«Қалыңмал саясатын қайта қарасақ қайтеді?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 қараша, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Бұдан біраз уақыт бұрын Қызылордада Қазақстанның бірінші дербес прокуроры, белгілі қоғам қайраткері Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуы кең көлемде атап өтілді. Осы салтанат шарасының аясында облыстық прокуратура ғимаратының алдында тұңғыш прокурордың тастұғырға қонған ескерткіші ашылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр. Басылымның жазуынша, осы игі шараны іске асыруға облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов көп еңбек сіңірді. Ол ең алдымен облыста осындай шараның өтуін заңдастыруға қол жеткізді. Содан кейін тұңғыш прокурор туралы естелік кітап жазылып, деректі фильм түсірілуін қамтамасыз етті. Бұлармен қатар, облыстық прокуратура ғимаратында С.Есқараев атындағы ведомстволық мұражайды дайындау жұмыстары қызу жүріп жатты. Шараға Бас прокуратура мен облыс басшыларынан бөлек, тұңғыш дербес прокурордың қызы Мариэтта Есқараева, немересі Марат Баймұханов және басқа да туыстары, сондай-ақ, прокуратура органдарының ардагерлері қатысты. Мерейтойдың келесі негізгі бөлігі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында өткен «С.Есқараев: Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мен дамуы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция түрінде қанат жайды. Конференция аясында бірінші прокурордың өмірі мен қызметіне арналған «Тарланбоз» кітабы мен деректі фильмнің тұсаукесері өткізілді.  Жақында Сырым ауданы, Жымпиты ауылындағы Жеңіс күніне арналған мемориалдық алаңның алдында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз Хұси Жұмағалиевті қайта жерлеу рәсіміне арналған қаралы жиын өтті. Халықаралық дәрежедегі шараға аудан басшылығынан бөлек, Х.Жұмағалиевтің ұрпақтары - Т. Жұмағалиев,       Г. Жұмағалиева және ардагерлер У. Қасмұханов пен Қадыр Ғайсин қатысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр. Автордың мәліметінше, Хұси Жұмағалиев - 1909 жылы Жәнібек ауданы жағында дүниеге келген. Ардагердің өмір жолында Жымпиты елінен ойып орын алуы оның бала кездегі ұстаздық қызмет ету арманының жүзеге асуымен тікелей байланысты. Х.Жұмағалиев 1937 жылы Жымпиты орта мектебіне (қазіргі жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп) жолдамамен мұғалімдік қызметке келді. 1939 жылы Мәскеу қаласында, ауыл мектебін абыройлы қызмет арнасына салғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Х.Жұмағалиевті «Құрмет Белгісі» орденімен марапаттады. Қызмет жолы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, 1942 жылдың аяқ шенінде соғысқа аттанған жерлесіміз осыдан кейін хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енді. Тек, 2012 жылдың тамызында ресейлік «Феникс» атты оқушылардың іздеу тобы тапқан мүрденің кеудесіндегі «Құрмет Белгісі» орденінің нөмірі Мәскеу арқылы анықталып, ол сүйектің Хұси Жұмағалиевтікі екендігі нақтыланды. Ол «Курск иіні» шайқасында қаза тапқан екен. Осы дерекпен Х.Жұмағалиевтің қаза тапқан жері - Ресей Федерациясы, Курск облысы, Понырев ауданы, Игишева се­лосының маңы деп белгіленіп, іздеу то­бы жан-жақты сұраулар салған еді. ҰОС жауынгерлерінің ақпараттарын жинақ­тайтын ресейлік www.soldat.ru сай­тының чаттық тәртіптегі мәліметінде ардагер деректерінің нақтылануына Сырым аудандық мұрағаты мен аудандағы тарихи-өлкетану мұражайының директоры А.Ойшыбаева үлкен еңбек сіңірді деп көрсетіліпті. Жаңалыққа жайбарақаттық таныта алмаған Сырым ауданының басшылығы жауынгердің сүйегін елге әкелуге арнайы делегация жасақтап, оларды 31 қазан - 5 қараша аралығындағы іссапарға жіберген болатын. Делегация құрамында аудандық тарихи-өлкетану мұражайының дирек­торы А.Ойшыбаева, ардагер-ұстаз А.Жүсіпов, Х.Жұмағалиевтің ұрпақтары Т.Жұмағалиев, Б.Құсанов 2 қараша күні Ресей Федерациясы, Курск облысы, Поны­рев ауданы орталығындағы 1943 жылдың жазындағы Курск шайқасында қаза тапқан жауынгерлерді қайта жерлеу рәсіміне қатысты. Қазақстандық делегация 5 қараша күні ауданға Курскіден Х.Жұмағалиевтің мүрдесін жеткізді. Жалпы ақпарат ретінде айтсақ, Игишева селосы маңында соңғы 2 жылда 56 жауынгер қайта жерленген.                                                                        *** Бүгінде қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне, шетелдіктерге тұрмысқа шығуы көбейіп барады. Бұған етіміз үйренгендігі соншалық, тіпті қалыпты жағдайдай қабылдайтын болдық. Себебі бұл індеттің біз үшін тамыры тым терең, 1925-1930 жылдардан басталады. Бұл туралы «Айқын» газеті жазады. Басылымның пікірінше, 1940 жылдардың өзінде үкімет басында отырғандар орыстандыру саясаты мақсатымен одақтас республикалар арасында аралас некеде тұрғандарды санамалап көрсе, бірінші орынға Латвия елі шықса, Қазақстан екінші орынды еншілепті.Тарих доңғалағы ХХI ғасырдың басында жүрісінен жаңылып қалды.  1990 жылдардан бастап қазақ қыздарының таңдауы  шетелдік азаматтарға ауа бастады.  Мамандар «мұның бірнеше себебі бар» деп, жат жұрттық болып кеткен қыздарымызды ақтап алуға әлек болып жатыр. Олардың айтқанына сенер болсақ,  бой­же­тіп, тұрмыс құруға дайын қыздардың са­ны жiгiттерге қарағанда бiрнеше есе көп. Екiншiден, Қазақстанға келіп, нәпақасын тауып жүрген шетелдiк жұмысшылардың саны да уақыт өткен сайын артып келеді. Және шетелге барып, оқыған қазақ қызда­рының сол елде қалып, тұрмысқа шығып жатқандары да жиi кездеседi. Әлемдік ста­тис­тикаға көз салсақ, өзге ел азаматымен көтерген шаңырақтың бақыты аз дегенде екі-үш жыл, сирек жағдайларда ғана ұзағы­рақ уақытқа созылатын көрінеді. Себебі шет ел асып кеткен қыздарымыздың кейінгі тағдыры  - біз үшін айдың арғы бетіндегі жағдаймен бірдей.Қазақстандық басылымдарда  халықаралық құдалық саясаты, қалыңмал туралы тақырып ұмыттырып барып көтеріліп тұратын. Қалыңмалды заңдастыру саясаты ТМД елдері үшін жаңалық емес екен.  Осыдан он жыл бұрын Түрікменстанның  тұңғыш президенті Сапармұрад Ниязов журналистермен кездескен кезде  қалың малды мемлекетаралық деңгейде заңдастыру - мемлекетаралық құдалық саясатының бір тармағы екенін жасырмаған. «Қызы бар елдің назы да бар» екенін мемлекетаралық деңгейде де ескертіп отыру керек екендігін, қызын берген елдің іштен де, сырттан да  шалатынын ескерткен.  «Қалыңмалды халықаралық деңгейде заңдастырған  мемлекеттер  тек  Сауд Арабиясы немесе Түрікменстанмен шектеліп қалмайды. Тіпті Қытай Халық Республикасы, керісінше бейресми түрде шетелден әйел алған қытай азаматтарына «қалыңмал» төлеп, сол азаматтың сол жат елде үйленіп, жер иеленіп, бала-шағалы болып, сосын арт жақтағы туыс-туғандарын шақырып алуына экономикалық жақтан көмек береді екен. Тіпті Еуропада, Орта Азияда, Африкада үйленіп, азаматтық алуға қытай үкіметі әртүрлі ставкадағы қаржылай көмек берілген.  Соның ішінде ең жоғары көмек Еуропа, Америка, Австралия құрлығына берілсе, ең төменгі қаржылық көмек Орта Азияға беріледі екен. Қаржылық көмек екі түрде беріледі: бірі тікелей ақшалай көмек, екіншісі  - өсімсіз несие негізінде. Осылайша,  «қалыңмал» беріп қолдап, қолпаштауының арқасында қытай азаматтары шетелдік қыздармен үйленіп, сол елде азаматтық алып, тез көтеріліп  жатыр.  Құдалықтың мұндай  халықаралық деңгейге көтерілген саясаты  қытайдың ежелгі аз ұлттарды басып алудың, өзіне қаратудың, ең бастысы қара көбейтудің сыннан өткен тәсілі болып шықты.  Қазір қытай елі иегінің астындағы Орта Азияны қойып, сонау алыстағы Африка елдерінде қызу үйленіп, азаматтық алып жатыр. Африканың қара маржандай кербез сұлулары бойы бір метрден аспайтын қытайлықтармен отбасын құрып, қытайлардың үлес салмағын көбейтіп,  генотипін өзгертіп жатыр.  1990 мен 2012 жылдар арасында дүниеге келген қытай азаматтарының 32 пайызы - аралас некеден туғандар.  Бұл - Қытайда. Ал біздің елде жыл сайын  100 мыңға жуық неке қиылады. Соның ішінде 20 пайызы - аралас неке. Қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне назар аударсақ, 18-20 жас аралығындағы қазақстандық қыздардың үштен бірі (оның 50 пайызы  - қазақ қыздары) шетелдіктерге тұрмысқа шығуға әуес. Мақала «Қалыңмал саясатын қайта қарасақ қайтеді?» деген тақырыппен беріліп отыр. Тәуелсіздік алғалы бері отанымызға миллионға жуық қандастырымыз көшіп келді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде отандастарымызды жерсіндіру саясаты жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, құп аларлық іс. Өйткені қандастарымыз да тәуелсіздікті нығайтуы тиіс.  «Айқын» газетінің жазуынша, осындай шараның бірі жақында Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында «Ел тағдыры - менің тағдырым» деген атпен өтті. Отандастар қауымдастығының бірінші форумының Зырянда өтуінің мәні бар. Қазір мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың жаңашыл және қамқор басшылығының арқасында Зырянда осындай форум өтті. Ресеймен шекаралас ауданда қандастарды көбейту арқылы демографиялық жағдайды жақсарту стратегиялық саясат екені айтпаса да түсінікті. Расында, қандастарымыздың келуі Қазақстандағы этникалық көші-қон саясатының негізгі ұстанымына айналды. Бұл салада жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Елге келген отандастарымыздың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы еңбек жасындағы адамдар болса, 41 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың үлесін құрайды, ал шамамен 5 пайызы зейнеткерлер екен. Білім деңгейі бойынша 10 пайызынан астамы жоғары білімді, 234 мың адамның арнаулы білімі, 65 пайызының жалпы орта білімі бар. Қазақстанға келген отандастарымыз қазір өмірден өз орнын тауып, қоғамға бейімделіп, елдің тыныс-тіршілігіне толыққанды араласуда. Бұл орайда облыс басшылығының тапсырмасы бойынша Зырян ауданының әкімі Ермак Бидахметұлы көптеген шараларды жүзеге асыруда. Аудандық департаменттің әрбір өкіліне қандастарымыз бөлініп беріліп, олардың өмірге бейімделуіне, тіл білуіне барлық жағдай жасалып жатыр.