«Қалталы «ақындар» көбейіп кетті» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Онда сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы шартты ратификациялады. Құжат туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Е.Досаев төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызмет көрсетулер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жағдай жасауға бағытталған келісімдерге Арменияның қосылуы Шарттың негізі болып табылатынын атап өтті. Шарт күшіне енген күннен бастап Армения Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады және Шартта көзделген міндеттерді өзіне қабылдайды. «Сенаторлар Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов ұсынған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтату туралы шартты да ратификациялады. Құжаттың мақсаты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың, сондай-ақ, оның органдарының қызметін 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтату болып табылады», - деп жазады басылым. Мақала «Одақ тағы бір елмен толығып отыр» деген тақырыппен берілген.

«Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен брифинг өтті. Ол оңтүстік мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы баяндап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді», - деп жазады ел газеті «Егемен Қазақстан» . Басылымның жазуынша, Алматы қаласы экономикасының негізін шағын және орта бизнес құрайды. Мәселен, елімізде шығарылатын өнім мен көрсетілетін қызметтің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес атқарады. Қала бюджетіне түскен барлық салықтық түсімдердің 60 пайызын шағын және орта бизнес береді. Алматы сауда көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Қалада бөлшек сауда айналымы 2008-2013 жылдар аралығында 1,4 есеге өсіп, 1 407,5 млрд. теңгені құраған. Осы ретте Алматының республикалық тауар айналымындағы жалпы үлесі 30 пайыздан 40 пайызға өскен. Сонымен қатар Ахметжан Смағұлұлы брифинг барысында Алматы 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін лайықты деңгейде жұмыстар жүргізуде екенін атап көрсеткен. «Біз Қысқы Олимпиаданы өткізуге өтінім бердік. Өздеріңіз де білетіндей, қазіргі уақытта 2 қала - Алматы мен Бейжің Қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер болып отыр. Ал мұның барлығы да әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын туғызатыны сөзсіз», - деді А.Есімов.

***

«Еліміздің бірқатар өңірлерінде электр энергиясы тапшылығы күн өткен сайын күшейіп келеді. Шалғай ауылдардағы жарықтың жалп ете салуы үйреншікті жағдайға айнала бастады. Ал кейбір ауылдарға барсаңыз, сығырайған жарықтан мезі боласыз», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Торғай стансасы тәуелділіктен құтқара ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, себебі, электр энергиясы тапшы. Мысалы, бүгіндері бір ғана Қостанай өңірінде 600-700 мегаватт электр қуаты жетіспейді екен. Ақтөбе өңірінде де қуат көзіне деген сұраныс осы шамада. Осы екі облысты электр қуатына тәуелділіктен құтқару үшін Торғай жылу-электр стансасы салынбақ. Кеше аталған жобаны жүзеге асырудың алғышарты ретінде «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен түріктің Eren Enerji компаниясы арасында Торғай ЖЭС салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. «Меморандум Қостанай облысындағы Құсмұрын көмір кен орнын игеру негізінде жылу электр стансасын салу жобасын жүзеге асыруды көздейді. Дәл қазіргі таңда Eren Enerji компаниясы жобаның алдын ала техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр. Бұл - компания құятын 3 млрд доллардан астам қаржы, әрине, салмақты инвестиция. Жобаны жүзеге асыру барысында жаңадан жұмыс орындары құрылады. Біз ЖЭС құрылысына жергілікті компанияларды тартамыз, осылайша ел қазынасына салық та төленеді», - дейді «Тау-Кен Самұрық» АҚ басшысы Мәжит Тұрмағамбетов.

Осы басылымның бүгінгі санында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаевпен арадағы сұхбат «Қалталы «ақындар» көбейіп кетті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазақ әдебиеті сонау ауызекі әдебиетінен бері осы заманға дейін тоқырауға ұшыраған кездері болған емес. Ол сол қалпын сақтап, тіпті өркендеу үстінде келе жатыр. Қазақ әдебиеті кез келген елдің әдебиетімен терезесі тең тұр. Бұрынғы одақтас республикалар поэзиясы ішінде қазақ поэзиясының жоғары екені сезіліп тұрады. Әдебиеттегі ең жоғары мәртебе - Нобель сыйлығына ие болу. Ал соны алып жатқан әдебиетшілердің біразының шығармаларын оқып шықтым. Қазақта солардың деңгейінен төмен емес қаламгерлер бар. Бірақ бізде әдебиетті насихаттау ма, қолдау ма, әйтеуір бірдеңе жетіспей жатқан сияқты болып көрінеді. Ал қазақ поэзиясына келсек, әр елдің менталитетіне, мінез-құлқына қарай олардың поэзиясы әртүрлі болып келеді», - дейді. Сонымен қатар ол жазушылар үшін жалғыз табыс көзі ол - қаламақы екендігін, алғаш егемендік алған жылдарда кітапқа қаламақы төлеу тоқтатылғанын, ал бұл қаламгерлерге жасалып отырған қиянат сияқты болып көрінетіндігін ашық айтқан.