***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ұрпақтан артық қандай байлық бар?» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, 2001 жылы шетке кетіп жатқан бейкүнә балалардың санын ешкім нақты білмеді. Бір деректе 1999 жылы 758 жеткіншек сыртқа кеткен делінсе, ол туралы Әділет министрлігі - 937, Сыртқы істер министрлігі 158 деген мәліметті алға тартты. «Алғашқы кездегі журналистердің ащы айқайы, депутаттардың сілкінісі, сұрау салуы қазір сирексіді. Әйтсе де таяуда теледидарда болған бір әңгімеде Мәжіліс депутаты шетке кеткен ұл-қыздың бағасы 25-тен 75 мың долларға көтерілгенін жайып салды. Қарап отырсақ, әр төрт-бес жылда осылайша айқай-сүрең салу бізге «дәстүр» болып кеткендей. Биылғы «көтерілісте» шетке кеткен асырандылар саны ауызекі әңгімеде, алда меңзегеніміздей, 10 мыңға таяу делінеді. Ал ресми деректерде - 8806. Мұның 6 мыңы - АҚШ-қа «аттаныпты». 721-і - Испанияда, 426-сы Бельгияда жүрген көрінеді», - деп жазады басылым.
Қазақстанда шетелден әкелінетін құс етіне тәуелділігін азайту әлі күрделі күйінде қалып отыр. Мәселен, 2012 жылы шетелден әкелінген ет өнімдері жалпы тұтыныстың 61 пайызын құрауы ойландырмай қоймайды. Соның салдарынан отандық кәсіпорындар өз өнімдерін өткізуде көптеген қиындықтарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Импорттық тәуелділіктен құтылудың жолы» деген тақырыппен берілген. Мақала авторының жазуынша, бірыңғай Кеден одағы талаптарына ыңғайланып, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында құс өнімдерінің тізімдемесін кеңейту мақсатындағы іс-шараларды жеделдеткен жөн. Айталық, АҚШ-та өндірілетін және бірдей стандарттар негізінде ішкі нарыққа шығарылатын шикілей суытылған және мұздатылған құс өнімдерінің тауар ретінде 77 саудалық сипаттамасы бар екен. Ал, біздің ассортиментімізде 10-12 аталым ғана көрсетілген. «Демек, ассортименттегі өнімдер көлемін ұлғайту үшін түбегейлі өңдеуге баса назар аудара отырып, еліміздегі құс фабрикалары инвестицияны пайдалану жолдарын оңтайлы шешіп, құс өнімдерін өндіру технологиясын уақыт талабына сай жаңартулары керек. Бұл - бір. Уақытты созбай, тездетіп шешетін екінші мәселе - республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуді шектеу, былайша айтқанда, құс етінің импортына тарифтік квота қою. Сонда еліміздің құс өсірушілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра алары анық», - делінген мақалада.
***
«Үкіметтің кешегі отырысында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің жаңа басшысы Тастанбек Есентаев шамамен 300 жанкүйердің Сочиге сапарын қаржыландыруды ұсынды. Олар алдағы қысқы Олимпиадада спортшыларымызға жанкүйер болады деп күтілуде», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Үздік жиырмалыққа кіреміз бе?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, агенттік лицензиялық кезеңнің аяқталуына дейін қысқы спорттың 10 түрі бойынша 40-тан астам лицензияны қоржынға салуды жоспарлап отыр. Ал спорт агенттігі осы Олимпиадада Қазақстанды қандай тұғырға көтеру жоспары бар? Үкімет басшысына бұл жайында Т.Есентаев «еліміздің қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамасы алдына Ванкувердегі Олимпиялық ойындарда қол жеткізілген спорттық көрсеткіштерді одан әрі жақсарту міндеті қойылғандығын» айта келе: «Жоспарланып отырған көрсеткіш жалпы командалық есепте 20-23-орындар үшін күресуге мүмкіндік береді» деп мәлім еткен.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығы қандай жолмен тіркелгені дұрыс?» деген өзекті сауалды елге есімі белгілі азаматтардың талқысына ұсынып отыр. Мәселен, осы сауалға жауап берген белгілі саясаттанушы Дос Көшім: «Бізде салық саясатын жетілдіру енді ғана қолға алынды. Табыс көзінің қай жақтан келіп, қай жаққа кетіп жатқандығын анықтайтын құзырлы орындар жеткілікті. Сондықтан салық саясатында айқындылыққа қол жеткізе алсақ, кез келген шендінің табысы қай жақтан келіп жатқандығы тайға таңба басқандай белгілі болып шыға келеді. Сондықтан қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығын тіркеуге дейін атқарылатын жұмыстар жетеді», - десе, Досым Сәтпаев: «Қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығы туралы әңгіме әлі ұсыныстар мен талқылаулар деңгейінде жүріп жатыр. Бізге оларға салынатын салықты қандай жолмен тіркеу туралы бас қатырудың керегі жоқ. Зейнетақысы 50-70 мың теңге көлеміндегі зейнеткер құны 400 000 АҚШ долларынан асатын қымбат көлікке қандай табыс жолы арқылы жеткенін, кәмелет жасына жетпеген жас балалар есепшоттарындағы қаржының қандай жолмен келгенін заң орындары алдында дәлелдей алса болғаны», - дейді.