ОРАЛ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жұртшылық назарын гендерлік мәселеге аудару, әйелдердің іскерлік қасиетін таныту, сонымен қатар олардың интеллектуалдық, шығармашылық, көшбасшылық мүмкіндіктерін дамыту мақсатында «Қанатты әйел-3» атты әйелдер әзірлеген және дайындаған идеялар мен тауарларды сату жәрмеңкесі тамыздың 6-сы күні Оралда өткізілмек.
Маусымның 18-інде осы шараға дайындық барысын пысықтаған жұмыс тобының отырысы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онда жұмыс тобының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің дипломатиялық корпусын, халықаралық ұйымдар өкілдерін гендерлік теңдіктің қазақстандық үлгісін дамыту, еліміздегі 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясының жүзеге асырылу барысынан хабардар етуді де мұрат етіп отырғанын баса айтты. Жәрмеңкеге аталмыш халықаралық ұйымдардың өкілдерімен қатар ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, республикаға танымал адамдар, шығармашылық интеллигенция өкілдері шақырылады.
Жәрмеңке аясында түрлі тақырыптарда дөңгелек үстелдер, тренингтер, шеберлік кластары, бәйгелер, қайырымдылық шаралары өткізіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).