«Қанмен жазылған кітап»: Білекпен біреуді, ақылмен мыңды жығасың

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық. ***

Жаппай ерлік көрсету дегеніміз не? Бұл - күрес, жорық жасау мен соғыс техникасын сәтті пайдалану шеберлігі, солдат пен офицерлердің тәртібі. Сегіз адам сексен адамды ешқашан жеңе алмайды, күштің аты күш емес пе? Бұл жөнінде қазақ мақалы «Білекпен біреуді, ақылмен мыңды жығасың» демей ме? Суворов санмен емес, айла-тәсілмен ғана жеңіске жетуге болатынын айтқан ғой. 8-гвардиялық дивизия немістің алты дивизиясына қарсы соғыстағы жеңіске жұдырықпен емес, солдат пен офицерлердің ақыл-ойымен, ұрыс жүргізу тәсілінің шеберлігімен жетті. Сөзім дәлелді болу үшін Матренино станциясында болған эпизодтан үзінді келтірейін. 16 ноябрь күні сағат он екіден бастап жиырма неміс самолеті шабуыл жасады. Күні бойы кешке дейін дұшпандар артиллериялық дайындық жүргізді. Осы уақытта 235,1 белгіде немістер 2-ротамызды артиллериялық атыс нысанасына алды. Мен Горюнада болатынмын. 17 ноябрьде дұшпан авиациясы тағы да шабуыл жасады. Лейтенант Филимонов немістер шабуыл жасауға жиналып жатқандығын хабарлады. Ал генерал Панфилов жауды жиырмасына дейін тоқтатып тұруға бұйрық берді. Шынында дұшпандар жүз жиырмадан адамымыз бар әр тобымыздың тұрған жерін артиллериялық атыс алаңына айналдырды. Жер қатып қалған, қазып, паналау қиын. Немістер қандай жағдай болса да тораптық пунктті басып алуға бекінді. Байқаймын, жерде де, аспанда да басымдылық дұшпан жақта, әйтсе де оған жиырмасына дейін тойтарыс беруге бұйрық бар. Осындай қантөгіс, қырғын жағдайда жүз жиырма адамның қайсысы аман қалар екен деген суық ой еріксіз сумаңдайды. Мен жиырмасына дейін мына қырғыннан ротадағы бірде-бір адам тірі қала қоймас деген тұжырымға келдім. Әрине, тапсырма орындалмайды. Оны да ішім сезді. Ендеше, басқа 155 Әдеби KZ әрекет керек. Дұшпан қалай ойласа солай ойлауына мүмкіндік беру керек. Оның Матрениноны алғысы келеді ме, ала берсін!Жүз жиырма адам алты жүз дұшпанды жеңді дегенге кім сенер?! Тек осылай дей салсақ, жағасын ұстап, «өтірігің бар болсын, қарағым» деп естіртіп айтушылар көп-ақ болар. Сондықтан әңгімені, уақыт ерік берсе, бастан шертелік. Темір жол мен тас жолдың айқасқан жерін түйінделік. Біреуімен біріне-бірі тіркеліп поезд, біреуімен машиналар, арбалар жүреді. Ресейдің қалың орман, қаптаған шалшық саз, жолсыз жерімен машина, ат арба түгілі салт атты адамның ұзақ жүруі де мүмкін емес. Сол себепті ақыры аттылы-жаяудың күні мимырт қимылға тәуелді. Соғыс кезінде дұшпанның бос жатқан жабайы шалшық орманның ішінде әкесінің ақысы бар ма, керісінше, оған да жол керек. Ал басып аламын деп келе жатқан қыстақ, қалалар да тек сол жол бойында. Қорытып айтқанда, Волоколамск қаласының шығыс жағында егес, тартыс, барлық жағаласып, арпалысып қан төккен соғыстар ылғи жол үшін, жол бойында болды деп айтсақ қателесе қоймаспыз. Жолды бөгеп (әрине, күшпен, қару- құралмен) қолдан шығармай, көлденең түсіп жатсаң, дұшпан үшін айналаға құшақ жайып, жаяу әскерімен, болмаса танкпен өкпе түс бүйректен соғуға жер жағдайсыз-ақ. 41 жылдың ноябрінің 17-ші жаңасы елдің көбінің есінде болар. Жалпы майдан жағдайына тоқтаудың керегі аздықтан, сол күнгі көзбен көрген көп оқиғаның біреуін шала-шарпы болса да айтайын деп тұрмын. Екі жолдың айқасқан жері Матренино станциясын лейтенант Филимонов басқарған 120- атқыштар үш күннен бері қорғап жатыр. Жігіттердің беліне қыстырып жүретін кішкене күректерінің тоңған жерге тісі өтіп, еш болмаса белуардан жер ошақ сықылды шұңқыр окоп та қазып ала алмады. Азанда он бес самолет келіп станцияны бомбылап, атқылап ойран салған. Есімізді жинап алғанша зуылдап ұшып, күрсілдей жарылып, зеңбірек, миномет оқтарының түрлі-түрлісі жауа бастады. Тоқтар емес. Ызыңдап ұшқан шойын жаңқа бас көтертпейді. Күндізгі сағат 12-ге дейін жаудың істеген қылығы - атқылау мен бомбылау болды. Зеңбіректің оғынан пайда болған жер ошақтай шұңқыр жерді паналағанның жаны қалады. Снаряд тап үстінен дәл түспей қасыңа келіп жарылғанда, ауа толқыны жаныша соғып, құлағыңды шың еткізіп, қопарылған топырақпен тірідей көміп, біраз уақыт есіңді есеңгірете шығарып, басып қалғаны болмаса, қан шығарып залал етпейді. Сол себепті сондай атыстың астында әскерлердің бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешіп, жер бауырлап, ой, шұңқыр іздейтіндері қорқақтық емес - тіршілік, аман қалудың, соғыстың бір әдісі, айласы деп тану керек.

- Неміс қояр емес қой. Не көрінеді? - деп сұрадым Филимоновтан. - Иә, қояр емес. Бізді атқылап-атқылап, топырақпен араластырып күлімізді көкке ұшырып, ойы шамамда, тапа өлігіміздің үстіне келмек қой деймін, - деді. - Жау әскері көріне ме? - Орманның шетінде бес-алты жүздейі жиналып жатыр. Мына қоймай атып жатқаны, шабуыл жасап, жаяу әскерін шығынға ұшыратқысы келмегені ғой. - Олай болса, тап соның ойындағыдай-ақ болсын. Соның-ақ тілегі орындалсын. Шығынсыз алам деген станциясын алсын. Ротаңа бет-бетіңмен бытырап, үрейлене, жоғары көпірге қарата қашыңдар деп бұйрық бергін, - деп ем, Филимонов таң қалып: - Не деп тұрсыз, жолдас комбат? - деді. - Солай, жаңылыс есіттім деп тұрсың ба? Менің бұйрығым солай, барғын, - дедім. Жүз жиырма жігіт орындарынан тұра салып, алды-артына қарамай, бет-бетімен тым- тырақай, станцияны тастап зытып берді. - Халт, алт (тоқтат)! - деген дауыс неміс жақтағы орманнан шықты. Демнің арасында зеңбіректер атуын тоқтатты. Немістер орманнан шығып, төрт-төрттен қатар түзеп, лек-легімен (роталарымен) салтанаттанып қыстақ пен станцияға кешікпей-ақ кіріп келді. Біздің жігіттер көпірдің астына жиналды. Ол кезде немістер солдаттарына: - Мына қыстақты, қаланы алсақ, барлық бағалы нәрселер сенікі - талап алуға еріктісің. Барлық сұлу келіншектер, сұлу қыздар сенікі - зорлап, қорлауға еріктісің,- деп айуан мінезді құзғындарын соғысқа салатын еді. «Бес сағат есінен таныта атқылағаннан кейін станцияны қорғап жатқан қызыл әскер қашып кетті, ешқандай қауіп жоқ» деп ойлады білем, сор маңдай жау командирі станцияға ене салысымен-ақ солдаттарын елді тонауға қуып, үй-үйге таратып жіберді. Кейбіреулері тауықты, кейбіреулері шошқаны қуып, ұстай алмай жүр. Ақыры қыстақтың шет-шетіне қарауыл қоюды да ұмытты. Бәрі тап нағашысының үйіне келгендей бейғам. Отыз-қырық минут өткеннен кейін, қызыл тұмсық болып, оңай олжаның қызығына батты-ау деген кезде көпір астындағы жүз жиырма жігітті қырықтан үш топқа бөлдім. Оларға Филимонов, Хабиболла Рахимов, Жалмұхамбет Бозжанов бастық болып тағайындалды. - Ал жігіттер, біз станциядан 200-300 метрдей жерде тұрмыз. Мылтықтарыңды серт ұстап, қыстақтың үш жағынан бір мезгілде жүріп бара жатып атқылап, «ура!» деп дауыстарыңмен барынша айқайлап, шабуыл жасап, тиіңдер. Немістер мына бейғамдығының игілігін жақсылап көріп, сендердің оқ, найзаларыңның дәмін татсын. Барыңдар, жолдарың болсын, тәуекелге бел байладым, - деп жарлық еттім. Күтпеген жерден, жайбарақат талаудың қызығына батып жатқан дұшпанға үш жақтан бірден тарсылдап атылған мылтықтардың, бар пәрменінше уралап айқайлап, жүгіріп қарсы шабуыл жасап келе жатқан жүз жиырма жігіттің ащы дауыстары күннің күркіреуінен, жердің сілкінуінен оңай әсер еткен жоқ. Үрейленбеске шама қанша, немістер үй-үйден дүркірей үркіп шығып, кейбіреулерінің аузындағы асы тамағынан өтпей түйіліп, кейбіреулері талаудан алған заттарды құшақтай, біреулері шалбарының түймелерін асығыста салуға шамасы келмей, қолымен түре ұстап, командирлерінің «һалт» деген ойбайына бой бермей, тіпті пистолетін алып қорқытқанын да елемей, бет-бетімен алды-артына қарамастан, жығыла-сүріне сасып, қыстақтан орманға қарай дегбірсіздене зытқанын керіп, қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздап: - Ия, бабамның аруағы қолдадың ба?! - деппін. Орманның шеті қыстақтан 500-600 метрдей еді. Немістердің оққа ұшқандары қалпақтай ұшып, жалпасынан түсіп, сұлап жатқан жерінде қалып, амандары дедектеп безіп барады. Біздің жігіттер атқылап, қуып жеткенін шанышқылап, соңынан өкшелеп қалар емес... Темір жолдың төмпеш қырына шыға берісте Курбатов дейтін бір орыс жігіті (соғыстан бұрын Алматы қаласында кіре тасып қызмет еткен) еңгезердей бір неміс офицерін қуып жетіп атып, ия шаншып өлтірудің орнына етегінен ұстап тартады. Неміс артына жалт қарап, торғайдай кішкентай Курбатовтың тұлғасын көріп, «тіптен басындыңдар-ау» дегендей өзінше бірнәрсені былдырлап айтып, құсаланып келіп, Курбатовтың жағасынан алып, қылқындыра ұстап, тұмсықтан жұдырықпен періп-періп жіберіп жығып, үстінемініп алып, буындыра бастайды. «Өлді деген осы, менің шынымен-ақ талқаным таусылған екен, қап, бұл итті неге атпадым, неге шаншымадым кезі келіп тұрғанда, мені ажал айдап мұның етегінен ұстатқан болар» деген өкініштермен Курбатов тырп етуге шамасы келмей, өгіздей немістің астында жатыр. «Еш болмаса, әрекет істеп өлейін» деген оймен ышқына жұлқынып, дұшпанның жағасынан ұстап көтеріле бергенде, немістің оң аяғы тайып, екеуі құшақтасып, ылдиға қарай домалайды. Төмен қарай әңгірлеп барады. Бір-бірінен айырылар емес. Күшінің жетпейтініне көзі жеткен Курбатов ортан қолын айырша ұстап, кеңсірікті дәлдеп, немістің екі көзін шұқып шығарады. Неміс «ой» деп Курбатовты босатып, екі қолымен көзін басып қалтаңда, ол оны найзамен шаншып, қалған немістердің соңынан жүгіргендерді қуып кете барады. Қысқарта айтқанда, дұшпанның 300 өлігін санадық. Қалғандары орманға зытып, алды-артына қарамай безіп кетті. Олардың қаншасы жарақаттанғанын, қаншасы сау екенін айта алмаймыз. Төрт станокті пулемет, екі зеңбірек, жеті радио аппараты, 24 қол пулеметі, екі штаб машиналары барлық документтерімен, тағы басқа олжаларға ие болдық. Бұл соғыс - біздің жігіттердің жалпы батырлық, батылдық көрсеткенінің бір үлгісі. Бұл соғыста дұшпанға жем тастап, жемтікке тоя бергенде, аз күшпен желке бүйірлерінен соғып, жеңісін, жегенін желкесінен шығарған тактикалық әдістің сәті түсе қолданылған нәтижесі көрінді. Бұл соғыс - дұшпанның араны ашылған баспашылық мінез-құлқын өзіне таяқ етіп жұмсаған ұрыстың бірі. Бұл соғыс ата-бабамыздың айтып кеткен «білек бірді, ақыл-айла мыңды жеңеді» деген мұра, соғыс дәстүрінің халық тәжірибесінен шыққандығына дәлел. Енді өз батальонымның іс-тәжірибелеріне неге толық тоқталғанымды түсіндіре кетейін. Өйткені мен оны жетік білемін, сондықтан батальон өмірінен мысалдар келтіріп тұрмын. Бұған қарап өзі туралы айтқысы келе береді, яғни өзін өзі сүйеді, жақсы көреді деп ойлап қалмаңыздар. Олай ойлау әділеттікке жатпайды, дивизиямызда менің батальонымдай батальондар аз емес, тіпті жақсылары да бар. Осыны ескерте отырып, сөзімді жалғай түсейін. 231,1 белгіде немістер артиллериялық дайындық жүргізді. Краев менен телефон арқылы: - Не істеу керек? Немістер айналып өтуі мүмкін? - деп сұрады. Мен: «Бұл жерде дұшпандар не істемекші? Жау біздің топты қоршап алып, жойып жібергісі келе ме? Ә, онда дұрыс, жау қалай ойласа, солай-ақ істейік»,- деп шештім. Краевқа: - Өліп қалған болып көрініңдер. Немістер солай ойласын! - деп бұйырдым. Аяқ астынан біз жақтың атысы тоқтады. Немістер де артиллериялық дайындықтарын тыя қойды. Жау колонналары жинақталып, сегіз танкісі бізге жақындап келеді. Миналанған деп ойлап, алдыңғы үш танкінің экипажы - тоғыз адам көпір үстін қарауға шықты. Осы кезде «өлгендер» тіріліп кетіп, «ура!» деп айқайлай түрегеліп, сексен адам төрт жүз адамғақарсы шабуылға шықты. Пулеметші тез арада көпір қарап жүрген экипажды жер жастандырды. Нәтижесінде жүз елу неміс жойылды, бір зеңбірек, бір трактор-тягач, жүз елу снаряд, үш танкі және документпен қоса штабтың машинасы қолға түсті. Осылай қоршауда қалу қаупі кейде сақтандырумен бірге, жеңіспен де аяқталғаны бар... Немістер майдан шебін тағы бұзды. Дубосеково арқылы Ядрово, Омельфиноға өтуге ұмтылды. Гусеновода ұрыс жүргізіп жатыр. 1073-полктің бірінші батальонында Ядрово, Покровское, Матренино, Дубосеково жақтан дұшпандар шабуыл жасауда. 1941 жылдың 17 ноябрі күнгі кешінде менің командалық пунктіме 1073-атқыштар полкінің командирі Елин, полковник Капров, майор шеніндегі танкіге қарсы соғысатын полк командирінің біреуі келді. Бұл күні мен қолға түскен документтерді - төрт қапшық қағаздарды штабқа жібердім. Бір айта кететін жай, порнографиялық суреттерді өздерімен бірге алып жүру - немістердің әдетіне айналып кеткен. Себебі ол суреттердің неміс армиясын тәрбиелеуде өзіндік сыры, мәні бар. Соны немістер жасыру орнына, мемлекеттік насихат құралы ретінде жұртқа жария етеді. Генерал Панфилов түнгі сағат он екіде мені телефонға шақырып, жағдайды баяндауымды талап етті. Жағдайды баяндадым. Осы сәтте командалық пунктімде полковник Капров пен Елиннің де бар екенін мәлімдедім. Панфилов маған: - Барлық топ үшін басшылық етуді қабылдаңыз! - деп бұйырды. Мен пунктте полковник бар екенін тағы да түсіндіруге тырыстым, бірақ генерал «сіз қабылдаңыз» деді. Менің қобалжып тұрғанымды көрген Бозжанов: - Ақсақал, өзіңіз басқарыңыз, бізді ешкімге тапсырмаңыз, - десе бола ма? Оның мына сөзінен кейін күдігім, қобалжығаным сейілді. Мен командалық пунктіме келдім де «генерал Панфилов басшылық етуді қабылдауға бұйрық берді» дедім. Сөйтіп мен алты сағат мерзімге топтардың командирі болдым. Осы жағдай кезінде маған полковник Капровтың тәртібі, саналылығы, ұстамдылығы керемет ұнады, ол генерал Панфиловтың бұйрығын бұлжытпай орындады. Шенінің, жасының үлкендігіне қарамай маған қалтқысыз бағынуы - оның айрықша қасиетін танытса керек... Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды. Жалғасы бар