылардың өзін­де екені де анық. Қаламгер ағайындарымыз өз еңбегіне дұрыс қаламақы төлетуді талап етуде өте дәрменсіз; тек кітаптарының шыққанын мақ­тан көріп, соған мәз болады. Және бір алаңдататыны - мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан кітаптардың тиражының да тым аз, 2 мың дана ғана екендігі. Бұл басқаны былай қойғанда, еліміздегі кітапханалардың оннан біріне де жетпейді. Міне, осыны ойлағанда, не авторға жөнді қала­ма­қы төлемейтін, не халыққа дұрыс жетпейтін «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін» шыға­руға ар­найы бағдарлама жасап, ұшан-теңіз қаржы бөлудің қан­дай қажеттігі бар деген заңды сұрақ туындайды. Осыған орай, алдағы уақытта кітап шығаруға мемлекеттің тарапынан бөлінетін қаржыны барынша тиімді пайдалануды бір жүйеге түсіріп, нақты шешу керек. Бұл ретте жақында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдағанда осы мәселеге де айрықша назар аударғанын айта кеткеніміз жөн. Яғни, Елбасының: «Кітап шығаруға бөлінген қаржы барынша тиімді пайдаланылып, ең сапалы әдеби туындылар ғана жарық көруі қажет» - деп тапсырма бергеніне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл ел куә болды. Президентіміздің осы тапсырмасы мүлтіксіз орындалар болса, жазушыларға дұрыс қаламақы төлеу ғана емес, жалпы әдебиетімізді одан әрі дамытудың да барлық күрделі мәселесі ойдағыдай шешілері анық.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы

Ойланайық!

Жазған, сызғанына, жарық көрген мақала, кітаптарына гонорардың аз тө­ленуінің себебіне үңіліп жатқан автор да, басқа да сирек. Мәселе түйткілін шешуге міндетті-ау дегендердің сөзі көп, уәделерінің нәтижесі жоқ. Адам ба­ла­сының сана-сезімін, жанын, рухын дүр сілкіндірерліктей мүмкіндік иемденген қаламгерлердің, яғни біздердің қауқарсыздығымыздан, хұқымызды анықтап қорғауға ден қой­майтын сауатсыздығымыздан осындай мүшкіл хал кешудеміз. Қала­мақы алмау қалыптасқан дағдыға айналды. Мұншалық соры қалың болармыз ба? Итке лақтырылған сүйек-саяқ, жуындыға мәзбіз. Байшыкеш шен-шенеуніктерге, әкім-қараға жаутаңдап, амалсыздан қол жаюға мәжбүрміз. Билік ба­сындағылардың төменнен жоғарыға дейінгі сатысында құлқынының құ­лына айналып, баюдың ғана амалын іздейтін моделі тастүйін мызғымайтындай тұрақталуда. Шіркін-ай, қымқырып-жым­қырып, айласын асырып, тонаумен емес, қарым-қабілетімен, маң­дай терімен жетер атақ-абыройдың дәурені өтіп барады-ау! Халықтың мұқтажын желеу етіп, өндірістің, шаруашылықтың түрлі саласына мемлекет тарапынан жыл сайын миллиардтап бөлініп жатқан телегей-теңіз қаржысынан бізге тиын да бұйырмайтыны қалай? Толып - топырлаған жебірлердің қасын­да қалай күн көріп жүрміз? Тоятын түрі байқалмайтын мына араны ашылғандардың тобы көбейген сайын еңсемізді езіп, еңбегімізді еш қылғаны несі? Тақыр кедейшіліктің құшағында тұншыққанымызға көнбеске шара жоқ. Пәлен жүз, түген жүз жазушы... Солардың біреуі, екеуі тати ма құрметке... т.б. дәйексіз даңғазаға, мысқылға тойтарыс жасаудың амалын қарастырайық. Мың адам қаламды серік етіп, ұлтының мүддесіне қызмет етсе, несі айып?! Тіпті, қатарымыз қаншаға жетсе де мысықтай бала­лаған жемқорлардың шаңына да ілеспейміз, қоғам бізден еш зардап шекпейді. Интеллектуалдық, творчестволық деңгейі­нің анықталар өз мезгілі келер десек те күнделікті тірлік тынысы мұ­ны күтпейді ғой. Түрлі еміле-ережеден өтіп, жарық көрген туын­дының әр баспа табағына лайықты қаламақысы үкіметтің қаулы-қарарымен бекітілмейінше, кәсіби қаламгердің статусын айқындап, айбынын асқақтатар нақтылы заң қабылданбайынша түк те өнбейді. Мұны тезірек, шұғыл түрде шешу қажет. Баспа ісінің қарқындап дамуы әдебиеттен гөрі жекелеген адамдарға тиімдірек сияқты. Беделді бағдарламалар бойынша шыққан дүниелердің жөні мүлдем бөлек, әрине. Пайда табудың тетігін баспа өнімдерінің эстетикалық, көркемдік деңгейінен іздеуі кемшін. Жалт-жұлт безендірілген кітаптар көбейгенімен, мән-мағынасы таяз. Көп томдықтар көңілге сенім ұялатпайды. Өмірден өткендерді былай қойғанда, тірілердің жаппай толық шығармалар жинағын бастыруға ден қойғаны біртүрлі сүйкім­сіздік тудырады. Мәселен, өзім кітабым жарық көрсе деп өрек­пімей­мін, титтей де құлқым жоқ. Әйтпесе, 30-40 жыл бойы жи­нақ­тап, талдап-зерттеген аса көрнекті тұлғалардың портрет­тері, «Түс-саяхаттар», «Тылсым тұнған тіршілік» циклдары қалың-қалың томдарды құрар еді. Көркем прозамды қайта бастыруға да талаптанбаймын, бүгінгі оқырманға ол да қажетсіз. Мақсатым - дәл қазіргі сұранысқа сай жобалар жасап, жас ұрпақты тәр­бие­леуге нақтылы үлес қосу. Әттең, дарынды суретші Айгүл Ха­кім­жановамен бірігіп, қазақ ертегілерінің желісімен дайындап, патенттелген «Балаларға арналған текшелер /кубиктер/ ойыны», «Қуыршақтарды киіндіру ойыны» жинақтарын шығаруға ақша таппай қойдым. Неге екенін қайдам, көркем шығар­ма­ла­рымнан гөрі өзімнен басқа ешкім жасай алмайтындай көрінетін осындай танымдық-педагогикалық жобаларымды жүзеге асырсам деймін. Және мұның бәрін мүлдем бөлек концепция - бағыт-бағдармен 13 жылдан бері асқан қиындықпен шығарып келе жатқан «Балбұлақ», «Дертке дауа» басылымдарының о бастағы талап, тілегінің аясында орындауды армандаймын. Осындай жеке басылымдар мен баспалар төңірегінде жүйеге түсуге тиісті жәйттер жетерлік. Мемлекет тарапынан көрсетілер көмек технологиясында әлгілердің басы-қасындағылардың тұлға ретіндегі қадыр-қасиеті ескерілгені жөн. Түрлі мақсаттағы баспалардың саны артқанымен, бұдан әдебиеттің беделі өсті ме, өшті ме, ажырату қиын. Көпшілік оқырманның сол көбейген баспалардың қарқынды дамуымен жарыса биік талғамнан жыл өткен сайын алыстап бара жатқанын, тіпті оқулықтарымызды бір ізге, бір тәртіпке түсіре алмай қойған дәрменсіздігімізді қалай түсіндіруге болады? Кез келген баспадан шығатын кітап екі, үш мың данадан аспайды, баратын жері және анық. Таралымы жоқ, миллиондаған оқырманға жаңа шығарма жетпейді. Ең қиыны - олар ендігі тұста мұқтаж да емес оқуға. Бір сұмдық тенденция жаппай баса-көктеуде: жазып-сызудың, оқудың электрондық нұсқасы, газет-журнал, кітаптың электрондық нұсқасы... Бұл енді бұлжымас қағидаға айналып, асқан жылдамдықпен жүзеге асуда. Интер­неттің көлкөсір пайдасын көріп отырмыз, мұны жоққа шығар­маймыз. Алайда, мыңдаған ауыл тұрғындарының ғаламтор игіліг­інен тыс қалып отырғанын есептемегенде, электрондық... атаулының артында алапат қауіп-қатер жатқаны, күні ертең баршамыз, әсіресе, жас ұрпақтың түрлі психикалық ауытқулар, бұрын-соңды көз көрмеген, құлақ естімеген аурулар қаптайтыны еш ескерілер емес. Оқудың, білім алудың қағаздық нұсқасын жоққа шығаруға деген ұмтылыс қорқыныш туғызбай ма, ойла­найық!

Дайындаған Әлібек БАЙБОЛ