Камчаткада туристер мінген тікұшақ апатқа ұшырады

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Камчаткада Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында экипаждың үш мүшесі және 15 жолаушы болған. Апат Петропавловск-Камчатск қаласының солтүстік-батысына қарай 70 шақырымдай жерде, Елизово поселкесіне жақын жерде орын алған. Бұл туралы РБК агенттігі «Ресей авиация» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

«Камчатка әуе желісі» компаниясына қарасты тікұшақ мәскеу уақыты бойынша сағат 3.27-де Авачинское тікұшақ жайынан ұшып шыққан, белгіленген уақытта экипаж бақылау радиобайланысына шықпаған.

Іздестіру және құтқару операциясының барысында тікұшақ қар басып қалған тау етегінен табылды. Алдын-ала деректер бойынша, 9 адам ауруханаға түскен, алты адам әлі қардың астында. Іздеу шаралары жалғасуда.